Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында «Астана Опера» МОБТ-да өткен опера өнерінің ХХV халықаралық байқауы осы жылдың жарқын мәдени оқиғаларының бірі деуге толық негіз бар.
Жыл сайын «Опералияға» қатысу үшін жүздеген үміткерден өтінім түседі, олардың ішінен тек таңдаулы 40 әнші ғана халықаралық қазылар алқасы алдында өнер көрсету мүмкіндігін иеленеді. Бір айта кетерлігі, вокалдық жарыс әлемнің түрлі қалаларында өткізіліп келеді. Осы жылы 17 елден қатысушы әртістер Астанаға ат басын бұрды. Пласидо Домингоның дауыс беруге қатыспайтыны белгілі, алайда, соған қарамастан опера майталманы барлық байқау кезеңінде әншілерге қолдан келгенше көмегін аямай, олардың шығармашылығы мен өнеріне қатысты ақыл-кеңесін беріп отыруда еш жалыққан жоқ.
Осы орайда айта кететін жайт, ең жас вокалшының Пласидо Домингоның Лос-Анджелес (АҚШ) пен Валенсияда (Испания) ашқан жастар бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Бірақ мұндай бақытқа кім ие болатынын Домингоның өзі емес, байқаудың ұйымдастыру комитеті шешеді.
Дәстүр бойынша байқаудың ақтық кезеңінің ресми ашылуынан кейін П.Доминго «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижерлік пультіне жайғасты. Егер алдыңғы кезеңдерде қатысушылардың қазылар алдында 2 туынды орындау мүмкіндігі болса, шешуші сайыста 14 қатысушы бір опералық ариядан әзірлеген еді.
Сарсуэланы үздік орындағаны үшін 5 қатысушы-үміткер опереттаға жақын болып келетін испан музыкалық-сахналық жанрынан бір ариядан орындады. Нәтижесінде Пласидо Домингоның анасы, Пепита Эмбил де Доминго сыйлығы және 10 мың доллар Адела Захариаға (сопрано, Румыния) бұйырды, ал маэстро Домингоның әкесі, үлкен-Пласидо Доминго сыйлығы мен 10 мың долларды Марко Чапони (тенор, Италия) алды.
Рихард Вагнер мен Рихард Штраус операларынан репертуарды үздік орындағаны үшін атақты швед әншісі Биргит Нильсон атындағы қосымша жүлде мен 15 мың доллар көлеміндегі ақшалай қаражат Оксана Секерина (сопрано, Ресей) мен Борис Приглге (бас-баритон, Чехия) бұйырды.
Опера ариялары мен сарсуэла шырқалғаннан кейін, барлық қатысушылар Пласидо Доминго сүйемелдеуіндегі «Астана Опера» оркестрімен маэстроның ұлы, кіші-Пласидо Доминго жазған «Опералияның» ресми әнұранын орындады.
Финалдық кезең аяқталған соң, қазылар алқасы ғана емес, сондай-ақ, көрермендер де сүйікті қатысушысына дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Алдын ала берілген қызыл және көк түсті карточкаларды байқауға қатысушылардың суреттері бекітілген арнайы қораптарға тастады. «Роликс» компаниясының өкілі роликс қол сағаты түріндегі «Көрермен көзайымы» жүлдесін Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан) пен Леон Кимге (баритон, Корея Республикасы) табыс етті.
Биыл Астанада өткен байқауда маэстро Пласидо Доминго ақтық сайысқа жеткен, бірақ негізгі ақшалай қаражатқа қол жеткізе алмаған əрбір қатысушыны 5000 доллар көлеміндегі ынталандыру сыйлығымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Ынталандыру сыйлығына Руперт Энтикнап (контртенор, Ұлыбритания), Су Ён Пак (сопрано, Корея), Влада Боровко (сопрано, Ресей), Эммет О’Хэнлон (баритон, АҚШ), Руслана Коваль (сопрано, Украина), Дамиана Мицци (сопрано, Италия) ие болды.
– Көптеген әншілер биік белестерді бағындырып үлгерген болуы мүмкін, бірақ «Опералия» болмағанда олар туралы біз осыншама мол мағлұматқа қанығар ма едік? Міне, бұл «Опералияның» негізгі міндеті – әлемге жаңа әртістерді таныту, олардың есімін барынша паш ету, – деп атап өтті маэстро Доминго.
«Опералияға» КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол әнші, музыкант, дирижер Пласидо Домингоның әлемдік деңгейдегі ерекше дарынды тұлға екенін атап өтті.
– «Опералия» байқауының Қазақстанда, елордамызда өткені біз үшін үлкен құрмет әрі орасан зор мақтаныш, – деді өз сөзінде Б.Төлегенова.
Қаршыға КҮЛЕН