Ұлттық өміріміздің осындай шешуші кезеңінде жалпы тарихи тағдырымыз бен рухани тамырымызды салыстыра отырып талдап, ең қиын кезеңді тақырып ретінде ала отырып, шынайы мағынасында тарихи көркем ойлау деңгейінде барынша терең талдаған зерттеу әфсаналар бар. Соның алғашқыларының бірі және бірегейі – шығармашылық мұратына тарихты тәмсіл еткен ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» трилогиясы. Мұнда қоғамтану ғылымының барлығына: мемлекеттануға, саясаттануға, құқықтануға, тарихтануға, психологияға, философияға, әдебиеттануға, тілтануға, мәдениеттануға, дінтануға қатысты барлық мәнді мәселелердің өзекті түйткілдері мен түйіндері ғылыми нысана ретінде қойылып, көркем ой саралау тәсілімен тартымды сараланған. Оған қазақ қоғамының барлық қыртысындағы мүшелерінің осы «Ұраным – Алаш!..» туралы татымды да тартымды пікірлер білдіруі дәлел.
Жалпы алғанда, ғалым мен жазушының бейнеті мен зейнеті үнемі қабыса бермейді. Кейде бейнеттеніп атқарған ісінің сапасы да көңілден шықпай, еңбегі еш кетуі мүмкін. Біз оны тарихи ойлау жүйесі мен көркемдік талап деңгейі деп атап жүрміз ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық жолы – бейнет пен зейнеттің жолы. Қазіргі алпыстың ішін алқымдағандардың ішіндегі еңбекқоры да және қаламының қуаты таймағаны да осы Тұрсын. «Ұраным – Алаш!..» сияқты жанрлық тұлғасы мен мазмұны мәнді деректі туынды қазақ әдебиеттануы мен тарихтануында кездеспейтінін ашып айтқым келеді. Мұны бұл монографиялық әфсанамен таныс әр зиялы оқырман асылық айтты демейтініне күмәнданбаймын. Алаш ардагерлерінің қияметқайыммен тең көрген азабына арналған «Ұраным – Алаштан!..» асқан әфсана әзірше жоқ. Мүмкін, түптің-түбінде дүниеге келуі мүмкін. Оған уақыт пен бейнет іздеген Тұрсын сияқты әрі ғалым, әрі жазушы керек.
Тұрсын ысылған ғалым-жазушы ретінде бұл әфсанасында гуманитарлық ғылым саласында қолданыста бар әдіс-тәсілдердің барлығын дамыта пайдаланып: мәселені қою, ойды дамыту, пікір қорыту, деректерді салыстыра отырып, оқиғаның мәнін ашу мақсатында баяндау үрдісін бірде жеделдетіп, бірде созып, бірде ойды үзіп тастап отырған. Ғылыми тезідегі әдеби тәжірибелер сол құпия құжаттағы әрбір пікірге оқырманның назарын аудару үшін, ойлана оқып, ұлтымызды жегідей жеген жегінің астарын кешегімен, бүгінмен, ертеңмен салыстыра қабылдауға мүмкіндік беру орайында қолданылған.
Бұл құжаттарда тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан, тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың неше түрлi амалдары қарастырылған, зорлап қойылған қолдардың табы бар, ең ақырында олардың көзiн жойып жiберген үкімдер сақталған. Олардың соңдарында тергеушiлердiң айбақ-сайбақ шимайы мен тұлғалардың соңғы демi сiңген жауаптары қалды. Бұл мәлiметтер – адамның, жеке тұлғаның қилы-қилы жағдайдағы жан дүниесiн, ақыл-амалын, мiнезiн ашып беретiн «ант мезгіліндегі» деректер. Х.Болғамбаевтың түрме тергеушісіне: «Қысым көрсетуге келгенде сендердің Германиядағы фашистік тергеушілерден еш айырмашылықтарың жоқ», – деп жауап беруінің өзі Алаш қайраткерлерінің өр рухының түрме тылсымында да жасымағандығын көрсетеді.
Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды. Осы жазалау жылдарының iшiнде олардың біразының шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Олардың әйелдерi мен балаларының дені азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады. Кейбір әулеттер орыстанып, татарланып, өзбектеніп, шеркештеніп кетті. Ең үлкен қиянат та осы. Айтуға да, жазуға да, мойындауға да ауыр ащы шындық. Әр тараудың соңына олардың ұрпақтары туралы деректерді қысқаша баяндап өтеді.
