«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп Г.Потанин айтпақшы, халқымыз бар тірлік-тынысын әуезді әнімен, нәрлі сөзімен өрнектеп отырған. Соның бір дәлеліндей, «Ақбақай» әнінің сөзі «Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген, Қыз қайда құдашадай көзі күлген», деп басталып барып, «Мыс та алтын, жез де алтын, алтын да алтын, Адамда сөз болмайды айтылмайтын», деген жолдармен түйінделеді. «Аққұм», «Ардақ», «Сұржекей», «Қанатталды» секілді әндердегі құдіретті үн де бөлек естіледі. Бұл әндерді тыңдағанда дархан дала көз алдыңа келеді. Оның табиғатпен жарасым тапқан кейіптері де елестейді. Бұл – әуен мен сөз тең түскенде ғана болатын жайт. Бұлар – халық әуендері. Ал халық композиторларының әндері де асқақ қой. Әсіресе, Ақан серінің «Қараторғайы», «Көкжендеті», «Маңмаңгері», «Құлагері», Біржанның «Жанботасы», «Адасқағы», Абайдың «Сегізаяғы» – дара дүниелер. Сол алыптардың үнін өткен ғасырдың 80-жылдарынан былай қарай халықтық асқақ әуенмен жаңғыртқан Ақселеу Сейдімбек, Тұрсынғазы Рахимов, Тұрсынжан Шапайлар болды. Әрине, кәсіби композиторлардың жөні бөлек. Ал асқақ үнді әнді алты қырдың астынан жеткізетін нағыз әншілер тыңдаушысын сүйсінтпей қойған емес. Солардың бірегейі Әміре Қашаубаев еді. Ол 1925 жылы Париж қаласында өткен Бүкіл дүниежүзілік көрмеге қатысып, «Ағашаяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Бес қарагер», тағы да басқа әндерді айтып, бүкіл Еуропаны сүйсіндіргені тарихтан мәлім. Кейін ұлы әншінің үнін Жарқын Шәкәрімов тауып, Алматыға әкеліп, халқымен қауыштырған тұста «Бес қарагердің» шырылы құлақтың құрышын қандырып, дән риза болып отырған тұста, тума талант Жүсіпбек Елебеков бір қайырымына қосылып, көзіне жас алғаны бар. Жиылған жұрт та толқыған еді. Сол секілді, ұлтымыздың ұлы әншісі Күләш Байсейітованың тұнық дауысы тыңдаған адамның жан дүниесін тебірентпей қоймаған. Бұл туралы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» деген кітабында әдемі айтқан. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ көркем өнерінің декадасында орыстың атақты әртістері, ерлі-зайыпты И.Москвин мен А.Тарасованың сүйіспеншілігін «Сіздің бұл актриса дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарда тұратын сахна шеберлерінің бірі екен», деп Сәбеңе жеткізе бастағанда бүкіл зал: «Жасасын қазақ халқы! Жасасын оның өрге басқан өнері! Жасасын қазақ халқының бұлбұлы – Күләш Байсейітова», депті. Жұрттың бұл қолдауы құлақтарына жеткенде олар: «Біз қателеспеппіз, Күләш шынында ұлы әнші екен», десіпті. Қазақ әнінің құдіреттілігін көрнекті қаламгерлер де мойындаған. Орыстың атақты жазушысы М.Горький, А.Затаевич жинап шығарған қазақ әндерімен танысқан соң: «Қазір менің алдымда қазақтың мың өлеңінен құрастырылған жинақ жатыр. Бәрі де нотаға түсіріліпті. Әуендерін байқап қарасам, адам жанын тебірентетіндей, болашақ Моцарттарға, Бетховендерге, Шопендерге, Муссорскийлерге және Григтерге таптырмайтын бай қазына екен», депті. Осының өзінен-ақ қазақ әнінің қандай екенін аңғару қиын болмаса керек. Қазақтың айтулы әншілері Манарбек Ержановтың, Дәнеш Рақышевтің, Бибігүл Төлегенованың, Жәнібек Кәрменовтің таза үндері ұлтымыздың кең тынысты екенін көрсетеді. Біз бұл ойды неге қозғап отырмыз. Себебі, қазақ халқында дәстүр деген әдемі ұғым бар. Алдағы халық әндерінен бастап, халық композиторларының, кәсіби сазгерлердің, кейбір әуесқой өнерпаздардың туындылары – бәрі де үзілмей келе жатқан ұлт сабақтастығының өнер сабақтастығының дәлелі екенін назарға салу еді. Сол ұлы әншілердің үнін тәуелсіздік тұсында, биыл Димаш Құдайберген қайта жаңғыртып, әлемді өзіне қаратты. Бұл ұлт ұрпақтарының арасындағы алтын арқаудың жалғастығы, оқтын-оқтын қайталанып отыратын құбылыс екеніне көзімізді жеткізді. Ұлы Әміре Еуропаны дүр сілкіндірсе, оның дарынды ұрпағы Димаш миллиардтан аса халықтың аузын аштырып, көзін жұмғызып, өзіне баурап алды. Бір замандары Әміренің даусына тәнті болған француздардың бір көнекөз кейуанасы Димашты көріп, о дүниеге аттансам, арманым жоқ дейтін көрінеді. Бұған қалай серпілмейсің, сергімейсің. Димаштан кейін құлдырап кеткен қазақ әнінің беделі артты. Саналы тыңдаушы ойланып қалды. Бірақ ойдан-қырдан жинап, ән деп айтып жүргендер әлі айылын жия қоймаған секілді. Қалай десек те, бүгінгі жеңіл ырғақтағы ән ұлт руханиятына қосылған үлес, оны әуелетіп жүргендер шынайы жұлдыз дей алмасақ керек. Уақыт елегі шынайы ән мен шын әншіні, «жұлдыздарды» анықтап береді. Сондықтан да, ұлт үнін шығаратын ұлт өнеріне өнер адамдары да, жалпы жұрт та талғаммен қараса, халық қазынасы ортаймайды, қайта тола түседі.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»