• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2017

Медицина және менеджмент

1604 рет
көрсетілді

Еліміздегі медициналық ұйымдардың бәрі бірдей жақсы жұмыс істей бермейді. Әсіресе, мемлекеттік ұйымдардағы жағдай сын көтермейді. Кезектің көптігі, жақсы мамандардың жетіспеушілігі секілді мәселелердің қордаланып қалғаны – басқару ресурстарының ақсап, жақсы менеджменттің жетіспей жатқанынан. Сондықтан Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында медицинадағы менеджментті дамыту арқылы сапаны жақсартуды, бұл саладағы қызмет түрлерін халыққа неғұрлым қолжетімді етуді тапсырды.

«100 нақты қадам» Ұлт жос­пары­ның 81-қадамында «әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз ететіні» айтылып, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту қажеттігі атап көрсетілген.

Жекеменшік медицинаны дамытып, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу үшін еліміздің денсаулық сақтау саласында көптеген өзгеріс қолға алына бастады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, менеджмент саласы дұрыс жолға қойылмаған ұйымдар да бар. Кей­бір бас дәрігерлер өзі басқарып отыр­ған мекемеде қалыптасқан күр­меулі мәселелердің түйінін шешейін деп те талпынбайды. Со­ны­мен бірге, учаскелік дәрігер­лер­дің алаңсыз жұмыс істеуіне көңіл бөліп, жұмысының нәтиже­сіне қарай жалақы төлеу де қарас­тырылмаған. Осыдан келіп, дәрі­гер­лердің тапшылығы, белгілі бір салаға бейімделген мамандар­дың жетіспеушілігі туындайды. Сондықтан жұмысын жөнге кел­тіре алмай отырған денсаулық сақ­тау ұйымдары жақсы жұмыс істей­тін басқа әріптесінің қарауына, яғ­ни жақсы менеджмент қалыптас­қан ұйымға беріліп, жақсы басқару­шылардың қолына тапсырылады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі дамиды. Басқарудың мұндай тәсілі бәсекелестік ортаның қалыптасуына себепкер болып, халыққа көрсе­ті­летін қызметтің сапасын арттыр­мақ. Ал мемлекет үшін бұл – заманауи инфрақұрылымға және ғима­раттарды ұстау шығындарын азайтуға қол жеткізудің жолы.  Жекешелендірудің кешенді жоспарының шеңберінде әзір­ше 9 денсаулық сақтау нысаны: екі республикалық және 7 жер­гілікті медициналық ұйым жекеше­лендірілмек. 10 медициналық ұйым, соның ішінде 8-і сатып алу құқымен, екеуі сатып алу құқынсыз сенімді басқаруға беріледі. Бүгінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында барлығы 11 жоба бойынша келісімшарт жасалыпты.

Жақында Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ базасында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының денсаулық сақтау ұйым­дарында менеджментті және кор­поративтік басқаруды дамыту» тақы­рыбында өткен республикалық кон­ференцияда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемле­кеттік кәсіпорындарға корпоративтік басқару тәсілдерін енгізу арқылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанына толық көшірілетінін атап өтіп, мемлекеттік медициналық меке­ме­лерді қайта құру жұмыстары 2019 жылдың аяғында аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, әр өңірде адам ресурстарын басқарудың аймақтық саясаты, медициналық ұйымдар деңгейінде персонал басқарудың нәтижелі бағдарламасы енгізіледі. 

Жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева корпоративтік басқару тәсілдерін енгізуге кедергі келтіріп отырған мәселелерді алға тартты. Оның айтуынша, корпоративтік басқару тәсілдерін енгізу аясында өкілетті және жергілікті атқару ор­гандарының құзыреттерін, Қам­қор­шылық кеңесінің өкілеттігін кеңейту керек. Ол үшін алдымен нормативтік құқықтық базаларды жетілдіріп, жергілікті атқарушы органдардың белсенділігін арттыру қажет. 

Елімізде жақсы менеджментті жолға қойып, жұмысын сәтті жүргізіп отырған медициналық ұйымдардың шоғыры да қалыптасып үлгеріпті. Көштің басында Астана қаласы мен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Бұл өңірлерде былтырдың өзінде-ақ шаруашылық жүргізу құқындағы медициналық мекемелердің қатары 80 пайызға жеткен. Ал денсаулық сақтау ұйымдарының 70 пайызында Қамқоршылық кеңесі құрылған.  Керісінше, 8 ауданда корпо­ра­тивтік басқаруды енгізу жұмыс­тарының төмен деңгейі немесе мүлде жоқтығы анықталып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында корпоративтік басқару тәсілдерін енгізудің төменгі көрсеткіші (15,9 пайыз) байқалады, мұнда қамқоршылық кеңестер де атымен жоқ. Вице-министр персоналды бас­қарудың корпоративтік саясаты әуелі медициналық ұйымдардың 20 пайызының базасында енгізі­ле­тін­дігін жеткізді. Денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын бас­қарудың ұлттық саясатын жүзеге асыру негізінде мынадай қағидаттар енгі­зілетін болады: қажетті (қолже­тімді) адам ресурстарының болуы; жұ­мыс­керлердің тиісті өкілетінің қалып­тасуы және үздіксіз кәсіби даму мен адам ресурстарының өнім­діл­і­гі.

Министрліктің мәліметі бо­йын­ша, корпоративтік басқару жүйесі персоналды басқару қыз­ме­тінің мәртебесін көтереді, қызмет­кер­лерінің әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. 

Ендігі кезекте медициналық ұйымдарға заманауи HR-техно­ло­гияларды енгізу қарастырылып отыр. Бұл да медицина саласының сапасын арттырып, жұртшылыққа көрсетілетін қызмет түрлерін жетіл­діруге ықпал етпек. Жалпы, денсаулық саласындағы өзгерістер барлық медицина ұйымының жұмыс өнімділігін арттырады деп күтілуде. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»