• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Тамыз, 2017

Аграрлы аймаққа ауқымды міндеттер жүктелді

125 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұма күні Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысымен танысты.

Өңірге барған Премьер-Министр өн­ді­рістік және ауыл шаруашылығы бағытын­дағы кәсіпорындар жұмысымен танысып, Көкшетау мен Щучье қалалары­ның бірқатар әлеуметтік және инфрақұры­лымдық нысандарын аралады. Ол  сапарды Щучьедегі «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісімен танысудан бастады. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені бұл өңірдің елорданың азық-түлік белдеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқандығын айғақтайды. «Есіл-Агро» серіктестігінде былтыр 4 мың тоннадан астам сүт өндірілсе, ал биылғы жылдың жеті айындағы көрсеткіш 2,7 мың тоннаны құрады. Алдағы уақытта кәсіпорын өз қуатын екі есеге арттырып, сауылатын мал басын 2 400-ге жеткізуді көздеп отыр.  Үкімет басшысы аталған серіктестіктің егіс алқаптарын да аралады. Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның биылғы егінге қатысты баяндамасы аграрлық өңірдің жетістіктерінен хабардар етті.   Реті келгенде Елбасы Жолдауына сәйкес АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде отандық ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне кешенді қолдау көрсетіліп келе жатқандығын ерекше айта кеткен орынды. Биыл облыстағы ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен 5 млрд теңге артығымен бөлініп, оның көлемі 36,0 млрд теңгеге жеткізілуі соның нақты дәлелі бола алады.   Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев сапар барысында Щучье қаласындағы республикалық шаңғы спорты базасының құрылысы барысымен танысты. Нысанның ғимараттары мен құрылыс кешені 140,5 га аумақты алып жатыр. Мердігер «Mаbetex Group» компаниясының вице-президенті Агим Пакколлидің мәлімдеуінше, қазірге дейін нысанның дайындығы 90 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда сырғанақты жолды жабуға арналған техника мен құралдар жеткізілген. Ендігісі биіктен жылдамдық алатын эстакададан бастап жерге қонғанға дейінгі аралыққа тірегіш құрылғыларын орнату жұмыстары қызу жүргізілуде. Жаңа республикалық шаңғы спорты базасында шаңғы жарыстары, биатлон, шаңғы-роллер спорты бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізу жоспарланған. Бұдан кейін Премьер-Министр Бура­бай кентінде болып, туристік инфрақұры­лымның жағдайымен танысты. Ол осын­дағы Кенесары көшесінің қайта жөндеу­ден өткендігін, көшелердің абаттандыры­луын және «Green Which Tourist Borovoe» қонақ үйін барып көріп, Щучинск-Бу­ра­бай ку­рортты аймағын дамыту мәселе­лері жө­нінде кеңес өткізді. Кеңеске турис­тік бизнес өкілдері, бизнес қауымдастық­тар­дың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік па­лата­сының, орталық мемлекеттік орган­дар­дың, сондай-ақ,  Ақмола облысындағы жер­­гілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Бақытжан Сағынтаев кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда экономиканың үшінші жаңғыруы орын алып жатқандығын атап өтті. Оның аясында өсімнің жаңа моделі қалыптастырылуда. Дегенмен, әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу үшін базалық салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудан өзге, экономиканың басқа да перспективалы салаларын жақсарту қажет, олардың ішінде туризм мен сервистік қызметтер бар. Жалпы, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жөніндегі Елбасының нақты тапсырмаларын жүзеге асыру барысы сәтімен орындалып келеді. Өңір басшысы Мәлік Мырзалин курортты аймақты дамыту жөніндегі баяндамасында бірқатар маңызды міндеттер мен атқарылған жұмыстар барысына кеңінен тоқталып өтті. Дейтұрғанмен, Үкіметтен қолдауды қажет ететін мәселелер де бар. Атап айтқанда, Щучье көлі айналасында орын тепкен сауықтыру орындарына су жеткізу мен бөлу желісін тартуға және орталықтандырылған заманауи жаңа жылу беру қазандығын салуға қолдау қажет. 2012 мен 2016 жылдарға арналған екі кезең ішінде 43 шараны қамтыған 12 млрд теңге игерілген. Ағымдағы жылы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін 5,4 млрд теңге бөлінгендігі де белгілі болды. Тек соңғы 6 жылда Ақмола облысына келуші туристер саны 2 есеге, ал туристік қызмет көрсету 5 есеге артқандығы да айтылды. Әсіресе, жазда туристер саны 500 мыңға жетсе, жыл бойына шамамен миллионға жуық адам келеді. Реті келгенде 2011-2016 жылдар аралығында өңірде жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын демалыс индустриясы бойынша 49 жоба жүзеге асырылған. Облыс әкімі бұл ретте халықаралық стандарттарға сай және инфрақұрылымы дамыған курортты аймақты жүйелі дамыту үшін курортты аумақты басқаруда бір құзырлы органның қажет екендігін ортаға салды.  Премьер-Министр Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы Жұмыспен қамту орталығына ат басын тіреп, ондағы операциялық зал­дың жұмысымен танысты. Аталған орта­лық директоры Ерік Мұратбеков өңір тұр­ғындарын еңбекпен қамтуға көмек көр­сетудегі жүзеге асырылып жатқан бағ­дар­ламаның орындалу барысымен таныстырды. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін ор­талықтың септесуімен ағымдағы жылы 706 адам жұмысқа орналас­тырылып, 90-ға жуық адам кәсіптік оқудан өткен, 193 адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, 51 адам – уақытша әлеуметтік жұмыс орын­­дарына  және  33 адам жастар іс-тәжіри­бесіне бағытталған. Үкімет жергі­лікті тұр­ғындарды жұмыспен қамту мәсе­лесін үнемі назарда ұстап, орындалу барысын жіті қадағалап келе жатқандығын айтқан ләзім. Бұдан кейін Премьер-Министрдің қатысуымен облыстық әкімдік ғимаратында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру туралы кеңес өткізілді.   Ақмола облысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­туға 2017 жылы 4,8 млрд теңге қарасты­рыл­ғандығын ерекше атап кеткен жөн.  Алдағы қыркүйекте бағдарлама есебінен 20 мыңға тарта жас стипендия төлеп, ыс­тық тамақ берілетін техникалық және арнайы кәсіби оқу орындарында оқы­ты­ла­ды деп күтілуде. Өзге қаладан келген­дерге жолақысы мен тұруға қажетті пәтер­ақысы да қарастырылады. Бүгінгі таңда 360 ұйым оларды оқытуға сақадай-сай тұр. Ал кәсіпкерлікке оқыту ҰКП «Бас­тау-Бизнес» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 8 167 адам атал­ған бағдарламамен оқытылуда. Бұл – 15 мың адамды қамтуы тиіс 2017 жылға жос­парланғанның 54 пайызы ғана. Солардың 5 707-сі өз істерін бастауға ниетті. Бағдар­лама бойынша 37 млрд теңге микрокредит бөлініпті. Оның 27 млрд теңгесі Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы ауыл­дық жерлер мен шағын қалаларда берілсе, ал 10 млрд-ы Ұлттық экономика министрлігі арқылы қалаларға бөлінгендігін айта кету керек.  Жалпы, елімізде 2014 жылдан бастап «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға», «Серпін – 2050» әлеуметтік жобалар сәті­мен орындалуда. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар мақсаты – еңбек ресурстары көп оңтүстік облыс­тардан шығыс, солтүстік және батыс өңірлерге кадрлар даярлау. Бұл тұрғыдан келгенде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті алдағы 2017-2018 жылғы оқу жылына еліміздің оңтүстік өңірлері үшін 250 грант бөліп отыр. Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап 7 техникалық және кәсіби оқу орындарында 12 ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 369 студент білім алды.  Ақмола облысына жасаған жұмыс сапарының соңын Б.Сағынтаев «Тыныс» акционерлік қоғамының жұмысымен таны­сумен аяқтады. Негізінен атал­ған кә­сіп­орын өрт сөндіру құрал-жабдық­тарын әзірлеумен айналысады. Сонымен бірге технологиялық жағынан қайта жарақ­тандырылған кәсіп­орында полиэтилендік тұрбалар да шыға­рылатынын айта кету керек. Сонымен қатар,  қазіргі кезде кәсіпорын авиациялық техника, медициналық техникаларды да Қазақстан нарығына ғана емес, Ресей, Өзбекстан және Украинаға да шығарып жүр. Кәсіпорынның жетістігі ретінде мұнда әскери техниканың көрмесі де өткізілді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы