• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Тамыз, 2017

Гамбия ынтымақтастыққа мүдделі

193 рет
көрсетілді

Гамбия Республикасы тың технологиялар мен жаһандық «жасыл экономиканы» жан-жақты игеруге мүдделі. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ұй­ым­дастырылған мемлекеттің ұлттық күнінде мәртебелі меймандар төл мә­де­ниетімен қатар байлықтарын да барынша көрсетуге тырысты. Африка құр­лы­ғында орналасқан елдің «болашақ энергиясына» деген қызығушылығы зор. Ғалымдары мен мамандары жаһан көшінен қалмау үшін қазақ жеріндегі шарапаты мол шараға ерекше ықылас танытыпты.

Салтанатты жиынның ресми бөлімінде Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова сөз сөйлеп, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге Астананың үміткерлігін қолдағаны үшін Гамбияға ризашылығын білдірді. «Қазақ елі ТМД мен Орталық Азия мемлекеттері арасында дүниежүзілік ауқымдағы осындай маңызды іс-шараны бірінші болып өткізіп отыр. Осы көрмеде «Болашақ энергиясына» арналған әлемнің үздік ғылыми және инженерлік жетістіктері қойылған», – деді ол.

Вице-министр екі елді ислам ынты­мақ­тас­тығы аясындағы достық қарым-қатынас бай­ланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, та­мыз айында көрме алаңында ғылым мен тех­нологияны дамытуға бағытталған бірінші сам­мит өтпек. Болашақта ЭКСПО құрылысы нақ­ты жобалар түрінде жаңа атауға ие бола­ды. Гамбияның сауда өнеркәсіп, аймақтық бірігу және жұмыспен қамту министрі доктор Айсату Туэль Қазақстанға қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, болашақтағы нәтижелі ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді. «Біздің республикамыздан келген ресми делегация мен өнер қайраткерлеріне көрсетілген қонақжайлылықты жоғары ба­ға­лаймыз. Мен сіздерге жоғары мәртебелі Гамбия президенті Адам Барроудың сәлемін жеткіземін. Бізге мұнда өз үйіміздегідей қамқорлық жасалуда. Бұл сыйластықтарыңыз біздің жүрегімізде мәңгі ізін қалдырады», деген шетелдік министр қазақстандықтарға сауда және инвестициялық ұсыныстарын таныстыруға әзір екенін жеткізді. Жаңа Гамбия энергетика бойынша «жол картасын» аяқ­таған екен. Ал ол инвесторларды жылы жаға­жайға тартуға септесетін көрінеді. 

«Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне күллі әлем көз тігуде. Себебі, дәл осында баламалы қуат көздеріне қа­тысты озық технологиялар ұсынылып, көп­тің көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу­ға болады. Біз Қазақстанмен әрі қарай да байланысымызды бекемдеп, көрмедегі бірегей бастамаларды ел игілігіне қолдануды көздейміз», деп түйіндеді сөзін Айсату Туэль. Ресми бөлімнен кейін ұлттық сахнада Гамбиядан келген әртістер өнер көрсетті. Әсіресе, «Поло Джубу Бэнг» тобының ән-жыры қонақтарды тәнті етті.

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"