• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Тамыз, 2017

«Искорканың» үміті қайта тұтанды

149 рет
көрсетілді

Балалардың балғын шақтарын бақытты өткізуге арналған тағы бір орын жақында Ақмола облысы Зеренді ауданында ашылады деп күтілуде. Зеренді көлінің жағасында орын тепкен «Искорка» сауықтыру орталығы өңір басшысының пәр­менімен және облыстық бюджет қаржысы есебінен күрделі жөн­деуден өтетін болады. 

Көптен бері пайдаланылмай келе жатқан сауықтыру орта­лы­ғы­ның  іргетасы 1975 жылы қа­ла­­нып­ты. Бір кездері балалар улап-­шулап жататын лагерьдің қа­­зір­гі көрінісі ұсқынсыздау, әбден тозғаны көрініп тұр. Бірақ күзетші қойылғандықтан бұндағы ғимараттар бұзылмаған, сол қал­пын­да. Өзен жағасында тұрған екі қабатты негізгі ғимараттың сырты жұлым-жұлымы шыққанымен, қабырғаларына ешқандай зақым келмепті. Бұл корпустың жалпы аумағы 496 шаршы метр болса, ол авто­номды жылу жүйесімен жы­лы­тылады. Енді осы негізгі кор­­­пус, тех­­ни­ка­лық паспорттары жоқ 8 қо­салқы ғимарат және күн­нен қақпалайтын орындар мен ше­­шінетін жерлері бар орталық күр­делі жөндеуден өтеді. Аталған нысанға техникалық паспорт бар және абаттандыруды қоса алғанда сметалық құжат пен  мемлекеттік сараптама әзірлеу үшін 11,2 млн теңге де бөлініп отыр. 

Орталық күрделі жөндеу көрген соң 70 баланы емін-еркін қабылдай алады. Сонымен қатар қосымша ғимараттарда тағы 30-40 баланы де­мал­дыруға болады екен. Аталған демалыс орнын жылдың барлық мезгілінде жұмыс істейтіндей жағдайда ұстауға мүмкіндік бар дейді осы іске жауапты адамдар. Тіпті орталық аумағында жаңа ғимараттар салуға да жер жететін көрінеді. Зеренді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жангел Уаисов балалардың барынша жақ­сы демалулары үшін жаяу жүру жә­не өзенде жүзу жағдайларының бар­лығы жасалатынын алға тартты. Әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына тегін демалатындай жеңілдіктер де қарастырылуы мүмкін көрінеді. Сонымен бірге мемлекет қарауында болатын аталған орталықта демалу бағасы жеке лагерьде демалудан артық болмайтындығына сендірген шенеунік ауданда осындай сауықтыру орны жоқтығын алға тартты. 

Жалпы, ауданда «Сұңқар», Мә­лік Ғабдуллин атындағы жә­не «Па­рус» деп аталатын жеке мен­­шік­­тегі үш лагерь жұмыс іс­тей­­ді. Қазіргі кезде сол Мәлік Ғаб­дуллин атын­дағы лагерьде 100-ге тарта ба­ла өз жазғы демалыстарын өткі­зіп­ті. Егер «Искорка» жаңа атауымен және өзгеше қызмет көрсету са­пасымен қатарға қосылатын болса, онда айналасындағы өзге де лагерьлер өз қызмет сапаларын барынша жақсартуға ұмтылатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да жаңа демалыс орнының қатарға қосылуы оңды өзгерістер әкеледі деген үміт те жоқ емес.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы