• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 05 Тамыз, 2017

Астанада өтетін Жамбы ату сайысына 7 мемлекеттің мергендері садақ сайлап отыр

757 рет
көрсетілді

Астанада өтетін «Алтын жебе» халықаралық Жамбы ату сайысына 7 мемлекеттің таңдаулы мергендері қатысатыны анық болды. Бұл туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың ішінде өте танымал садақшылар бар. Мысалы, «Алтын жебе» турниріне қатысуға Түркиядан келген Бунчукку Мұрат ат үстінен садақ атудан даңқы шыққан мерген. Мұрат мерген 2015 жылы «Алтын оқ» халықаралық турнирінде ат үстінен садақ ату бәсекесінде 1-ші орын иеленген. 2015 жылғы халыаралық жарыстарда корей стилінде, жалпы классикалық стилде ұлттық садақ атуда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. 2016 жылы өткен халықаралық жарыстың бірінде 1-ші орын, тағы бір жарыстарда 2-ші және 3-ші орын иеленген. 2017 жылы екі ірі халықаралық турнирде ат үстінен садақ атудан екі мәрте 2-ші орынды жеңіп алған.

Түркия демекші, бүгінгі таңда этникалық садақ ату спортын дүниежүзілік деңгейге көтеріп, дамытып отырған мемлекеттің бірі – Түркия. Түркияда ең көп өтетін жарыстың түрі осы ұлттық садақ ату жарыстары екен. Көптеген ірі қалаларында тек садақ атуға арналған стадиондар салынған. Апта сайын ұлттық садақ атудан бірнеше ірі жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Сонымен қатар, Моңғолияның ат үстінде садақ атудан танылған үздік мергені Дунчиг Отгонбямба келіп отыр. Дунчиг – Моңғолия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2017 жылы өткен Монғолия чемпионатының жеңімпазы. Көптеген халықаралық жарыстардың қатысушысы. 2014 жылы Жапонияда өткен халықаралық жарыста қола жүлдені, 2015 жылы Венгрияда өткен халықаралық жарыста күміс жүлдені жеңіп алған. 2016 жылы Қазақстанда өткен А.Асқаров атындағы халықаралық турнирде Жамбы атудан қола жүлдегер атанған.

Түркия секілді Моңғолия елі де ұлттық садақ атуды ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан жұрт. Бұл елде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұлттық садақ атады десек, өтірік емес. Моңғол халқы балуан мен мергенді қатты құрметтейді. Садақ ату мен күрестен чемпион атанған спортшының ұлттық бас киімінде арнайы белгі тағылады. Осы чемпиондық белгісі бар бас киіммен спортшы лауазымды мемлекеттік қызметкердің алдына барса, лауазымды қызметкер спортшының мәселесін дереу шешіп беруге міндетті. Моңғолия ұлттық спорттағы саңлақтарын осындай дәрежеде құрметтейді.

Дунчиг Отгонбямбамен бірге «Алтын жебе» турнирінде Монғолияның мерген қызы – Баатарчулуун Гэрэлчулуун да бақ сынап көрмекші. Өз елінде құралайды көзге атқан саңлақтар қатарында тұрған 23 жасар Гэрэлчулуун қыз ұлттық садақ ату жарыстарынан жеңіп алған жүлделері санына жанкүйерлерінің өзі жиі жаңылып жатады екен.

Жамбы жарысының жанкүйерлері Польшаның атақты мергені Радослав Козучтың өнерін тамашалайтын болады. Радослав – 2014-2015-2016 жылдары Польша құрама команда құрамында Еуропа Гран-при бәсекесінде 1-ші орынды жеңіп алған. 2017 жылы Мажарстанның Помаз қаласында өткен Еуропа Гран-при бәсекесінде корей стилінде атудан 2-ші орын иеленген. 2017 жылы Түркияда өткен «Алтын оқ» фестивалінде 5-ші орын алған. Сондай-ақ, ол Түркия, Венгрия, Швеция, Франция, Германия елдерінде ұйымдастырылған көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған.

Елді елеңдеткен ерекше сайыс12-13 тамыз күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтеді.