• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 07 Тамыз, 2017

Заңы үстем елдің заманы тыныш

339 рет
көрсетілді

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен кезекті брифинг «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытын іске асыру шараларына арналды.

Баспасөз мәслихатына Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, Әділет ми­нистрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттар­дың қызметін қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы Нұр­серік Шәріпов және Бас пр­о­ку­ратураның Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төр­аға­сының орынбасары Бағлан Бекбауов қатысып, атқарылған шаруалар жөнінде айтып берді. Бірінші сөз алған Әділет ми­нистрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов Ұлт жос­парының 27-қадамында ата­лып өткен жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту, сот орын­даушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуға қатысты шараларға тоқталды. Оның айтуынша, осыдан 6-7 жыл бұрын материалдық-техникалық базаның жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеуі, нормативтік базаның дұрыс жетілдірілмеуі, жалақының аздығы мен кадрлардың тұрақ­тамауы саладағы жұмыс­ты ақсатып, соның салдарынан еліміздегі сот актілерінің 30 пайызы мүлдем орындалмаған немесе шала-шарпы орындал­ған. Мұндай енжарлық халық­тың наразылығы мен сенім­сіздігін туғызғандықтан жағ­дай­ды түбегейлі өзгертетін ре­фор­ма қажет болды. Осы­лай­ша, Қазақстанда шетелдік тәжірибені ескере отырып, жекеменшік сот орындау институтына көшу қолға алынды, дейді министрдің орынбасары.  2015 жылы «Атқарушылық iс жүргiзу туралы» заңға тұжы­рымдамалық өзгерістер енгізі­ліп, осыған байланысты был­тырдан бері мемлекеттік сот орын­даушылары тек мемле­кеттік мүддені қорғайтын құ­жат­тарды ғана қарай бас­таған. Қалған құқықтар мен міндеттер жекеменшік сот орындаушыларының құзы­ретіне берілген. Олар қазір жеке тұлғалардың банктегі шоттары туралы ақпарат сұра­туға да құқылы әрі респуб­ли­калық жеке сот орындаушылар палатасының негізінде білік­тілігін де жетілдіріп тұрады.  Өкілеттілігі мен құқығы кеңей­ген­нен кейін жекеменшік сот орын­даушыларының саны да артыпты. Мысалы, 2015 жыл­дың соңында олардың саны 1 мыңдай болса, қазір 1 458-ге жеткен. Осы салада­ғы көмекшілер мен іс жүргізу­ші­лерді қоса есептегенде, жалпы 4 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жалпы, жекеменшік сот орындау­шылар институты енгізілгеннен кейін 4 784 лицензия берілген екен.  Ал 27-қадамның екінші бағы­тын жүзеге асыру аясында былтыр мемлекеттік сот орын­даушылардың 30 пайызы қысқартылған. Бұл – 374 бірлік деген сөз. Биыл да дәл осындай шамада мемлекеттік қызметкерді қысқарту көзделіп отыр. 2018 жылы тағы 15 пайыз азаяды. Осылайша, бар­лығы 303 мемлекеттік сот орын­даушысы қалады. Соның нәти­жесінде бюджет қаражаты 1,8 млрд теңгеге үнемделмек.  Санды азайту арқылы сапаны көтеруге ниеттеніп отырған министрлік жұртшылықтың сынына жиі ұшырайтын алимент өндіру мәселесіне де ай­рықша ден қойып отыр. Сала министрлігі жекеменшік сот орындаушыларымен бір­лесіп, алиментті мәжбүрлі түрде өндіріп алу шараларын қарас­тыратын арнайы кеңселер құр­ған. Бұл төленбей жүрген қарызды 10 пайызға азайтуға мүм­кіндік береді. Мысалы биылғы жарты жылдың өзінде 3 800 проблемалы өндірістен 1 миллиардтан астам сомада алимент өндірілген. Соған сай сот орындаушыларына айтылатын арыз-шағымдар да азайған. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғым­баев Ұлт жоспарының 30-қада­мын іске асыру үшін министр­лік «Жергілікті полиция қызметінің жұмысына қатыс­ты мәселелер бойынша кей­бір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленге­нін, соған сәйкес былтырғы 1 қаңтардан бас-тап, жергілікті полиция қызметі құрылға­нын жеткізді. Бұл құрылым қо­ғам­­дық қауіпсіздікті күзе­тіп қана қоймай, көше және тұрмыстық деңгейдегі қыл­мыс­пен күреседі, құқық бұзу­шы­лықтың алдын алып, ұсақ бұза­қы­лыққа «мүлдем төзбеу­шілік» қағидатын қалыптас­тыруға күш салады.  Жергілікті полиция қыз­метінің құрылуына байланыс­ты жергілікті әкімнің құзы­реті де арнайы заңдармен кеңей­тілген екен. Әкімдер ЖПҚ бас­­шысын қызметке таға­йын­­дауға немесе босатуға құқы­лы. Ал жергілікті поли­ция бас­шысы әкімдік пен мәс­ли­хат­тың алдында жылына екі рет есеп беруге міндетті. Ер­лан Тұрғымбаевтың айтуын­ша, жергілікті полиция қыз­меті­нің құрылуы әкім­дердің де бел­сенділігін арт­тыр­ған. Бүгінде олардың көме­гімен жол-патрулдік сап­тық бөлім­шелері 10,7 мың бей­нетір­­кегіш­пен қамтамасыз етіліпті. Осы жылдың аяғына дейін тағы 2,9 мың мобильді және по­ли­ция­лар тағып жүре­тін бей­нет­ір­кегіш алу жоспарлануда.  Бейнетіркегіштердің көме­гімен биылғы жылдың басы­нан бері 100 мың құқық бұзушылық анықталып, оның 1 мыңнан астамы қылмыстық іс ретінде тіркелген.  Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында соттар жұмысының да тиімділігі артып, азаматтық істерді қарау мерзімі екі есеге қысқарыпты. Бұл туралы журналистерге Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қыз­метін қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов айтып берді. «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Жоғарғы Сотқа бар­лы­ғы 10 қадамды іске асыру жүк­­тел­ген. Осы 10 қадамның бар­лы­ғы 2015-2016 жылдары та­быс­­ты іске асырылды», деді ол. Оның айтуынша, соттар­дағы азаматтар істерінің жалпы өту мерзімі 2 есеге қысқарып, олардың 83,5 пайызы бірінші сот отыры­сын­да аяқталған. Бұйрықтық өндіріс­тегі істердің саны – 25 пайызға, дау­ларды шешудің балама әдістерін қолдану арқылы аяқталған істер – үштен бірге, ал ме­диацияны пайдалану арқы­лы аяқталған істер 1,6 есеге ұлғайған. «Азаматтық істердің 62,5 пайызы тараптарды сотқа шақыр­мастан-ақ жеңілдетіл­ген өндіріс­тік тәртіппен қара­лады. Прокурор­лардың сот­қа қатысуы 7,8 пайызға қысқар­ды. Қысқартылған тәртіппен қаралған істер 3,5 есеге артты. Медиацияны қолдану ар­қылы аяқ­талған істер 2,5 есеге көбей­ді», деді Нұрсерік Шәріпов. Департамент басшысы сот жүйесі үшін жоғары білік­ті судьялар корпусын қалып­тас­тыру аса маңызды мәселе екенін айта келіп, судья­лық­қа кандидаттардың жасы 25-тен 30 жасқа дейін ұлғайтыл­ғанын жет­кізді. Биыл осы жаңа ереже бо­йынша 191 кандидат ірік­те­ліп, жергілікті сот­тар­дың судья­сы лауа-зымына тағайын­дал­­ған. Енді судьялар өз білік­ті­лі­гін жұмысының алғашқы жы­лы­­нан кейін және әрбір бес жыл сайын растап отыруы керек. Бас прокуратураның Құ­қық­тық статистика және ар­н­айы есепке алу жөніндегі ко­митеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов өз кезегінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын құру нәтижелері туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір әлем­нің көптеген елінде қыл­мыс­тық істер статистикасы кар­тада бей­неленеді. Осындай карта күйінде жұрт­шылық ақпаратты жеңіл қабыл­дайды әрі керекті мәліметті жыл­дам алуға, қалалардың, аудан­дар­дың қауіпсіздік деңгейін салыс­ты­руға болады.  Аталған комитет бұл картаны былтырғы желтоқсан айында жасапты. Онда еліміздің облыс және аудан орталықтары анық көрсетілген. Кез кел­ген адам комитеттің Qamqor.gov.kz порталына кіріп, барлық қа­жетті ақпаратты алуға мүм­кіндігі бар. Картаның тиім­ділігі сол, онда сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі де енгізілген, яғни қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз полицияда тіркеле сала, автоматты түрде осы картада пайда болады.  «Картада қылмыс жасалған орын мен уақыт және қылмыс түрі көрінеді. Сонымен қатар, ел өңірлеріндегі қылмыстардың динамикасымен де танысу­ға болады. Адамдар белгілі бір ауданда, қалада қылмыс қаншалықты екенін қарап, сол арқылы қай өңір қауіпсіз екенін іштей бағамдай алады. Тіпті салыс-тырмалы түрде қай көше, қай аула қауіпсіз екенін де біле алады. Карта арқылы өз ауданыңызда қандай қылмыс түрі көбірек жасалғанын біл­геннен кейін учаскелік инспек­тор­дан тәртіп сақталуын қада­ға­лауды, қараңғы аулаға жарық қоюды, бейнекамера орнатуды талап етуге болады және полицияға, басқа да органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін арыз да бере аласыз», дейді Бағ­лан Бекбауов.  Жиында сөйлеп, ақпарат құрал­дары өкілдерінің сауалдарына жа­уап берген спикерлер Ұлт жос­парын жүзеге асыру аясында жұмыс­тың тиімділігін арттыратын, заң­ның үстемдігін қамтамасыз ететін ша­ралар қолға алынғанын атап өтті. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»