Ішкі туризмді дамытуға, өзге елді қызықтыруға, Құдайға шүкір, қазақта жер жетеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана «Шіркін-ай, Алакөлді неге пайдаланбаймыз, неге дамытпаймыз?!», деп байбалам салу сөз ұстаған кім кімнің де үйреншікті гөй-гөйі болатын. Үйреншікті болғасын, айтылған сөз айтылған жерде, қақсауық кәрінің бос байбаламындай елеусіз қала беретін. Айта тұрып, өзіміз де онша құнттай қоймайтынбыз. Әйтсе де, соңғы жылдары бұл тарапта әкімшілік тарапынан мәселе қозғалып, арнайы бағдарламалар жасалған. Әр істің басталуы да, нәтижесі де елдің көз алдында. Алакөлге қатысты айтқанда, күні кеше ғана қолдануға берілген Үшарал әуежайының өзі неге тұрады! Бұл әуежайдың құрылысы басталған 2015 жылы бұдан өзге де шаруалар қолға алынған. Одан бері де екі жыл өте шығыпты.
Енді бүгін қарасақ...
Алакөл туристік аймаққа айналып келеді екен. Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен барған арнайы сапарда осыған көз жетті.
* * *
Талдықорған-Алакөл бағытындағы ең көп айтқан сөзіміз – «жол тозыпты-ау» болған шығар. Алматы төңірегіндегі кімді сөйлетсең де, осы жол мәселесін айтады. Алдағы күндерде әне-міне құрылысы басталайын деп тұрған жаңа жол келер жылы Алакөлге асығушыларды көлдің ыстық құшағымен тезірек қауыштырады дейді. «Ертең жөнделмек жол болса, бұл азапты көрушінің соңы біз екенбіз ғой», деп, дәт бекітіп, күш жиып дегендей, алты жарым сағаттық жолды артқа тастап, жеткенімізде... Алакөлде күн жанып, құйын ойнап тұр екен. «Жаңбыр бір жауса, ағаш екі жауып» дейтін бе еді бір жолаушы? Біздікі де соған ұқсас кеп: күн бір күйдірсе, жел екі күйдіріп, апшыны қуырып барады.
Біз тоқтаған «Aquamarin resort» демалыс аймағы – ат шаптырым жерді алып жатқан, халықаралық деңгейде қызмет көрсететін осы маңдағы алдыңғы қатарлы орталық екен. Қонақ үй көл жағасына орналасқан. Десе де, көлді әлі көре қойған жоқпыз. Бір-біріне жалғас тізіле қалған медпункттен бастап би залына дейін салынған еңселі ғимараттар назарыңды алысқа жібере қоймайды. Жол үстінде бетіне мұнар қонақтап, көгеріп-сұрланып қана көрінген мақтаулы көлдің ақ толқынына қол артпай, көрдім дей алмайтының тағы анық.
Сөйтсек, бұл уақыт – Алакөлдің толқыны жағаны күшене соғып, аса буырқанбаса да, біраз сергіп алуға бел буған кезі екен. Біз келердің алдында ғана демалушыларды жағадан қайтарып, барар жолды жауып тастапты. Жарты сағат өтпей, тыншығандай көрінгесін, қайта ашты. Біздің табанымыз жағаға тиген шақта – көл әжептәуір жуасып қалыпты, содан да болар, әйгілі аққу-көбікті көре алмадық. Біз естігенде, майда толқындардан туатын ұсақ көпіршіктер көз ұшында мыңдаған аққу жүзіп жүргендей көрінеді деп еді. Алакөлдің Алакөл атануы да сол «аққулардың» арқасы деседі. Ал суы – мақтаса мақтағандай-ақ. Жағалауда жүрген мыңдаған адамның аяғы жабыла кешкенмен, тұнығын шайқай алмапты. Жағалау десе көз алдымызға құм елестейтін, бұл ара – ұсақ, қиыршықты, қап-қара малта тас. Көлдің құрамында адам денсаулығына пайдалы йод пен тұз көп деген, бәлкім соның әсері, сұлудың қарашығындай мөлдіреп жатыр. Тас тазарса – қараяды екен-ау деп ойладық. Сол тұста біздің бір әріптес әзілдеп айтты: «Біздің алдағы міндет – үш күн ішінде осы тас сияқты қап-қара болу», деп. Кейін білдік, тастың қара болып көрінуі де алдамшы көрініс екен, ертеңіне, түс әлетінде көрдік, өзінің әдепкі сұрғылт түсін тауыпты. Сөйтсек, күннің әр мезгіліне орай көл келбетінің құбылуымен тастың түсі де өзгеріп отырады екен. Түс мезгілінде көл көгілжім түске еніп, бар сұлулығымен алдыңа тартылады. Бесін ауа көл бетін әлсіз мұнар бүркейді де, көкжиек қызара бастағанда тарап кетеді екен. Тастың қара түске көшетін мезгілі осы мұнармен байланысты көрінеді.
Тереңге сүңгіп көрген жан біледі, әдетте өзге көлдерде судың беті жылымшы болады да, сәл тереңдесең, салқындап сала беретін. Алакөл бұл жағынан тұрақты екен, қалай сүңгісең де біркелкі температурасын өзгертпейді. Аса асау болмаса да, тынымсыз жағаны тепкілейтін де жататын толқындарының тынымсыздығы көлді ылғи да қозғалыста ұстайды. Тұнықтығы да, бір келкілігі де сонысынан.
Тұрғылықты халық Алакөлге Шыңғыс ханның жорық үстінде тоқтап, қосын тігіп, еру болғанын аңыз қып айтады. Көкбөрі болып күн кешкен сонау бір замандарда айлап-жылдап жорықта болып, шайқастан қайтқан қазақ жауынгерлерінің жарасын жалап жазар қоналқасы да – осы көл болған деседі. Тіпті күні кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан жараланып қайтып, жарақатының орны бітпей қойған солдаттар да осы судан дәру тауыпты. Одақ кезінде салынған Ғарышкерлер үйі де жайдан жай салына салды деймісіз! Одақ көлемі емес, әлемдік ғарыш стансаларынан адамдар арнайы келіп, ат байлаған әйгілі көл бүгін де іздеусіз, сұраусыз емес. Ғарышкерлер қазір де ұшу кезінде алған радиацияның әсерінен осы жағалауда жатып айығуды құп көреді. Адам денесінде өмір бойы сақталатын, зардабы әдеттегі вирустардан әлдеқайда қауіпті саналатын радиацияның өзін жеңілдетерлік қауқары бар су – қасиетті емей не?! Демек, Алакөлдің мүмкіндігі шексіз. Алдымен, мынадай сұлу көрініс, одан соң, әлгіндей емдік қасиеті кім кімді де мұхит асып келіп, апталап-айлап жатуға мәжбүрлемей ме!
Алматы облыстық әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан шаруалар да осы мақсатқа бір табан жақындата түсері сөзсіз. Олай дейтініміз, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы бос жатқан оңтайлы жағалаудың талайында бүгінде тіршілік қайнап жатыр. Бұрындары, әркім өз білгенімен қонып, қалауынша шомылып, алаңсыз ластап, жөніне жүре беретін, шарап ішіп, шалқып қайтатын аймақ – жақын маңдағы ағайынның ғана маңдайына бұйырған еншілі сыбағасындай есептелсе, бүгінде республиканың әр түкпірінен ағылып келіп жатқандардың қарасы аз көрінбеді. Біз тоқтаған демалыс орнынан бөлек, қатарлас, иықтас орналасқан қаншама заманауи үлгідегі орталықтар мен Ақши ауылының тұрғындары шама шарқынша жасаған арзандау қонақ үйлерге түскен демалушылар арғы-бергі жағалауды қарақұрым кісіге толтырып-ақ жібереді екен.
Мұның бәрі «теңіздің дәмі тамшысынан» дегендей, біздің бір ғана аймақты шамалап шолып шыққандағы көргеніміз. Нақты мәліметтерге сүйенсек, Алакөлдің айналасында орналасқан демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, емдеу-сауықтыру орталықтары және туристік кешендердің жалпы саны – 132-ге жеткен. Бұл көрсеткіш бір қарағанда жеткілікті көрінуі де мүмкін, бірақ, Алакөл ауданы аумағында жаз маусымы аса ұзақ бола қоймайды, сол себепті, демалушылардың дені қаптап келетін кез – жаз айлары. Мұндай кезеңде келушілердің бәрін қабылдай алғанмен, кей реттерде орын таппай қалып жататын да жағдайлар болмай тұрмайды. Тапса да, біраз сарсаңға түсіп, орын іздеп көп жүріп қалған тұтынушылар екінші мәрте келуге онша құмарта қоймасы анық. Сол себепті, кез келген жағалауда жеткілікті жағдай жасалуға тиіс. Соңғы уақыттағы көлге деген құмарлық артқан. Айталық, 2015 жылы шамамен 150 мыңға жуық адам келсе, былтырғы көрсеткіш бұдан үш есе (452700) жоғары болған. Бір жылда осынша көрсеткішке өсу – көл тарихында бұрын-соңды болмаған. 2014 жылдан бергі өсу көрсеткішіне көз жүгірсек (2014 жылы 91440 адам), көлге ерекше көңіл бөлген соңғы үш жылдың үлкен нәтиже бергенін көреміз. Биылғы демалушылардың саны 700 мыңнан асады деп жос-парланып отыр.
Сұраныс артқан жерге инфрақұрылым да көптеп салынады. Алматы облысының туристік әлеуеті инвесторлардың көптеп тартылуына ықпал еткен. Былтыр облыста жеке инвестициялардың есебінен 43 туризм нысаны қолданысқа берілсе, олардың 30-ы Алакөлдің жағалауына салынған. Биыл да 30 нысан іске қосылмақ (біразы жұмысын бастап үлгерген). Мұның сыртында көл жағасын абаттандыру, заманауи көлік жолдары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар сияқты өзге де шаруалар қолға алынуда. Мәселен, биыл елдің ең көп келетін Ақши кенті аумағына қарасты көлдің сол жағалауында 15,53 шақырым, оң жағалауында 8,25 шақырым автокөлік жолдары қайта жаңғыртылмақ. Осы және өзге де жоспарлар ойдағыдай жүзеге асса келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады дейді. Облыс бойынша бір жылда салынған 43 нысанның 30-ын жеке дара иемденген Алакөл үшін 50 пайыздық пайда әкелу де аса қиын шаруа емес сияқты...
* * *
Сапарымыздың екінші күні облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік комуникациялар қызметі ұйымдастырған арнаулы шаралармен басталды. Негізгі тақырып – рухани жаңғыру. Облыстық аумақпен шектелмей, республиканың әр түкпірінен жиналған блогерлер басқосуын «BlogCamp Alakol summer school» деп атапты. «Жазғы мектептің» негізгі мақсаты − БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы елімізге кеңінен танылған мамандардың шеберлік сағатын өткізіп, бүгінде ақпарат әлемінде белсенділік танытып жүрген жастарға үлгі беру. Салтанатты ашылу ашық күннің астында өтті. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жақсы бастамаға сәттілік тілеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастап, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек, Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Артур Нығметов және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев сөз сөйледі.
Алматы облысы әкімінің орынбасары өз сөзінде қызық статистика келтірді. Айтуынша, 2008 жылы әлеуметтік желі қолданушылары Алматы облысында небәрі 7,3 пайызды құраса, 2016 жылғы көрсеткіш – 88,2%-ға жеткен. Сегіз жыл ішінде осынша деңгейге өскен көрсеткіш облыс жұртшылығының интернет мүмкіндіктерін жеткілікті деңгейде пайдалана алатынын көрсетеді. Бұдан былай әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратушылардың рөлі арта беретіні анық. Сол себепті, блогер атаулы не жазып, не қою керегін, әлеуметтік желіні қалай пайдалануды білуге тиіс. Сондықтан, бұл шеберлік сабақтардың маңызы жоғары.
