Жалпы, осыдан жиырма жылдай бұрын Түркістан ауданын Түркістан қаласына қосып жібергеннен бері ауылдан береке кете бастағаны жасырын емес. Суармалы егістердің осыдан кейін-ақ аясы тарыла бастады. Қаншама ауылдық округтер мен елді мекендер қала құзырында болғандықтан, оған көңіл қаламен қабаттаса бөлінгендіктен, бұрыннан проблема болып келе жатқан су мәселесінде қиындықтар тууы айтпаса да түсінікті еді. Осы мәселені шешу төңірегінде түрлі ұсыныс-пікірлер де айтылып келеді. Солардың ең маңыздысы жоғарыдағы машиналық канал десек артық болмас.
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Үмбет Жүсіпбаевтың да машиналық канал мәселесін көтеріп жүргеніне аз болған жоқ. Халық қалаулысы бұл жөнінде былай дейді:
– Өткенге шегініс жасасақ, 150 шақырымды құрайтын Арыс-Түркістан каналы 1967 жылы пайдалануға берілген. Сол кездегі жоба бойынша екі Бөген су қоймасы мен екі канал болу керек еді. Өкінішке қарай, бір су қоймасы және бір каналмен ғана шектелдік. Алғашқы жобада Түркістан мен Ордабасы аудандарының егіс алқаптарын суару көзделген болатын. Бірақ соңғы жылдары Отырар, Бәйдібек, Арыс аудандарының су пайдаланушыларының есебінен алқаптар ұлғайды. Содан бері міне, жарты ғасыр өтті. Түркістан арнадан су алатын ең соңғы аймақ болғандықтан, су мәселесі бойынша проблемалар көбейді. Әсіресе, бұл шілде мен тамыз айларында анық байқалады. Түркістан маңындағы бірнеше ауылдық округтердегі шаруалардың тек тырмысқандары ғана жоңышқа егіп алады. Онда да ол – бір, әрі кеткенде екі орымды қанағат етуге мәжбүр. Су тапшылығынан бақша өнімдеріне тіпті маңайлай алмайтын елді мекендер көп десек, осының салдарынан ілгеріде суармалы аймақ болған жерлер ақ кебір мен қара кебірге айналған. Ол тек сол жерді игеріп, суарғанда ғана кететін дүниелер. Каналды 4 және 5-ші кезегіндегі жөндеуден өткізіп және ұзындығы 41,7 шақырымды қамтитын машиналық каналды қолға алу керек. Бұл Түркістан аумағындағы 7 ауылдық округтің 25,600 гектарына дейін егістік алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін облыстық және республикалық деңгейдегі қаржылай көмек қажет. Бұл жобаны іске асыру үшін қажетті құжаттардың барлығы дайын тұр. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев пен Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Сапархан Омаров аталған жобаны, әсіресе, Түркістан маңындағы егістік алқаптарды суландыруды мейлінше қолдауда. Сонымен қатар, Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев та жобаға жанашыр деп айтсам артық етпес. Бұл жоба іске асып жатса, Түркістанның несібесін жерден терген диқан қауымы үшін жасалған жұмыстың үлкені болар еді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан бұл мәселеге қолдау болады деп үміттенеміз.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК
ТҮРКІСТАН