• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Тамыз, 2017

Ұлттық мақтаныштың қайнар бұлағы

597 рет
көрсетілді

Қазақтың арғы-бергі тарихы тұ­жы­рымдалған, ұлттық құндылықтарымыз айқындалған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қозғалған «Туған жер» бағдарламасының орны ерекше.

Онда Елбасының: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», деген пайым­дары рухани дамуымыздың темірқазығы болмағы анық. Кең-байтақ қазақ жерінің теріскейінде де кие қонып, құт дарыған, ән мен жырдың бесігі болған мекендер аз емес. Солардың бірі – Гүлтөбе-Маманай тәңір сыйлаған көрікті де қасиетті өңір, елдік пен ерліктің, ақыл мен кемеңгерліктің мекені саналады. Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сексен батыр, Тоқсан би, Дәстем сал, Сегіз сері, Біржан сал, Шағырай шешен сияқты дүлділдер, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов секілді саңлақ жазушылар өсіп-өнгендіктен айрықша ыстық, ерекше қымбат. Бал құрағы, балдырған талы, мөлт еткен көз жасындай күміс көлдері, боз жусанды даласы қандай керемет десеңші! Гүлтөбе-Маманай деген атауға байланысты көп жыл басшылық қызмет атқарған ұлтжанды азамат Шаймұрат Смағұлов мынандай әңгіме айтып еді.

Қожаберген жырау 1663 жылы нау­рыз айының басында қазіргі Солтүс­тік Қазақстан облысы, Жамбыл ауда­ны «Благовещенка» кеңшарына қарас­ты Гүлтөбе деген (жұртшылық Мама­най деп те атайды) орманды, көлді әсем қо­ныс­та, Толыбай сыншы Дәулен­ұлының отбасында дүниеге келген. Қожаберген жырау өз заманында қазақ, ноғай, қарақалпақ, Сібір татарлары біріккен әскерін басқарған. Ерлікпен даңқы шығып, баһадүр деген құрметті атақ алған. От ауызды, орақ тілді шешен, ел бастаған көсем атанған. Өзі туған мекенде 1763 жылы қайтыс болып, сүйегі сол маңайдағы әкесінің есімімен аталатын Толыбай сыншы қорымына жерленген. Кемеңгер тұлғаның туған жерінде шоқ-шоқ боп қалампыр иісті алқызыл гүлдер көп өскен. Соған орай орманды, көлді, ойлы, қырлы көк шалғынды алқап «Гүлтөбе» аталған десе-ді. Бұл қонысты Ашамайлы керейдің Көшебе Таузар ұрпағынан тарайтын атақты Дәулен батыр, оның баласы Толыбай сыншы, немерелері Қожаберген жырау мен Қарабас тарханның ұрпағы Сегіз сері жайлаған. Кейін Тәшім Сатыпалдыұлының шөбересі Маманай бидің есімі қосарланып, «Гүлтөбе-Маманай» деген атқа ие болған. Толыбай сыншы мен Қожаберген жырау жерленген қорым-зиратты анықтап табуда жергілікті өлкетанушылар Социал Жұмабаев пен Дәстен Баймұқанов көп еңбек сіңірді. Қорым табылысымен ескерткіш белгі қойылды. Өңірімізге белгілі кәсіпкер Қанат Дүйсенбаевтың қаржылай демеушілігімен Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сегіз серілерге зәулім кесене салынып, ас берілді.

 Атақты «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жыраудың өмірі, қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған ордабасы, ірі тарихи тұлға екендігі, атақты «Жеті жарғы» заңнамасын жазуға қатысқан мемлекет қайраткері, қазақ халқының ерлігін, елдігін жырлаған ақын болғандығы жайлы «Дауылпаз баба Қожаберген» жинағында жан-жақты жазылғанмен, кейінгі ұрпақтың жете біле бермеуі ойландырмай қоймайды. Сол себепті бағдарламалық мақалада атап өтілгендей, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі болмақ. 

Сал-серілердің ордасы Гүлтөбеден шыққан әнші-ақын, батыр Дәстем сал Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан. «Дәстемнама» дастанында Ермак қарақшының (дастанда «Жармақ» деп аталады) жауыздығын әшкерелеп, оған қарсы соғысқан Сейдек батырдың ерлігін кестелі тілмен баяндайды.

Халық аузында сақталған «Дәстем­нама» дастаны – қазақ халқының ерлік шежі­ресінің бір парағы іспеттес құнды мұра. Осы қоныста дүниеге келген, жалын­ды, ұранды жырларымен бүгінгі Тәуел­сіз еліміздің ұрпағымен қайта қауыш­қан жырау бабамыз Жанкісі Көшек­ұлы жайлы жастар түгіл, үлкендер­дің білетіні там-тұмдап қана.

Мен Таузарда Жанкісі, Жырыма құмар әр кісі. Ұран сап атқа мінгенде, Соңыма ерген бар кісі. Жау келгенде жасқанбау – Батырлықтың белгісі. Мирас болған біздерге, Бабалардың үлгісі, – деп жырлаған екен жарықтық «Бақсары батыр» жырында. Мұнда қазақ-қалмақ соғысының батыры Бақсары батырдың ерлік жолы жан-жақты суреттеледі.

 Гүлтөбе-Маманайдай қасиет қонған жерден шыққан әйгілі адамдардың бірі – Сегіз серінің атасы Шақшақ батыр Көшекұлы. Шақшақтың батырлығы Ресей отаршылдарына қарсы күресте ерекше танылған. Кезінде Марал ишан қозғалысын қолдаған Шақшақ билік айтып, ел мен елді бітістіріп отырған. Бізге оның «Адамның жасы туралы» толғау-термесі ғана жеткен. Ал Салғара Жанкісіұлының «Жиырма бесі» – ел сүйсініп тыңдайтын әндердің бірі десек, артық айтқандық емес.

Гүлтөбе-Маманайым – туған жерім, Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім. Жалаңаш, жалаң аяқ жар басында, Көйлек шешіп, көбелек қуған жерім. Жаралып дүниеге келген жерім, Жалғанның қызығына енген жерім. Босанып алтын ұя, тар құрсақтан, Аймалап ана сүтін емген жерім. Көзімнен бір кездерде бұл-бұл ұштың, Орта жүз Ашамайлы керей елім. Әркімнің туған жері – Мысыр шаһар, Мекке мен Мединедей болған жерім, – деп туған жерін жырына арқау еткен Сегіз сері Баһрамұлы – қазақ ән өнерінің тарихында айшықты орны бар дүлдүл өнерпаз. «Гауһартас», «Ғайни», «Мақпал», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Қарғаш», «Ақбақай», «Әйкен-ай», «Елігай» секілді кілең інжу-маржан әндерді артына мұра етіп қалдырған. Өмірден ерте озған күміскөмей, жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов бұрын халық әндері санатына енген біраз әндерді Сегіз серінікі екенін анықтап, өзі құрастырған «Қазақ әндерінің антологиясында» жариялады.

«Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы», деген екен ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы. Кеңбайтақ қазақ жерінің теріскейіндегі қасиетті жерлерден шыққан батыр, жырау, сал-сері бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, оның баға жетпес құндылығын бүгінгі жас ұрпақтың жүрегіне ұялату, көкірегіне қондыру үшін мақалада ұсынылған қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты жобаларын бірлесіп жүзеге асырсақ, туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезім нағыз өмір өзегіне айналары сөзсіз. 

Қарақат ШАЛАБАЕВ,  ардагер ұстаз

Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы