• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Тамыз, 2017

Баянауыл бренд бола ма?

559 рет
көрсетілді

Баянауыл – Қазақстандағы көрікті өлке. Табиғаты да, тарихы да ерекше. Көрген адам таңдай қағып, тамсанып жатады. Өкінішке қарай, шетелдіктер Баянауылды көп біле бермейді. Егер бұл өлке­ге жолы түскен болса, бірнеше мәрте қайта айналып келетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, Баянауылдың саяхатшылар үшін де, демалушылар үшін де орны бөлек.

Туризм үшін сұранып тұрған, нағыз табыс көзіне айналатын Баянауылдың енді бағы жанатын түрі бар. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың да түпкі мақсат-мүддесі осы.

– Осындай тамаша табиғат, баға жетпес тарихи құндылықтар бізге мұра болып қалды. Оны көздің қарашығындай сақтау өз алдына, Баянауыл туристер қысы-жазы үзілмейтін орынға айналуы тиіс. Бұл – қолдан келетін жұмыс. Туристер таза ауамен тыныстап, өзен-көлге түсіп, тау-тасқа саяхаттаумен бірге өлкенің бай тарихы мен мәдениетіне де қанығуы тиіс. Сол кезде Баянауыл нағыз брендке айналады, – дейді облыс басшысы.

Осы мақсатқа жету жолында қазір нақты жұмыстар жүзеге асты. Бірінші кезекте Баянауылда абаттандыру мен көгалдандыру, қоршаған ортаны тәртіпке келтіру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, айнала сырт көзге қораш бол­мағаны жөн. Әсіресе, Баянауылдағы та­рихи және археологиялық орындар рет­ке келтіріліп, аяқжол төселіп, үш тіл­де ақпараттық-көрсеткіш тақталар ор­натылды. Жаңадан туристік маршруттар ашылды. Бұл бағыттар бойын­ша саяхатшылардың атпен немесе жаяу жүруіне болады. Саяхат кезінде туристер ел мен жердің тарихы, осы өлкеден шыққан даңқты адамдар жайлы, археологиялық ескерткіштер туралы ақпаратқа жан-жақты ерекше қанығады.

Баянауылда туристерді орналастыратын демалыс орындары жеткілікті. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асы­­ру мақсатында құрылған комиссия да ұсақ-түйек саналатын мәселелердің өзін назардан тыс қалдырмауға тырысып отыр. Қонақтар үшін барлығы да жанға жайлы болуы керек. Баянауылға келген қонақтардың көбі Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлының басына барып, тәу етуді қош көреді. Онда алыс-жа­қыннан келген адамдар дамылдайтын қолайлы орын жоқ болатын. Өйткені, жер шалғай әрі жолсоқты болған кісілер үшін бір мезгіл тынығатын орынның қажеттігі біраз­дан бері айтылып келе жат­қан еді. Бұл мәселе де шешілді. М.Көпей­ұлының кесе­несінің қасында қо­нақ үй кешені ашылды. Енді бұл да туристер көп баратын орынға айналады деген үміт бар.

Жасыбай орман шаруашылығының аумағында 60-тан астам археологиялық ескерт­кіш орнатылған. Оның әрқайсы­сы­ның тарихы бар. Осының бәрі турис­тер­ді қызықтыратыны анық.