Үш томдық «Ұраным – Алаш!..» атты еңбектің жалпы сипаттамасында көрсетілген мазмұндық құрылымына жүгінсек, бұл тарихи үштаған, өзінің атынан-ақ көрініп тұрғанындай, ұлтымыздың рухани өмірінен ерекше орын алатын, ұзақ жылдар бойы халқымыздың арманды бейнесіне айналған Алаш ардагерлерінің жанкешті тағдырына арналған. Бұл Тұрсын Жұртбайдың өмірлік тақырыбының бірі әрі отыз жыл бойы талықпай, жалықпай жинаған деректерінің негізінде өмірге келген, жазылуының өзі он жылға созылған қияметті еңбегі. Сонау сексенінші жылдардың қиын кезеңінде Қауіпсіздік комитетінің архивінде тәуекелді күй кешіп, саусағына мүйіз біткенше көшірген, көз майын тауысқан тақырыбы. Алаш ардагерлерінің 1927-1930 жылдардағы, одан кейін 1937-1938 жылдардағы жазықсыз түрмеге жабылып, алды атылып, арты ит жеккенге айдалған, онда да ажал тырнағынан құтылмай, ақыры қаза тапқан құрбандарымыздың тағдыры, олардың түрмедегі тергеулері мен тергеушілердің, жалпы кеңестік жазалау саясатының қысымына ұшыраған қиналыстары мен армандары, Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы көрген азапты қияметі барынша шынайы әрі дәл деректермен, түрмедегі жауаптары мен хаттары арқылы нақты көрсетілген.
«Жегі» атты бірінші кітаптың «Жегілер жүйесі» атты бірінші бөлімінде («Ел жегісі», «Ер жегісі», «Жер жегісі», «Жан жегісі», «Жүйке жегісі» деген тарауларының аттары аңғартып тұрғанындай) жалпы отарлық жүйенің жазалау саясатының басты қылмыстық ұстанымдары – елді бодандас-тыру, тұлғаларды қудалау, жерді аннекциялау, азаматтық құқықтан айыру, тіл мен ділді, дінді жою, түрме қысымдары жеке-жеке талданып, нақты деректер арқылы олардың қылмыстық әрекеттері әшкереленеді. Кеңестік идеялогиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцидтік) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі басшылары мен мүшелерінің (жиыны 71 адам) үстінен жүргізілген тергеу істерінің барысы талдана келіп, автор осы бөлімде Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын жасайды.
Ал «Жегі» атты екінші бөлімінде жеке-жеке тұлғалардың (мысалы: «Кәрі көсем» тарауында – Ә.Бөкейхановтың, «Бәйбіше-Тоқал трагедиясында» –Халел Ғаббасовтың, «Дала қашқыны» тарауында» – Дінмұхамед Әділевтің, «Сөз де ақ, өзі де ақ» тарауында – Міржақып Дулатовтың, «Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов» тарауында – Ахмет Байтұрсыновтың) тергеу барысындағы жауаптары, көрсетілген қысымдар, оған берілген жауаптың шындыққа жанасымы, түрме психологиясы, қысым барысында олардың өзін-өзі ұстауы, шығарылған үкімнің «қылмысқа жанасымы» өмірлік деректермен салыстырыла отырып талданады.
«Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабында – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің ірі қайраткерлері М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Болғамбаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, Ж.Күдерин, А.Байтасов, М.Тұрғанбаев, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин, Ә.Байділдин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар – тергеу деректерімен, сондай-ақ, тінту кезінде тәркіленген хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып баяндалады. «Талқы» атты үшінші кітап «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 қайраткерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу істерінің негізінде жазылған «Жегі», «Тез» бөлімдерінің заңды жалғасы және қорытынды әфсанасы болып табылады. «Талқыда» – жазушы-ғалым Мұхтар Әуезовтің қырық жылға созылған қудаланды (1917-1961ж.ж.) өмірі мен шығармашылық тағдыры, тұлғалар талқысы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі «аса құпия құжаттармен», сирек деректермен, өзара жазысқан хаттармен жарыстырыла талданып, кеңестік жазалау жүйесінің рухани тәуелділікке жүгіндіру мақсатында жүргізілген идеологиялық қысым саясатын жүйелі түрде талдайды. Міне, «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасының аталып көрсетілген жалпы мазмұндық және құрылымдық сипаттамасынан-ақ бұл зерттеу еңбегінің тарихи-көркем тұжырымдарға негізделген, дәл қазіргі күндері мемлекетіміздің алдына қойылып отырған «рухани жаңғыру» бағытының тамырларын ашып көрсеткенін аңғаруға болады. Мұндай, бір адамның өміріне өзек тартқан, тақырыбы ауқымды, мазмұны терең, көлемді де пайымды еңбек қоғамдық ғылым саласында жылда дүниеге келе бермейді. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасы Мемлекеттік сыйлыққа толық лайық ғылыми еңбек деп бағалаймын. Бұл – қазақ қоғамындағы аса маңызды орны бар Алаш қозғалысының тарих сахнасына шығуына 100 жыл толуына орай көрсетілген орынды құрметіміздің бірі болып табылар еді.
Серік ҚИРАБАЕВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор