• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2011

Көңіл айту жеделхатын жолдады

366 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Халқымыздың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақ елі «Тұмаш» деп еркелеткен ардақты азамат, ұлттық поэзиямыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жыр алыптарының үркердей тобына жататын санаулы қайраткерлердің бірі еді. Сезім мен нәзік лириканың теңдессіз шебері Тұмағаңның өлеңдері көптеген жүрекке өшпестей жол салғаны шүбәсіз. Жан-дүниеңді үйіріп, рухыңды асқақтата білетін шыншыл да тәкаппар поэзиясы бұл күнде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына, халқымыздың рухани байлығына айналды. Қаламгердің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол өміршең өлеңдері өшпейді деп білемін. Марқұмның жатқан жері жарық болып, нұрлы да мөлдір жаны пейіште шалқысын демекпін», делінген жеделхатта.