• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Ауыл 07 Тамыз, 2017

Атыраудың ауасы мен даласын қалай тазартамыз?

219 рет
көрсетілді

Атырау облысында табиғат қорғау шараларына соңғы бес жылда 452 млн теңге бөлінді. Алайда, мұнайлы аймақтағы экологиялық ахуал айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауа қабатына зиянды заттар шығару фактілері әлі бар. Теңіз кенішінде болған апат соның тағы бір мысалы. Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВПЕН қоршаған ортаны қорғау жайында әңгімелестік.

– Орақ Әнуарбекұлы, Қа­ша­ған жобасының жобалық қу­атына енуі, Атырау мұнай өң­­деу зауытының жаңғыруы, өнім көлемінің артуы, Теңіз кен ор­нындағы үш зауыттың іс­ке қосылуы ауа қабатына шы­ға­рылатын ластағыш заттардың есе­лей артуына соқтырары сөз­сіз. Облыстағы ірі табиғат пай­дала­ну­шыларда заманауи үл­гідегі сүзгілер мен тазарту қон­дырғылары бар ма? Жалпы, об­лыс аумағында ауа, су, то­пы­рақ­қа жүйелі зерттеулер жүр­гі­зіле ме? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Әрине, тексерулер мен зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі. Облыста 11 станса ауа райын үнемі бақылап отырады. Жайық, Қиғаш, Шарон және Жем өзендері мен Каспий теңізінің жағалауында 9 гидропост бар. Елді мекендер мен өндіріс ошақтары бар аумақтарда атмосфералық ауа сапасын бақы­лай­тын 45 станса орнатылған. Өт­кен жылдың өзінде Атырау қала­сын­дағы ауа сапасын бақылау с­тансалары күкіртсутегінің 81 рет шекті рауалды концентрациядан асу фактісін көрсетті. Бірақ тек­се­руші органдар күкіртсутегінің шы­ғу көзін анықтай алмай отыр. Қазір НКОК компаниясы станса­дан берілетін мәліметтерді 2 са­ға­т­тан да азайтып, 5-10 минутта бе­­рі­луіне жұмыс жүргізіп жатыр, бұл эколог­тардың ластағыш зат шық­қан уақытта тез анықтауына мүм­кіндік береді.

– Каспий теңізінің тере­ңін­де мыңнан астам мұнай ұң­ғы­ма­ла­ры қараусыз жатқаны жайлы әл­де­қашан айтылғанмен, нақты нәти­жеден бейхабармыз. Ескі ұң­ғыма­лар­дан экологиялық қау­іп бар ма, бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Шыны керек, облыс аума­ғын­да мұнай ұңғымаларының ағу фактілері кездеседі. Жалпы, об­лыста 90 апатты жағ­дайдағы ұң­ғыма тіркелген, оның 88-і жер қой­науын пайдаланушылардың ке­лісімшарттық аумағында ор­на­ласқан, 2 ұңғыма мемлекеттік қор­да. 88 ұңғыманың 13-і ты­ғын­далды. 61 ұңғыма қауіпсіз деп танылды. Ал тығындалуы ти­іс­ті 14 ұңғыманың бесеуі жер қойнауын пайдаланушылардың теңгеріміне алынбаған. Осы 14 ұңғыманы тығындау жөнінде Энергетика министрлігіне және Атырау облысы бойынша экология департаменті мен жаңадан құрылған Мұнай-газ кешеніндегі мем­лекеттік инспекцияның батыс өңір­аралық басқармасына тек­серіс­тер жүргізу жөнінде хат жол­дадық. Нәтижесі болар деген үміттеміз. Мемлекеттік қордағы екі ұңғыманың біреуі 2015 жылы ты­ғындалды, екін­ші­сімен жұмыс биыл жүр­гізіледі. Құрманғазы ауданы ау­мағындағы «КөлжанОйл» ЖШС-нің «Күмісбек» кен орнындағы ұң­ғымалардан мұнай ағуы толық тоқ­татылды. Ол жердегі топыраққа сіңген мұнай қалдықтарын жою жұмыстары бойынша шаралар атқарылып жатыр.

– Ал гидрогеологиялық ұңғы­ма­лардың жағдайы қалай?

– Жылыой ауданы аумағында 180 гидрогеологиялық ұңғыма бар, оның 123-і иесіз ағып жатыр. 57 крандық режім­дегі ұңғымалар да өздігінен ағуда. Бұл мәселе бой­ынша Инвестициялар және да­му ми­нистрлігі 2018 жылдан бас­тап жы­лына 15-20 ұңғымадан ты­ғын­­дала бастайтынын мәлімдеп отыр.

– Экологиялық ахуалы қи­ын­дау өңір үшін орман шаруа­шы­­лығы, жасыл желек жайы да ма­ңызды.

– Иә. Атырау облысында жалпы орман қоры 52446 га, ал оның алқапты орманы 15081 га жерді 110 адамнан тұратын ор­ман күзеті қорғайды. Орман ша­руа­­шылықтары әрқайсысы 20-25 га жоспарлы орман екпелерін отыр­ғы­зады, 80 шақырымда қауіпті де­ген учаскелерде орман өртіне қар­сы минералдандырылған жо­лақ­тар салады. Құрманғазы орман ша­руашылығы Қиғаш өзенінің са­ғаларында болғандықтан, тек қа­на елді мекендердің тұстары қор­шалған. Өткен жылы орман шаруашылықтарының тұ­қым­бақтарында 326 мың түп ағаш кө­шеттері күтіліп, баптал­ды. Бір атап өтерлігі, орман тұ­қым­бақ­тары толықтай тамшыла­тып суару әдісіне көшті. Бұл пай­­даланатын суды үнемдеуге, то­пырақтың тұзданбауына, көшеттерді арамшөптерден тазарту жұмыстарының едәуір жеңілдеуіне көп септігін тигізеді. Атырау, Индер, Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қор­ғау жөніндегі мемлекеттік ме­ке­мелерінің материалдық-тех­никалық жарақтандырылуына 2010-2016 жылдарға 171 млн теңге бө­лініп, арнайы техникалармен, жаб­дықтармен толық қамтамасыз етілді. Биыл Махамбет селосында Аты­рау орман шаруашылығының кең­­сесі, өрт сөндіру стансасы мен тех­ника қоятын орнының құ­ры­лы­сы салынады. Алдағы уа­қытта Ин­дер және Құрманғазы ор­ман ша­руа­шылықтары бойын­ша да атал­ғ­ан құрылыстарды қа­р­жы­лан­ды­ру мәселесін қарастыру жос­пар­да бар.

– Ендігі әңгімені аймақтағы по­лигондар мәселесіне қарай бұр­сақ. Мысалы, «Азғыр», «Тайсойған»...

– «Азғыр» ядролық полигоны Құрманғазы ауданында орн­а­лас­қан. Ол жерде 1966-1979 жыл­дар ара­лы­ғында 1491-1613 метр те­рең­дік­те қуа­ты 10 килотоннадан 100 кило­тоннаға дейін 17 жерас­ты ядро­лық жарылыс­тары іске асы­рылған. «Азғыр» полигонында 10 технологиялық алаң және «Ява» қондырғысы бар. «Ява» объек­тісі −диаметрі 11 метрлік шар. Онда жасанды алмас шығару жос­парланған. Алайда, объектіде ядро­лық сынақтар жүргізуге тыйым салынғандықтан, жұмыстар жүр­гі­зілмеген. Полигонда Ұлттық ядро­лық орталықтың ядролық физи­ка институты радиоэкологиялық жә­не радиациялық мониторинг жүр­гізіп келеді. 2012 жылы Эне­р­гетика министрлігі «Азғыр» және «Капустин-Яр» полигондары бойын­ша кешенді экологиялық, ме­ди­циналық және радиологиялық зерт­теулер жүргізді. 2015 жылы зерт­­теулер қорытындысында Аз­­ғыр өңірі экологиялық апатты ай­маққа жатқызылмады. Ал «Тай­­сой­ған» әскери – сынақ по­ли­­го­ны Қызылқоға ауданында. По­ли­гон Ресей Федерациясы Қор­ға­ныс министрлігінің 23338 әс­кери бөлімшесі қарамағында, он­да 1990 жылдан бері ешбір сы­нақ жасалмаған. 2016 жылы «Тай­сой­ған» әскери сынақ полигонының 624 мың гектары облысқа кері қай­тарылды. Энергетика мини­стр­лігі Атырау облысы бойынша эко­логия департаменті арқылы «Тай­сойған» полигонының жекелеген 13 жерінен (топырақтан, ауадан жә­не судан) сынамалар алып, оның шектеулі рауалды көрсеткіштен аспағандығы белгілі болды.

