Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов дайындық жұмыстарымен былай таныстырды: «Халықаралық көрмеге ерекше болмысымен қазақ спортының дарабозы атанған Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріне, балуандығы мен патриоттығына куә болар фотосуреттер мен тарихи қысқа метражды деректі фильмдер, өзі тұтынған тұрмыстық заттар мен киген киімдер жеткізіледі. Сондай-ақ, әлемдік сайыстардан ұтып алған 48 алтын-күміс медальдары және спорттық бұйымдары, 74 жасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған көйлегі мен шалбары, жаттығу кезінде пайдаланған кіртастары халықаралық көрме жұртшылығы назарына ұсынылады. Сонымен қатар, жүз мыңнан аса құнды жәдігері бар Оңтүстік музейлері қазынасында өзіндік орны мен тарихы өзгеше дүние саналатын Кенесары Қасымұлының қылышы да Астана төрінен табылады. Бұл темір қылыштың сабы – сүйектен, қынабы былғарыдан жасалған. Оның ұзындығы – 70, сабы – 15, жүзінің ені – 3-4 сантиметр». Шымкент қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған Кенесары Қасымұлының құнды жәдігері де көрме көркін ашпақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған жұмыстар да облыстың ЭКСПО-2017 көрмесінде көрініс табады. Мәселен, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен халықаралық фотосуретшілер кездесуінде Оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фото туындылардан арнайы көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихи, киелі жерлерінен мағлұматтар беріледі.
ЭКСПО-2017
•
07 Тамыз, 2017
ЭКСПО көркін құнды жәдігерлер ашады
131 рет
көрсетілді
Халықаралық мамандандырылған көрме аясында 29 тамыз мен 3 қыркүйек аралығында Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтеді. Елорда төріндегі айтулы шараға өңірдің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін ең көрнекті жәдігерлер орналастырылмақ.