Солтүстік Кореяның қитұрқы әрекеті туралы ақпаратты ең әуелі Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суга хабарлаған болатын. «Бұл ұшақтар мен кемелердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін өте зиянды әрекет және БҰҰ қауіпсіздік қарарын өрескел бұзу. Біз Солтүстік Корея тарапынан жасалған мұндай бассыздыққа жол бере алмаймыз» – деді Ёсихидэ Суга өз мәлімдемесінде.
«РИА Новости» сайтының деректеріне сүйенсек, Ресей Қорғаныс министрлігі Корей түбегінен ұшырылған зымыранның бағытын бақылаған. Бұл жолғы баллистикалық ракета 681 метр биікке көтеріліп, 732 километр ұшып өтіп, Жапония теңізіне құлады. КХДР-дің бұл қадамы көрші мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызды. Өйткені, құрлықаралық баллистикалық зымыранды сәтті сынақтан өткізу – дөңгеленген дүниенің кез келген нүктесін бомбалауға Солтүстік Корея оқтұмсықтарының мүмкіндігі бар деген сөз.
CNN таратқан ақпарат бойынша, Солтүстік Корея басшысы бүкіл АҚШ территориясы нысанада тұрғанын айтып дөң айбат көрсеткен. «Қару-жарақ маманының айтуынша, баллистикалық зымыран көлбеу траекторияда ұшырылса, АҚШ-тың маңызды әрі үлкен қалаларына қауіп төндіреді. Лос-Анджелес, Денвер және Чикаго нысанаға іліккен, тіпті оқтұмсықтар Нью-Йорк пен Бостонға да жетуі мүмкін. Ғылымдар ұйымы маманы Дэвид Райттың пікірінше, баллистикалық зымыран қаншалықты ауыр оқтұмсықты көтере алатынын нақты айту әзірге қиын. Оқтұмсық ауырлаған сайын ұшу қашықтығы азаяды. Егер Солтүстік Кореяның мәлімдегені рас болса, Пхеньянның баллистикалық бағдарламасының қарымы ойлағаннан асып түседі», – деп хабарлайды CNN арнасы.
Бүгінде әлем басшылары Солтүстік Кореяның әрекетін айыптап, оған қарсы әрекет етуге шақырып отыр. Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Корея түбегіндегі ядролық мәселені шешу мақсатында АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірлесе, әріптестік таныта отырып шешім қабылдайтынымызға сенімдімін. Біз осыған қатысты Вашингтонмен екіжақты байланысымызды жалғастыра береміз. Себебі, бұл өте маңызды мәселе», деді Сергей Рябков ABC арнасына берген сұхбатында.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өз кезегінде Солтүстік Кореяға қатысты мәселеде Қытайдың қол қусырып отырғанын тағы айтқан. BBC агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Ақ үй басшысы твиттердегі парақшасына Қытайдан көңілі қалғанын жазыпты. «Қытай үкіметі кеңесшісі Виктор Гаоның айтуынша, Трамптың пікірінің пайдасы жоқ, сондай-ақ, АҚШ «ерке бала» секілді әрекет етіп отыр. Солтүстік Кореямен шектесіп жатқан әрі сол елдің ең үлкен экономикалық әріптесі Қытай бұған дейін де КХДР-мен байланысын үзуге шақырылған болатын», дейді BBC. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Халей де Қытайды белсенді әрекет етуге шақырды.
Дегенмен, КХДР-дің қадамын Қытай да құптаған жоқ. Сенбі күні таратқан мәлімдемеде олар Пхеньянды Корея түбегіндегі жағдайды ушықтырмауға шақырды. «Солтүстік Кореяның баллистикалық технология қолданып, зымыран ұшыруына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің нақты ережелері бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі резолюциясын бұзатын және халықаралық қоғамдастыққа бағынбайтын Солтүстік Кореяның әрекетін Қытай тарапы құптамайды» – деп хабарлады Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Гэн Шуан.
Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізгеннен кейін іле-шала Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлесе баллистикалық оқу-жаттығу жиындарын өткізді. «РИА Новости» таратқан мәліметке сүйенсек, аталған шара КХДР-дің әрекетіне жауап ретінде жасалған. Оқу-жаттығу жиынында Оңтүстік Корея қарулы күштерінің «Хенму-2» зымыраны мен АҚШ армиясының «жерден жерге» баллистикалық зымыраны қолданылған. Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі де Солтүстік Кореяға өздерінің қаражаяу еместігін көрсетіп, екі В-1 бомбалағыш ұшағын Корея түбегіне жіберді. Бұдан бөлек АҚШ тарапы баллистикалық зымыранға қарсы қорғаныс сынағын жасағанын хабарлады. CNN арнасының хабарлауынша, THAAD деп аталатын қорғаныс жүйесі әзірге құрлықаралық баллистикалық зымыранды жойып жіберуге қабілетсіз. Алайда, аталған қорғаныс жүйесі орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарға қарсы тиімді қолданылады.
The Guardian газеті КХДР-дің кезекті мәрте баллистикалық ракета ұшыруы Ақ үй басшысы Дональд Трамптың сынға түсетін кезі келгенін көрсетеді деп есептейді. Аталған басылым таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқтұмсықтар Нью-Йоркке дейін жетуі ықтимал: «Солтүстік Корея ақпарат агенттігі баллистикалық зымыранның ұшырылуы АҚШ-қа «қатаң ескерту» деп жазады. Онда құрлықаралық баллистикалық зымыран 47 минут 12 секунд бойы ұшып, 998 шақырымды басып өтіп, 3724,9 метр биіктікке көтерілген делінген. Ақпарат агенттігінің айтуынша, Ким Чен Ын осы әрекеті арқылы соғыс қаупі мен күшейтілген санкцияны желеулетіп «барабанын ұрғылап, байбалам салған» АҚШ-қа жасалған «қатаң ескерту» екенін білдіреді».
Ал Солтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары баллистикалық зымыранды сәтті сынақтан өткізу елдің әлеуетін көрсететінін жазады. «Хвасон-14» құрлықаралық баллистикалық зымыранды екінші мәрте сәтті сынақтан өткізу біздің партия мен халықтың революциялық сенімінің ерекше көрсетілімі болды. Сондай-ақ, америкалық империалистер тізерлеп келіп кешірім сұрап, халқымыздың зиян шегуіне себеп болған Кореяға қатысты жаулық әрекеті мен саясатын тоқтатпайынша соққы беруге әзір», – делінген «Нодон синмун» газеті таратқан ақпаратта. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізуін Қазақстан тарапы да қатаң айыптайтынын мәлімдеді. «Мұндай әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын өрескел бұзып, әлемге қауіп төндіріп, шығыс Азия мен ғаламдық деңгейдегі жағдайды күрделендіреді. КХДР-дың жауапсыз саясаты ядролық қаруды таратпауға арналған жаһандық үрдіске кері әсерін тигізеді. КХДР-ді өз халқы мен бүкіл адамзат игілігі үшін ядролық қарудан бас тартуға шақырамыз», – делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Қазақстан тарапы дөңгеленген дүниенің тыныштығы мен ынтымақтастығына қауіп төндіретін мұндай қадамды ешқашан құптаған емес. Тіпті, еліміз ядролық қару қолданудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мемлекет. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан аймағы ядролық бомбалар сыналатын қауіпті аймаққа айналған-ды. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан ядролық арсеналы бойынша әлемде төртінші орында тұрған болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев нағыз бейбіт ел екенімізді әлемге паш етіп, ядролық қарудан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл – Елбасының көреген саясатын айғақтайды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»