• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Кино 04 Тамыз, 2017

Апта фильмі: «Қара мұнара»

309 рет
көрсетілді

Осы уақытта режиссер Николай Арсельдің «Қара мұнара» (The Dark Tower) фильмі барлық кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Фильм танымал америкалық жазушы Стивен Кингтің әйгілі «Қара мұнара» циклді романының желісі негізінде түсірілген.

Жыл: 2017

Ел: АҚШ

Режиссер: Николай Арсель

Басты рөлдерде: Джеки Эрл Хейли, Мэттью Макконахи, Идрис Эльба, Фрэн Кранц, Эбби Ли

Сценарий: Андерс Томас Йенсен, Акива Голдсман, Джефф Пинкнер, Николай Арсель

Продюсер: Стивен Кинг, Рон Ховард, Брайан Грейзер, Акива Голдсман

Жанр: Фэнтези, Боевик, Фантастика, Вестерн

Бюджет: $60 000 000

Әлемдік премьера: 27 шілде 2017

Қазақстандағы премьера: 3 тамыз 2017

Жас шектеуі: PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды

Ұзақтығы: 95 минут

Фильмдегі бас кейіпкерлерді голливуд жұлдыздары Идрис Эльба мен Мэттью Макконахидің сомдауы кинотуындының атағын әйгілей түсті. Ал роман авторы Стивен Кинг басты рөлдегі мергеннің рөлін бар құпиясы мен айбарын түксиген қабағына жасырған Клинт Иствуд типажы аша түсер еді деген ой айтады.

Нью-Йорк тұрғыны 11 жасар Джейк Чеймберздің түсіне үнемі қара мұнара айналасындағы жұмбаққа толы айқас енеді. Ол түсінде көрген зұлымдық (Қара киген адам) пен әділет жақтаушысының (мерген Роланд) кескілескен тартысының суретін қағазға салады. Ата-анасы баласының оқшау әдетін психологиялық ауруға балап, клиникаға емдеуге бекінеді. Осы сәтте үйден қашып құтылған бозбала магиялық портал арқылы өзге әлемге тап болады. Оқиға шиеленісі де осы тұстан басталады.  Әлемдегі бейбітшілік эпицентрі саналатын қара мұнара маңайындағы шарпыған өрт пен зұлматты тоқтатуға ұмтылған мерген Роланд (Идрис Эльба) Қара киген адаммен (Мэттью Макконахи) ашық шайқасқа түседі.

«Қара мұнара» фильмі түсіріледі деген сөз сонау 2007 жылдан бері айтылып келген-тұғын. Әрқилы себеппен режиссерлер түсіруден бас тартып, тек 2015 жылы ғана жоба режиссері болып Николай Арсель бекітілді. Картинаның түсірілім жұмыстары Оңтүстік Африка мен Нью-Йорк қаласында жүргізілді. 2016 жылы қазан айында фильм тестік жүйеде аудитория назарына ұсынылды. Алайда көпшілік фильмді жүйесіз, шашыраңқы деп бағалап, соңыра өндіріс компаниясы Sony Pictures Entertainment пен MRS фильмнің кей тұстарын қайта түсіру жұмыстарына 6 миллион АҚШ долларын жұмсағандығы жөнінде айтылады. Осынша тартысты ұзақ жолдан өткен фильм туралы қазір киносыншылар алуан түрлі пікір айтып жатыр. Әсіресе байланыссыз сюжеттер желісіне қатысты «өн бойы толған катастрофа, әупірімдеп жүріп құрастырылған фильм» деп сыналды.

Николай Арсель – даниялық режиссер, сценарист. Ол түсірген A Royal Affair (Королевский роман) фильмі Берлин кинофестивалінде «Алтын аю» жүлдесімен (2012) марапатталған, сонымен бірге «Алтын глобус» (2013), Оскар (2013) сыйлықтарының «Үздік шетел фильмі» аталымына ие болған.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

«Апта фильмі» жобасы «Арман» кинотеатрының қолдауымен жүргізіледі. Іргесі 1968 жылы қаланған кинотеатр бүгінде ел өмірінде елеулі орны бар мәдени орынға айналды.