Маңғыстауда су мәселесін шешуді одан әрі жандандырып, орындауға болады-ау деген мүмкіндіктерді іске қосу қажет. Қазіргі таңда өңірде теңіздің тұзды суын тұшытатын зауыттар салу мәселесі жиі көтеріліп келеді. Бұл бағытта өздерінің жобаларын ұсынып, күрделі мәселені бірлесе шешуге ынта білдірушілер де жоқ емес. Солардың бірі − «BeltWay Group Limited» компаниясы. 1995 жылы Шанхайда құрылып, бүгінде әлемдік деңгейде түрлі сала бойынша қызмет көрсетіп жүрген аталмыш компанияның басшысы Әли Мохамад «Астана Қызмет-КЗ» ЖШС директоры Болат Ыдырысбаев, «SafBon Water Service (Holding) Inc.» мекемесінің бас менеджері Ванг Ксианмен ат басын Маңғыстауға бұрды. Маңғыстау облысында су тұщыту зауытын салуға қызығушылық танытқан олар бұл тұрғыда дайындаған арнайы жобаларын жұртшылық назарына ұсынды. Су тұщытатын жаңа зауыт соңғы жылдары өркендеп, бірнеше жаңа нысандардың мекеніне айналған, паром кешенімен танымал Құрық ауылынан 22 шақырым жерде орналасып, оған қорек көзі ретінде газ-турбиналы электр стансасы пайдаланылады. Күніне 80 мың текше метр су тұщытатын зауыт өз өнімдерімен «ӨзенМұнайГаз» АҚ, Жетібай, Құрық ауылдары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларын қамтамасыз етеміз деп сендіруде. Сондай-ақ, қуаттылығын бір деңгейде ұстамай, ең озық технологияларды пайдалану арқылы болашақта ауқымды ете түсуді көздейтін зауыттың жобалаушылары Маңғыстауда ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін сумен қамтамасыз етуге атсалыспақ. Жақсы ұсыныстар жерде қалған жоқ – Маңғыстау облысы әкімдігі аталмыш компаниямен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, өңір басшысы Е.Тоғжанов жобаны дайындау және жүзеге асыру мәселелерімен айналысатын жұмыс тобын құруды тапсырды. Өңір үшін ауыз су тапшы деп жайбарақат отыру емес, жоқтан бар жасап, ауыз суды табу жолдары маңызды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы