Осымен екінші мәрте Барқытбелдің баурайында шымылдығы түріліп отырған халықаралық айтыстың ашылу салтанатында сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев дүлдүл ақындардың басын қосқан сөз сайысының Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылғанын, бұл шараны осы өңірдің тумалары Тастекеевтер әулетінің қаржыландырғанын атап өтті. Әдеттегідей Жүрсін Ерман тізгінін ұстаған, белгілі қаламгер Еркін Жаппасұлы, ғалым Нәдірбек Әпсәлемұлы, айтыскерлер Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, тележүргізуші Берік Уәли қазылық еткен жыр додасында айтыскерлер туған жер, өскен ел, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтау, өткенімізді ұмытпау сынды өзекті тақырыптарды жан-жақты қаузап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Аламан айтысты шырайлы Шымкенттен келген Қалижан Білдәшев пен алматылық Шұғайып Сезімхан бастады. Екінші жұп болып сахнаға Жайықтың қызы Жансая Мусина мен Өкпетінің өрені Рүстем Қайыртайұлы шыққанда бес мың көрермен орнынан тұрып қол соқты. Қос ақын да жанкүйер күткен сенім үдесінен шығып, қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсете білді. Түс ауа сахна төріне Алаштың азулы ақыны Ринат Зайытов пен соңғы жылдары айтыста жүлде бермей, жүйріктігімен танылып жүрген Керекудің дүлдүлі Аспанбек Шұғатаев шығып, бүгінгі қоғам, заман жайындағы ойларын ортаға салды. Ұзын саны 12 ақын қатысқан өнер бәсекесінде Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлы бабында екенін байқатып, бас жүлдені (2 млн теңге) қанжығаға байлады. Бірінші орынды Ринат Зайытов (1 млн теңге), екінші орынды Жансая Мусина (750 000 теңге), үшінші орынды Қытайдан келген қандасымыз Жарқынбек Бердібекұлы (500 000 теңге) еншіледі. Мұхтар Ниязов және Аспанбек Шұғатаев 300 000 теңгенің арнайы сыйлығына ие болды.
Шара соңында төл өнеріміздің жанашыры Жүрсін Ерманмен тілдескенімізде, соңғы жылдары айтысты Алматы мен Астанада ғана емес, шалғай ауылдарда жиі өткізіп жүргендіктерін, бұл Елбасының тапсырмасы екендігін айтты. «Биылғы Ақсуаттағы айтыс былтырғыдан өзгеше болды. Айтыстың демеушісі Дулат Тастекеев бауырымыздың айтуынша, бұл айтыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл шеттен екі ақын қосылды және жыл сайын қиырда жүрген талантты ақындарды осындай додаларға шақыратын боламыз. Ерекшелік деп отырғаным, демеушіміз жыл сайын «Көрермен көзайымы» деген арнайы стипендия тағайындап және сол ақын келер жылға дейін ай сайын 200 мың теңге тұрақты стипендия алып отыратын болады. Бұл, ең алдымен, төл өнерімізге деген үлкен құрмет болса, өзге өңірлерге үлгі боларлық жайт», дейді Ж.Ерман.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы