• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Тамыз, 2017

Есілбайдың мектебін жөндеп, клуб үйін ашып берсек

495 рет
көрсетілді

Бұл өтінішті назарға алып, Есілбайды жолсапарына қосып, облыс әкімі Болат Бақауов та барып қайтар деген ойдамыз.

Ауыл тұрғындарының өтініші осындай.  Табиғаты ерекше,қалың қарағайлы орман шетінде отыр. Шалғайдағы бәленбай шақырып жердегі Есілбай ауылына барып қайттық. Ойлы-шұңқырлы жол дегеніңіз сол баяғы қалпы ғой. Барайын десем жол шалғай, бармайын десем ел қандай деген осы. Ауылдың халқы төзімді, осы жолмен күн сайын көршілес  Арбиген, Галкин деген ауылдардың да тұрғындары аудан, облыс орталығына жол жүріп жатады.  Алдыңғы жылдары  ашылған Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне осы  жолмен келушілер де аз емес. Тіпті, ЭКСПО-17 көрмесінің туристеріне  де кесенеге апаратын бағыт жасалған-ды. Жолсапарымыздың  мақсаты-орман тақырыбы, орман шетін жағалай отырған ауылдардың тыныс-тіршілігіне арналды.

-Бірақ, бізге жолдан бұрын ауылымызға мәдениет үйі керек болып тұр. Жолдың нашарлығына шыдап келдік, шыдай береміз де. Өзің көріп тұрғандай  біз алыстағы орманды ауылда тұрамыз. Біз бәріміз ауыл болып «Егеменді»  оқимыз, күнделікті пошта қазір келіп тұрады Бұрын болған аудан әкімдерінің бәрі осы уәде берді, бірақ, Есілбайда мәдениет үй әлі ашылған жоқ. Осы мәселені енді газетіңе жазып берсең,-деді  ауылдықтардың атынан сөз алған жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Қисамиден Мақауұлы.

Негізі ауылдың бас көтерері, әрбір іске бастамашасы, демеушісі де осы кәсіпкер ағамыз көрінеді.  Ауылда «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған ескерткіштің  ашылуына, ″Мәңгілік ел″ бейнелі стелласының жасалуына, кішкентайлар ойнайтын ойын алаңы жасауға үлес қосыпты.

Шегірен ауылдық аумағына қарасты  Есілбай ауылында 650-дей адам тұрады. Ауылдықтардың дені орманшы, Сейтен орман шаруашылығында   еңбек етуде. Күндіз-түні қалың қарағайлы ағашты өрттен қорғап, аң-құстарын сақтауға үлес қосуда. Орман шаруашылығында еңбек еткен Тотый, Сағыдат,  Қаримолла, Жұмабек, Қозыбай, Қали, Тасым, Солтан  сияқты аталары кейінгі жастарға үлгі. Сондықтан, кішкентайларынан  қалың ағашқа көздері үйреніп, бүлдіргенін, қарақатын теріп жейтін балалар әке, ағаларының жолын қуып орманнан алыс кете алмайды екен. Солардың бірі-Қобыланды Атығай С. Торайғыров атындағы университеттің орман шаруашылық факультетін бітіріп, қазір шаруашылықта қызмет атқаруда. Ауыл мектебінің алдында ойлана қарап Шоқан Уәлихановтың  мүсіні тұр. Күтім қажет-ақ. Жалпы, мектептің сыртқы көрінісі де жүдеу тартып тұр. Мектеп 1992 жылы жаңадан салынып, пайдалануға беріліпті. Айтпақшы, 1990 жылы мектептің құрылыс жұмыстары тоқтап қалған кезде ауылдың өтінішін арқалап, марқұм Қайкен Исабек ақсақал Алматыға дейін барып келіпті. Шегірен кеңшарының директоры Қалау Қаратайұлы осы мектепті  салуға бастамашы болып, ауыл көшелерін жөндеп беріпті. Қазір мектепте 77 оқушы білім алуда. Мектеп алды даярлық тобына 11 бала келіп жүр.Өткен жылы  Алсу, Нұрайым, Әлімжан, Мағжан деген төрт бала өмірге келіпті.

-Мен осы  ауылда  туып-өстім. Мектепте талай жыл мұғалім болдым. Осы жақында ғана  әкімдік қызметке келдім.  Бірлесіп,  «Туған жер» бағдарламасы аясында жұмыс жасаймыз деп ойлаймын,-дейді ауыл әкімі Жасұлан Әбелдинов

-Сіз Есілбайға жаз айында келіңіз, орман шетінде түрлі  дәрілік өсімдіктер, итмұрын, долана, қарақат,мойыл, бүлдірген өседі,біздер жаз бойы  тәтті тосаптар қайнатамыз,-дейді ауылдықтар.

Айтса айтқандай, ауыл дастарханы мол, қаймақ, сүт, балқаймақ, құрт, ірімшік, нан-тоқаш дейсіз бе бәрі жайнап тұр, мал-жан аман. Әттең, қолдары жетпей тұрғаны: әлеуметтік мәселелер жол, ең бастысы-мәдениет үйі керек. Әкімдер талай жылғы өтінішін орындап, шалғайдағы ауылды  қуантса екен дейміз. Қорасында бағып-қағып отырған малдары жетеді, шөбі шүйгінді, ауасы жайлы жайлаулы жер.

Бастысы: еліміздің бір бұрышын сақтап, бала-шаға өсіріп, мал-жанын сақтап отырған ауылдан ел кетпесін дейік. Атақты Ғабдул-Уахит хазірет осы Есілбай ауылында Темірғалы болыс салдырған мешіттің имамы болған. Қуғын сүргінді өткені-бүгінге қымбат, шежірелі жер. Қайтарда біз де кесенеге барып тағзым еттік.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Есілбай ауылы