Қазір ЭКСПО-2017 халықаралық көр­­месіне жер шарының түкпір-түкпі­рі­нен келіп жатқан туристер көп. Олар­­­дың біраз бөлігі Баянауылға да ат басын бұрады деген жоспар бар. Өйткені, «Астана – ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ниясы» акционерлік қоғамы мен Пав­ло­дар облысының әкімдігі жасасқан меморандумға сәйкес «Павлодар – Ер­тіс­тегі қала», «Баянауыл аңыздары-1» (бір күнге), «Баянауыл аңыздары-2» (екі күнге), «Шалдай қарағай орманына сая­хат» (Шарбақты ауданы), «Павлодар Ертіс өңірі» (Лебяжі ауданы) деген бес бағыт бойынша туристік маршрут ашылып отыр. Бұл маршруттар қонақтарды бейжай қалдырмайтыны анық. Тіпті керек десеңіз, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі кезінде Павлодар өңіріне турис­терді көбірек тарту үшін алдын ала дайындық жұмыстары жан-жақты жүр­гізілді. Арнайы бағдарламалар жасалды. Өңір­дің мәдениет және өнер мекемелері көрме кезінде 52 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Туризмнің түр-түрі бар екенін жақсы білеміз. Бірі жер-суды жаяу шарлағанды жақсы көреді, бірі тау-тас кезіп, далада қо­нып, алаңсыз саяхаттағанды қош көре­ді, енді бірі ел-жұртпен сөйле­сіп, ой бөлі­сіп, қазақтың салт-дәстүрі мен мә­де­ниетіне қаныққысы келеді... Елімізде киелі, қасиетті, тарихи-архео­ло­гиялық мән-маңызы зор орындар көп. Оны да көргісі келетін туристер аз емес. Әрі жанға жайлы демалыс, әрі сая­­хат бол­ғанын қалайтындар да бар. Не ке­рек, туризмнің осындай қалта­рыс­тарының бәрін қалт жібермей, жүйелі жұ­мыс жүргізілсе, бұл сала да табыс көзі. Мәсе­лен, Пав­ло­дар облысында Бая­н­ауыл ғана емес, Шар­бақты ауданын­да суы ши­палы, балшығы ем, талай ақын-саз­гердің шығармашылығына ар­­қау болған Маралды көлі бар. Жаз мез­гілінде дертіне шипа іздегендер осы жерге ағылып келіп жатады. Енді турис­тердің де осы орынға көптеп кел­ме­сіне кім кепіл? Өйткені, мұнда көп­шілікке қолайлы болу үшін барлық жағ­­дай жасалып жатыр. Ең күрделі мәсе­­ле инфрақұрылым еді. Басқасын бы­­лай қойғанда, күні кешегіге дейін та­за ауыз судың өзі тапшы болатын. Қазір бұл мәселе шешілді. Құдық қазылып, тұ­щ­ы су тартылды. Маралды көліне апа­­ратын жол да ретке келтірілді. Көл­­дің балшығы мен суына зерттеу-са­рап­­тама жасалды. Оның бәрін жүзеге асыруға жергілікті бюджеттің шама-шарқы жет­пейді. Бұл үшін инвесторларды тарту қажет. Облыс басшылығының ниеті де осы. Павлодар облысында мұндай тәжі­рибе жақсы қалыптасқан. Жыл сайын ха­лық­аралық инвестициялық форум өт­­кі­зудің де мәнісі осы – инвесторларды тарту.

– Инвестиция тарту үшін шетел асу­­дың қажеті жоқ. Инвесторларды ең алдымен болашағы зор жобалармен қызықтыра білген жөн. Оның пай­далы екеніне көздері жеткен кезде қара­жат­тарын құяды. Инвестициялық форум бары­сында екі жаққа тиімді сондай жо­ба­­ларға байланысты ой-пікір алмасып, нақты шешімге келеміз, – дейді облыс әкімі.

Шынында да, мұндай басқосулардың нәти­жесі көңіл қуантады. Нақты мысал. Бір жылдың өзінде облысқа 430 млрд тең­­ге инвестиция тартылған. Алдағы үш жылда көлемі 975.5 млрд теңге болатын 27 жоба жүзеге аспақ. Бұл облысқа құйы­лып жатқан қаржы ғана емес, соны­мен бірге мыңдаған адамның жұмыс табуына зор мүмкіндік. Инвестициялық жобалар толық жүзеге асса Павлодар облы­сында 6 мың жаңа жұмыс орны ашы­лмақ. Осындай тиімді жобалардың ішін­де туристік орындарды дамыту да қарас­тырылған. Демек, Маралды көлінің маңы ғана емес, басқа да шешімін күтіп отырған мәселелердің түйінін тарқатуға жол ашылады деген сөз.

Жалпы, Павлодар облысына турис­тер­ді көптеп тартудың жолдары мен мүм­кін­діктері жеткілікті. Күнделікті өмір­де бай­қай бермейміз, кеншілердің қа­ла­сы – Екібастұзға, қалың қарағайлы, ну орманды алқап – Шалдайға, болмаса, тари­хы терең Павлодар қаласына саяхаттау­ды туристердің де қалайтынына дауымыз жоқ. Біз күн сайын көріп жүрген дүниелер туристер үшін таңсық әрі қы­зық. Сондықтан бұл бағытта туристік ұйым­дардың көп жұмыс істеуіне тура келе­ді. Осы арқылы қазақстандық туризм­нің дамуына жол ашылады, қар­жы құйылады. Сонымен бірге, ерекше елі­міз­ді, кең-байтақ жерімізді жер-жаһан­ға насихаттайтын боламыз. Қазақ­станда Баянауыл секілді бренд болуға сұра­нып тұрған таңғажайып орындар аз емес. Алыс-жақыннан келіп жатқан турис­тер, соның бәрін көріп, көзайым болса дегіміз келеді.

 Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»