– Қатты тұрмыстық қал­дық­тар полигондарына қатысты проб­лема бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұл жайында не айтасыз?

– Қатты тұрмыстық қалдықтар поли­гондары Атырау қаласында жә­не аудан орталықтарында бар. Олардың қоршаған ортаға эми­с­сияға рұқсат құжаттары ресі­м­делген. Ауданның селолық ок­руг­терінде қатты тұрмыстық қал­дық­тар алаңдары бойынша жер телімдері ресімделгенмен эмис­сия­ға рұқсат құжаттары жоқ. Жи­нақ­талған қатты тұрмыстық қалдықтар Атырау қаласында 1977 жылдан бері пайдаланылып ке­ле жатқан полигонда көміліп ке­леді. Бұл полигонның тозығы жет­кен, экологиялық, санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарға сай кел­мейді. Полигондағы қалдықтар 2,2 млн тонна шамасында. Құны 12 млрд теңге болатын қатты тұр­мыстық қалдықтарды басқару жүйе­сін жаңғырту жобасының ин­вес­тициялық негіздемесі ми­нистрлік арқылы жасақталды. Махам­бет ауданының Алмалы ауыл­дық округі аумағынан Атырау қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен оларды қайта өңдеу кешені үшін 50 га жер учаскесі бөлінді. Атырау қалалық құрылыс бөлімі арқылы полигон құрылысының жобалау-сметалық құжаттары, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ар­қылы ескі полигонды қалпына кел­тіруді жобалау-сметалық құ­жат­тары жасақталып жатыр. Қазір бұл жобаны Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қар­жыландыру мәселесі бойынша жұ­мыстар атқарылуда. Жоспар бойынша полигон құрылысы 2018 жылы басталады деп күтілуде.

– Осы саланың маманы ре­тін­де сіз­ді не толғандырады? Та­ғы қан­дай проблемалар бар?

– Бір атап өтерлік мәселе, «Қаз­гидромет» РМК және эколо­гия департаментінің бүгінгі қол- д­аныстағы құрал-жабдықтары ауа­дағы ластауыш заттарды анықтағанмен, оның шығу көздерін табуы мүм­кін болмай отыр. Сондықтан «Қаз­гид­ромет» РМК Атырау филиалы және экология департаменті жа­ңа жабдықтармен қамтамасыз еті­луі тиіс. Аудан орталықтарына қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысын, кәріздік тазарту ғимараттарын салу, елді мекендерді құм көшкінінен қорғау жұмыстары да кезек күттірмейді. Мысалы, ауылдарда мал санының шектен артуы елді мекендер айналасының тақырлануына, құм көшкінінің пайда болуына алып келе жатыр. Облыстық та­биғи ресурстар және табиғатты пай­далануды реттеу басқармасы Жы­лыой ауданындағы Құрсай өзені­нің лайлануын болдырмау және са­нитарлық жағдайын, қалыпты гидро­ло­гиялық режімін ұстау» жобасын жүзе­ге асыру, апатты жағдайдағы 14 мұнай ұңғымасын тығындау, 180 гидрогеологиялық ұңғымаларды жою сынды проблемаларды шешу үшін жұмыс істеп жатқанын айт­қым келеді. Алдағы уақытта бұл мәсе­ле­лердің шешімін табарына және өңір­дің экологиялық қауіпсіздігі сақ­талатынына сенімдіміз.

 

Әңгімелескен

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