• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 07 Тамыз, 2017

Көрменің екі миллионыншы көрермені

225 рет
көрсетілді

Әлемнің 115 мемлекеті қатысып жатқан ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін тамашалауға келген 2 миллионыншы қонақ­тың кім екені шараның 56-күні анық­талды. Ол – Орал қаласының тұр­ғыны, өндірістік сала қызмет­кері, 34 жастағы Ғайса Жұма­лиев. Құрметті көрермен өзінің көр­менің 2 миллионыншы қонағы бола­тынын мүлде ойламаған. Сәтті билеттің иесі ЭКСПО аясын­да өтіп жатқан Батыс Қаза­қ­стан облысының мәдени күнде­рі­не іссапармен келген және қалашық аумағында өтетін орал­дық өнерпаздардың концертіне кешкі билет сатып алған.

«Мен өте қуаныштымын. Барлығы аяқ астынан болды. Билетті жаңа «Мега» сауда және ойын-сауық орталығынан кешкі жеңілдікпен 2500 теңгеге сатып алғанмын. Чехия павильонын аралап үлгеріп, «Shell» компаниясының павильонына аяқ басқанмын. Бірақ мені «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК баспасөз орталығына журналистермен кездесуге алып келді. Мұндай сәттілікті күткен жоқпын. Өзім Оралда тұрамын. Егіз балам бар», деді Ғайса Жұмалиев. Салтанатты басқосуда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов 2 миллионыншы қонақты өзі құттықтап, бағалы сыйлық табыстады. «Бүгін – «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы үшін айтулы күн. Өйткені, ерекше оқиға орын алды. Біз тұтас көрме кезеңінде «екі миллион адам келіп, ЭКСПО павильондарын 5 миллион рет аралайды» деп болжаған едік. Бірақ, көрменің аяқталуына 37 күн қалғанда, жоспарлаған межемізге қол жеткіздік. ЭКСПО павильондарына келер болсақ, аралау көрсеткіші 15 миллионнан асып кетті, бұл біз күткен нәтижеден үш есеге көп. Елбасының жобасы ойдағыдай жүзеге асуда», деді басқарма төрағасы. А.Есімов осы жиында халықаралық көрменің Астана экономикасының барлық саласына оң әсер еткенін жеткізді. «Баспаналардың  жалға берілуі – 33 пайызға, тауар айналымы – 20 пайызға, сауда және ойын-сауық орталықтарына бару көлемі екі есеге өскен. Туризм саласы да едәуір жандана түскен: туристік операторларға жүгіну көрсеткіші 78 пайызға артқан. Ашық аспан саясатын жариялап, рейстер санын 1,3 есеге ұлғайттық. Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды бірнеше қалаларға жаңа рейстер ашылды. Бір ғана әуе рейстерімен күнделікті 7 мың адам келеді, 16 мың адам жолаушылар көлігімен жетеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», деді ұлттық компания басшысы. Оның айтуынша, бір ғана маусым айында Астанада қызмет көрсету саласынан түсетін салық түсімі 2,5 есеге көбейген.  «Бұл – күрделі дағдарыс уақытындағы экономиканың жандануы. Бізде шағын және орта бизнес субъектілері көбейді, жалақы жоғарылады. ЭКСПО аяқталған соң әкімдікпен бірлесіп, толық ақпаратты тағы да беретін боламыз. Дегенмен, көрменің үштен екі бөлігін өткеріп, көрмені өткізу туралы шешім қабылдаған Президентіміздің көрегенділігіне көз жеткіздік», деді А.Есімов. 11 шілде күні ЭКСПО-2017 көрмесіне келген миллионыншы келуші тіркелгені есімізде. Ол 27 жастағы астаналық мұғалім Гүлжиһан Жаңабергенова еді.