Алдын-ала біліктілікті іріктеу (АБІ) – адал жеткізушілер пулын қалыптастыру мақсатында «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС әзірлеген жаңа құрал. Жоғарыда аталған компанияның өкілі Расул Акшанашевтың айтуынша, өндіруші белгілі бір шарттарды сақтар болса, іріктеуден өту аса қиын емес.
«Қазір сатып алудың негізгі өлшемі – ол баға. Біздің міндетіміз жаңа құралдар енгізу, яғни саламатты бәсекелестік үшін тең платформа құру арқылы сатып алулардың сапасын жақсарту. Әрине, өз дамулары үшін күш салып, ресурстық базасын шын мәнісінде дамытып жатқан, мамандарының біліктілігін арттыруға мән беретін, әрі жұмыс істеп тұрған менеджмент жүйесі бар компаниялар алдыңғы кезекке шығады», деп атап өтті «Самұрық-Қазына Келісімшарт» АБІ департаментінің бас менеджері Расул Акшанашев.
«Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілерінің ІІІ форумы аясында ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ әлеуетті жабдықтаушылары – кәсіпкерлер үшін шеберлік сабағын өткізді.
«Жаңа ережелер бойынша АБІ өткен жабдықтаушылар үшін әр жолы барлық құжаттарды (жарғы, директорға құжаттар, тіркеу туралы куәлік) ұсынудың қажеті жоқ, ол автоматты түрде ілесіп отыратын болады. Болашақта біз білікті ықтимал жабдықтаушыларға сатып алу кезінде техникалық тапсырмадан басқа еш нәрсе қажет болмайды деп жоспарлаудамыз. Бұл жақын болашақта орындалар іс», деді сарапшы.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін артықшылықтар туралы айтқан кезде, Ақшанашев білікті жабдықтаушы тендерге өтінімді қамтамасыз етуден босатылатынын атап өтті. Сонымен қатар, осындай мердігерлер келісімшарттар бойынша кемінде 30% мөлшерінде аванстық төлемақы алады. «Өндірістік қабілеті мен қажетті мамандары жоқ компаниялар үшін біздің сауалдамаларымыз арқылы АБІ өту өте қиындатылған. Сонымен қатар, сауалдама сұрақтары шынайы өндірушілерді анықтап, жалған өндірісшілерді міндетті түрде алып тастап, саламатты бәсекелестікке жағдай жасайды», – дейді ол.
АБІ департаментінің бас менеджері 2017 жылдың сәуір айынан бастап «Самұрық-Қазына» сатып алуларының 64 позиция бойынша тек алдын-ала біліктілік іріктеуінен өткен әлеуетті өнім жеткізушілер ғана қатыса алатындығын ескертті. Ал 2018 жылы барлық бәсекелі сатып алулар тек қана алдын-ала біліктілік іріктеуінен өткен жабдықтаушылар арасында өтеді деп жоспарланып отыр.
Акшанашевтың айтуынша, АБІ аясында аудиттің үш түрі жүзеге асырылады. «Аудиттер сіз өтініш берген тауарлар мен қызметтерге байланысты болады. Егер осы тауарлар мен қызметтердің жылдық сұранысы 250 мың АЕК-тен төмен болса – бұл бірінші немесе екінші деңгейлі шектеу. Егер құрал-жабдықтар қолданылмайтын екінші түрі болса, біз сіз үшін үстел аудитін жүргіземіз. Үстел аудиті қашықтан жүргізіледі. Ал егер сіз мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстары, мұнай-газ секторындағы жұмыстар тәрізді АЕК 250 мыңнан асатын үлкенірек сатып алуларға өтініш берсеңіз, мұндай кезде аудиторлық ұйымдарды шақырып, техникалық аудит жүргізу керек болады», деп түсіндірді ол.
Сарапшы АБІ сауалдамалары ISO 9001, ISO 14001, ISO 50001, OHSAS 18001 және т.б. халықаралық стандарттардан туындайтын жүйелік және процестік тәсілдер қағидаларына негізделетіндігін айтты. Дегенмен де, менеджмент жүйесі сертификаттарының болуы міндетті емес.
«Материалдық және қаржы ресурстары бар кез келген компания өзінің біліктілігін растайды және АБІ үдерісін сәтті өтеді, бұған осымен екінші жыл жүргізіліп келе жатқан АБІ тәжірибесі дәлел. Тіптен сіздің деңгей көрсеткішіңіз төмен болса да, бізден ұсыным аласыз кемшіліктеріңізді түзетіп, деңгейіңізді көтеру үшін 20-дан 90 күнге дейін күнтізбелік уақытыңыз болады. Мүмкін емес еш нәрсе жоқ!», деп атап көрсетті ол.
«Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Шыңғыс Боканов «Ұлы дала елі» форумының негізгі бөлімінде сөз сөйледі. Ол Ұлттық әл-ауқат қорында сатып алу үдерісін жетілдіру үшін қандай шаралар қабылданғаны туралы хабардар етті.
«Соңғы алты жылда жергілікті құрам үлесін дамытуға байланысты Қордың сатып алу ережелеріне 19 преференция енгізіліп, нәтижесінде жергілікті құрам үлесі 2010 жылы 50% көрсеткішінен 2016 жылы 74% -ға дейін өсті. Қазақстанның ДСҰ мен ЕурАзЭҚ-қа қосылуы қарсаңында біз шұғыл әрекет жасадық – ол ұзақ мерзімді келісімшарттар. Осы жұмыс шеңберінде біз жыл сайынғы Қор компаниялары сатып алатын тауар позицияларына зерттеу жүргіздік және осы позициялар бойынша отандық тауар өндірушілерге талдау жасағаннан кейін, олар ұзақ мерзімді сатып алу жоспарларына өткізілді. Нәтижесінде, қолымызда Қор тобы бойынша бекітілген 190 ұзақ мерзімді сатып алу жоспарлары, сондай-ақ, отандық тауар өндірушілермен 1895 қолданыстағы ұзақ мерзімді келісімшартымыз бар», деді ол.
Бокановтың айтуынша, бірегей номенклатуралық анықтама енгізудің арқасында «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС Қордың еншілес кәсіпорындары сатып алатын барлық импорттық тауарларды анықтады. «Кейбір жайғасымдар бойынша бізде тауар өндірушілер бар, бірақ олардың қуаты біздің еншілес компаниялардың қажеттіліктерін жаппайды. Осы талдау негізінде біз Жаңа өндірістер ашу және қолданыстағыларды жаңғыртуға жәрдемдесу бағдарламасын әзірледік. Оның мәні мынада, импортталатын тауарлардың тiзбесi құрылады, содан кейін біз өткен жылдардағы тарихи деректерді – біздің компанияның сатып алу көлемін береміз, жоспарланған сатып алу деректерін ұсынамыз. Егер осы жайғасымдардың бірі бойынша ықтимал жабдықтаушы өндіріс ұйымдастырар болса, СТ-KZ алады, онда ол тауарды тізімге кіргіземіз. Осы тізімге сәйкес, біздің еншілес компанияларымыз қазақстандық өндірушіні келісімшартпен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Сонымен қатар, егер жұмыс істеп тұрған кәсіпорын осы өнімді шығарып, бірақ қуаты жеткіліксіз болса, ол да осы бағдарламаға қатысу арқылы қуатын арттыра алады», деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС басшысы қазір еншілес компаниялардың өткен жылдардағы барлық сатып алу бағалары кіретін деректер базасы жасалып жатқандығын да хабарлады. «Осы талдау негізінде біздің еншілес кәсіпорындарымыз бен ықтимал жабдықтаушыларымыз ең төменгі, орташа және ең жоғары бағаларды көре алады. Қазір біз тауарлар жайғасымдары бойынша ақпараттары әрдайым жаңартылып отыратын бағалар каталогын жасаудамыз. Біз маркетингтік зерттеулерді әлдеқашан жасап қойдық, ал тапсырыс берушілер осы бағаларды алып, жоспарларына тікелей қосуларына болады», деді компания басшысы.
Шыңғыс Боканов трансформация аясында Қор алдын-ала біліктілік іріктеуін енгізе отырып, сатып алудың жаңа моделіне көшетіндігін айтты. «Біз осы жұмыс шеңберінде ықтимал жеткізушілер пулын қалыптастырамыз және Қордың серіктесі болғысы келетін кәсіпорындарға сауалдамалар арқылы құжаттама жинаймыз. Сауалдама кәсіпкерге осал тұстарын көруге көмектеседі және болашақта позициясының қай жерін жақсарта алатынын нұсқап, ұсыным береміз», деп түсіндірді компания басшысы.
«Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС топ-менеджері бүгін АБІ жүйесінде 5600-ден астам кәсіпорын тіркелгенін баса айтты. «Білікті ықтимал жабдықтаушылар арасынан 64 позиция бойынша сатып алулар жүргізудеміз», деп сөзін қорытындылады ол.
Сейфолла Шайынғазы, «Егемен Қазақстан»