Бұл тараптағы тізгінді бірінші болып желіде 45 мың оқырманы бар Әлішер Елікбаев ұстады. Әлеуметтік желінің тарихынан бастап, бүгінгі күні қоғамдағы маңызы мен ықпалы жайында; интернетпен жұмыс істеудегі қарапайым, негізгі қағидалар, не жазу керек, қанша жазу керек деген әңгімеден басталған лекциясында блогер белгілі адамдардың, саясаткерлердің сәтті посттарына тоқталып, әлеуметтік желі арқылы республикалық деңгейде қаралған мәселелерге дейін сөз қылды. Оның айтуынша, «әлеуметтік желі – әр адамның жеке ақпарат құралы». Жақсы жазсаң, ауқымды, белді мәселелерді көтерсең – оқырманың өсе түседі. Біздің ең көп сүрінер жеріміз жойдасыз көп жазу. Оның өзіндік ұстанымдары бар: қысқа, нұсқа, нақты жазу. Ең көп дегенде күніне 1-2 пост, аптасына кем дегенде 2-3 пост жазбақ ләзім. Бір аптадағы барлық жазғаныңның асса біреуі өзің жайлы болуы мүмкін, қалғаны, қоғамдағы көкейкесті мәселелерге арналса, сен дұрыс жолдасың деген сөз. Сосын, әлдебіреулердің өтінішімен қандай да бір тауарды жарнамалау, жергілікті әкімдіктің атқарған шараларын жаза беру де блогердің беделіне нұқсан келтіреді. Әрине, жазу керек, бірақ, белгілі бір деңгейде.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның лекциясы біз көп мән бере бермейтін тақырыпқа арналыпты: «Google» ақпараттық жүйесін тиімді пайдалану. Құрылуы 1998 жылға барып тірелетін бұл жүйесіз бүгінгі ақпарат кеңістігін елестету мүмкін емес. Дүниенің қай бөлігінде де, қоғамның қай саласында да аса маңызға ие. Біз, әдетте, есімізге түсіре алмаған фразаларды, нақты бір цифрларды іздегенде «гуглить» етіп жіберетін жүйені – бизнесті, туризмді дамытуға қалай пайдалану керек деген сұрақ төңірегінде нақты мәліметтерге сүйене отырып, қызықты дәріс өткізді. Ол ғана емес, еліміз, оның ішінде әр өңір туралы қандай мәліметтер бар, қандай жетістігіміз орналасқан деген сұрақтың айналасында да көптеген статистика келтірілді. Бір қызығы, осы лекцияға дайындық кезінде, саясаттанушы ешқандай статистикалық орталықтың мәліметіне сүйенбей-ақ, өзі зерттепті. Бұл тарапта ең алдымен мән берілетін дүние – тіл мәселесі. Қазақ тілді ақпараттың аздығы. Қазақстанның қай өңірін іздесеңіз де орыс тілді ақпараттар басым. Қазақ тіліндегі ақпараттар орта есеппен алғанда 10 есе аз болып келеді екен. Мәселен, «Алматинская область» деген сұранысқа 5,4 миллион, «Алматы облысы» дегенге – 643 мың ақпарат шығады.
Біз жайлы білгісі келген жат елдіктер міндетті түрде туризмді қарайды. Қаншалықты жолға қойылған, не бар, не жоқ? Міне, осы кезде аталған жүйені пайдаланудың маңызы артады. Мәселен, «Google» жүйесінде алғашқы ондық деген ұғым бар. Ел көп іздейтін тақырыптар ең жоғарыға орналасады. «Бір қызығы, кей аймақтардың туризмін іздесең, жергілікті әкімшіліктің сайты, әкімнің суреті шыға келеді. Бұл – біздің дұрыс жұмыс істемейтіндігімізді көрсетеді», – дейді А.Сарым. «Google» компаниясымен келісіп, алғашқы ондыққа туризмді, Қазақстанның қасиетті орындарын, тарихын, соңғы жаңалықтарын орналастыруға болады. Өзге елдің өкілі «Қазақстан» деп іздегенде, бәрі рет-ретімен шығып тұруға тиіс.
«Туризмді дамыту жол жөндеп, қонақүй салумен бітпейді. Туристерді тарту үшін – жарнама жасалуға тиіс. Ал, жарнама дегеніңіз осындай қарапайым дүниелерден бастау алады. «Google» жүйесінде жағымсыз ақпараттарды төмен түсіру деген опциялар бар. Компания өкілдерімен келісе отырып, әр облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі осымен айналысуы керек» деп есептейді саясаттанушы. Сонымен қатар, тағы бір қызық ұсыныс айтылды. Елімізге әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларды шақырғанда жасалатын келісімшартқа: «Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңда біздің ел туралы (немесе белгілі бір нысан) бір ауыз жақсы сөз, үш-төрт сурет саласың» деген шарт енгізу керек дейді. Себебі, бүгінгі негізгі жарнама әлемдік тұлғалардың айналасында жүріп жатыр. Атақты футболшы Криштиану Роналдудың парақшасына 10 миллионнан астам адам тіркелген. Оны ары қарай бөлісетіндерді қоссаңыз, нағыз жарнама дегеніңіз сол. Осындай ұсақ-түйек дүниелердің өзі еліміздің әлем алдындағы беделін қалыптастыруға ықпал етеді. Комуникациялар қызметі айналысуға тиіс бір шаруа осы және өзге де заманауи тетіктерді пайдалануды игеру деп санайды саясаттанушы.
* * *
Естуіміз бойынша Алакөлдің жанға дауа, ауруға дәру болар кезі – таңғы сағат 4 пен 6-ның арасы деген. Күн шықпай тұрып, түн көбесі сөгіле судың бетін жұқа йод қабаты жабатын көрінеді. Сол себепті, көлге осы екі сағат аралығында қалай да түсу керек! Көлге бара қалсаңыз, осы бір сөзді естімей қайтуыңыз мүмкін емес. Кімнен сұрасаңыз да соны айтады: Алакөлде демалудың бір шарты осы. Халықтық сипат алу дегеніңіз осы болса керек.
...Шығыстың жүзіне қан жүгіре бастағанда аптығып көл жағасына біз де жеттік. Көз алдың түгел көкжиек. Ал, одан сәл беріде жұрт Аралтөбе деп атайтын көл ортасындағы төбешік күндізгідей мұнартпай, бар болмыс-бітімімен көз ұшында керіліп жатыр. Таңғы тыныштық деген сөзді көлге қарап сезіну керек шығар, сірә. Былайғы кезде де аса асаулық таныта қоймайтын көл ұсақ толқындарымен жағаны әлсіз ғана қытықтайды. Тепкіленбейді, екіленбейді. Жай ғана сипай соғады. Жағадағы әлсіз толқын алыстаған сайын болымсыз дірілге ұласады. Ары қарай аспаннан моншақ төгіп тастаған сияқты. Білінер-білінбес бүлкілдеп қайнап жатқандай. Жағаны әлсіз ғана соғып, кері серпілген толқынмен бірге көлдің құшағына қойып кеткің келеді. Тіпті, сонау қызарып жатқан көкжиекке дейін су емес мамықтың үстімен қалқып, жетіп бара салардайсың.
Көріктен шыққандай қызарып, күн де көрінді-ау, ақыры. Шығыстан емес, көлден шыққандай. Судың жып-жылы болып тұрғаны, түнімен осы күнді құшағына қысып алып жатқан екен ғой деген балаң қиял иектейді, бір түрлі. Дүние түгел қып-қызыл. Күн де, су да, аспан да, жер де – бәрі қызара бөртіп, тіршіліктің жаңа бір күнін бастады. Тіршілік жағалаудан басталады екен. Алакөлден басталады екен...
Айтары жоқ, көрерге көз, кестелеуге тіл керек. Ақын болмағаныңа өкінесің...
Таң қаларлығы, осы бір сәтпен астасып, жүзі алаулап қаншама адам жүр жағада. Алакөлдің таңғы шағы да – өзінше бір базар екен.
Күні бойы көлдің осы сұлулығын айтып, елдің құлағын аз қажаған жоқ шығармыз. Қайтар қарсаңда, түс ауа жағаға тағы бардық. Мұнымды да көріп қал деді ме екен, әлгі ел көп айтатын аққу-толқынын жүздіріп, жағадан бастап көз ұшына дейін ағара шайқалып, шалқып жатыр. Енді күмән жоқ, Алакөлдің символы – аққу толқын. Аққу бар деп естідік, бірақ, сол аққуыңыз Алакөлдің өзі мүсіндеген аққудың жанында аса сұлу көріне алмайды-ау.
Қимай қоштастық. Алакөл ару – ақ моншағын тағынып, әшекейін жасанып, алыстан қол бұлғайды. Көз ұшында мың-миллион аққу жүзіп жүр...
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Суреттерді түсірген
Жеңіс ЫСҚАБАЙ