• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2011

Мүдделер тоғысы

411 рет
көрсетілді

Кеше «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумы аясында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев АҚШ-тың Канзас штатының губернаторы Сэм Браунбекпен кездесті. Достық рәуіштегі кездесу кезінде қос тарап Қазақстан-АҚШ әріптестігі туралы өзара пікір алмасты. С Браунбек өзінің ауқым­ды форумға арнайы шақы­рыл­ғаны үшін алғыс білдіре келе, Қа­зақстанның және оның Прези­ден­тінің тәуелсіздіктің 20 жыл­дық мерзімі ішінде қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады. Әсіресе, Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу және таратпау мақсатында атқарған жұмыс­та­ры­на айрықша тоқталды. Сон­дай-ақ, ол еліміздің тәуелсіздік алған күннен бері «ядросыз әлем» идеясын берік ұстанып келе жатқанын, қазіргі күнге дейін көптеген азаматтардың Қазақ­стан­ның ядролық қарудан бас тарту шешімі үшін шексіз алғыс білдіретінін жеткізді. «Қазіргідей тынышсыз, әлі де ядролық қаруды жасау белсенділігі еш бәсеңсімей тұрған заманда мұндай шешімнің рөлі тіпті де жоғары. Бұл Қазақстанның ядро­лық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болуына толықтай мүмкіндік береді, – деді С. Браунбек. – Бұған қоса, мен Қазақ­стан жеріне екі ел арасындағы сау­да-экономикалық байланыс­тар­ды жандандыруға ниеттестік таныту мақсатында келіп отыр­мын. Бұл орайда, ауыл шаруа­шы­лығы саласына озық технологиялар енгізу жағына да айрықша мән беруіміз қажет.  Жақын бола­шақ­тағы 30 жыл ішінде әлемде тұтынатын азық-түлікке қажетті­лік көп есе артады. Қазіргімен са­лыстырғанда. Бұл ретте, Қа­зақ­стан мен Канзас ауыл шаруа­шылығы саласында тиімді әріптестік орната алар еді». Кездесу кезінде қос мемле­кет­тің ауылшаруашылық, мәшине жасау және гуманитарлық сала­ла­рдағы тиімді әріптестік жайы сөз болды. Бұл ретте,  биылғы жылдың шілде айында Қазақстан мен АҚШ арасында ғылыми-тех­никалық ынтымақтастық әлеуе­тін көтеруді көздеген арнайы ке­лісімнің өз күшіне енгенін айтуға болады. Бұл келісімге өткен жылы Н.Назарбаевтың Вашинг­тон­ға сапары кезінде қол қойыл­ған-тұғын. Енді, міне, аталған құжат осы саладағы әріптестікті ны­ғайта түсуге жол ашқалы отыр. Екі ел арасындағы байланыс тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Назарбаев университеті мен АҚШ-тың жетекші деген жоғары оқу орындары арасында да мықты әріптестік тетігі орнап келеді. Мәселен, 2008 жылы қол қойылған «Канзас университеті мен Қазақ агротехникалық университеті арасындағы түсіністік туралы» меморандум ендігі кезекте АҚШ-тың инновациясы мен жоғары технологиясын белсенді пайдалануға, оларды Қазақ­станның агроөнеркәсіптік секто­ры­на да бағыттауға сеп болмақ. Қанат Саудабаев пен Сэм Браунбек болашақта Қазақстан-АҚШ әріптестігін одан әрі ны­ғай­та түсуге мүдделі әрі дайын екендіктерін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.