• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2017

Ағаштан түйін түйетін шебер

338 рет
көрсетілді

Жақында Шығыс Қазақстан облы­сының Катонқарағай ауданындағы Аққайнар ауылында болғанымызда, ағаштан түйін түйетін Байғажы Жа­қияров деген жігіт ағасымен таныстық. Ақжар­қын, әңгіме айтқан кезде тың­даушысын баурап алатын Бәкең бізбен құрдас болып шықты. Есік алдындағы шағын шеберханасына енгенімізде ағаштан ойып жасалған астау, табақ, домбыраны, былғары­дан жасалған әбзел, қамшыны көзі­міз шалды. Бір бұрышта атақ­ты сазгер Шәмшінің бас­бейнесі ағаштан жасалып, сырты қола ұнтағымен боялыпты. «Шебердің қолы ортақ» деген емес пе, Бәкеңнің өнер мен мәде­ниетке жақын екенін сезіп, іштей разы болдық.

− Черновадағы (қазіргі Аққай­нар ауылы) орта мектеп­ті 1967 жылы бітірген соң Абла­кет­ка­дағы ауыл шаруашылығы тех­никумына оқуға түстім, алай­да,отбасы жағдайына байланысты оны бітіре алмадым. Аза­мат­тық борышымды атқарып кел­ген соң шаруашылықта еңбек еттім. Бір күні кеңшар дирек­торы шақырып алып, жас­тармен жұмыс жүргіз, осын­дағы клубқа жетекшілік ет деген соң келісе кеттім. Дом­быра тартатын өнерім бар бол­ған соң, жастардың бос уақы­тын көңілді өткізуге ұйтқы болғанға не жетсін, деген ой келді. Сол кездегі ауыл жас­тары­ның белсенділігі тәнті ете­тін, жұмыстан шаршап келсе де, клубқа келетін, кино кө­ріп, дискотекаларға қаты­са­тын. Қазір ауыл клубтарын­дағы жағдай белгілі ғой. Механизатор болып, темір тұлпарды тізгіндедім, мектепке қайта келіп, трактор пәнінен шәкірттерге дәріс бердім. Сол кезде орта мектепті аяқтаған оқушылар тракторшы куәлігін бірге алып шығатын, − деп бастады әңгімесін құрдасымыз.

Нарықтың қиын-қыстау ке­­зін­­де Байғажы мал бағып, ке­йін кең­шардағы жұмысшылар ко­ми­­тетінің төрағасы қызметін ат­қар­­ған көрінеді. Мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркте қыз­мет етіп жүріп, зейнеткерлікке шық­қан соң Бәкең өзі ұната­тын ағаш­тан бұйымдар жасауға бет бұрды.

− Бұқарбай Жусанбаев деген нағашым ұста, жоқты жонып тапқандай шебер болатын. Сол атамның қасиеті маған дары­ған сыңайлы. Бала кезімде дом­быра жасағаным бар. Кейін бұл әдетті тастап кеткенмін. Зей­нет­кердің уақыты бар, енді ағаштан түрлі тұрмыстық зат­тарды жасай бастадым. Катон­қарағайдың самырсыны мен балқарағайы жұмсақ болған соң соны ермек қылып, шұқылай бастадым. Байқаймын, бұл өнер мені баурап алған сыңайлы.Алайда, тәжірибенің аздығы қиындық туғызды, бір күні алматылық атақты шебер Дәркембай Шоқпаровтың қазақтың қолөнері туралы кітабын тауып алдым. Онда ағаш­тан мүсін жасаудың айла-тәсілдері, қандай материал пайдалану керектігі жазылған. Мен жасаған астау, дабыл, сыл­дырмақ, қобыз, ожау, домбыра, асатаяқ, басқа да заттар бұл күндері аудандық мұражайда, ал Берелден табылған патша мен патшайымның ағаштан жасаған макетім ашық аспан астындағы қорық-мұражайға қойылды, − дейді шебер Б.Жақияров. Бізбен бірге еріп жүрген Аққайнар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы, ауылда жастардың басын қосып, түрлі мәдени шараларға ұйытқы болып жүрген Серікхан Құрманов екі шақырым жерде Байғажының үлкен шеберханасы бар екенін айта келіп:

− Шәмшінің түрін айнытпай салыпсыз. Халықтың сүйікті сазгерінің бейнесін салу жөнінде ой қалай келгеніне тоқтала кетсеңіз, – деді.

− Құрдасым, бұрынғы Катон­­қа­ра­ғай мемлекеттік ұлт­тық мұра­жайының бас дирек­торы Ерен Жұмағұлов бір күні Шәмшінің мүсінін жасау жөнін­де өтініш айтты. «Шәмші­мен таныс емеспін, бет-бейнесін теледидардан ғана көргенмін. Қолымнан келмейді ғой», дегенімде, Ерен құрдасым: «Қорықпа, атақты сазгердің рухы қолдайды», деп Шәмшінің журнал­дағы суретін берді. Үйдің жанында балқарағай­дың шөркесі жатқан. Ағашты жонып, бірнеше күн әурелеп едім, композитордың бейнесі қылаң бергендей болды. Ақыры оны жасап шықтым, көпшілікке ұнай ма, ол жағын білмеймін, − дей­ді қарапайым қолөнер шебері Б. Жақияров.

Сырты қола ұнтақпен боял­ған, алтын түстес Шәмшінің мүсінін далаға алып шығып еді, сазгердің бейнесі жарқ ете қалды. Шебердің сәтті шыққан туын­дысына риза болдық, оған сәттілік тіледік.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы

Суретті түсірген автор