• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Тамыз, 2017

Екіжақты қатынастардың ауқымы кең

250 рет
көрсетілді

Тегеранда Иранның жаңадан сайланған Президенті Хасан Руханидің қызметке кірісуінің салтанатты рәсімі болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұлықтауға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысты.

Салтанатты рәсімнің қар­саң­ын­да Қ.Әбдірахмановтың Иран­ның жаңадан сайланған Пре­зидентімен кездесуі болып өтті. «Бүгін Иранның ғана емес, сіздің еліңіздің барлық достарының өміріндегі айтулы күн. Сізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құт­тықтау мен үшін үлкен құрмет. Соңғы жылдар ішінде сіз Қаза­қ­стан бас­шысымен бір­лесіп екіжақ­ты қа­тынастарды стра­те­гия­лық ынты­мақтастық деңгейіне көтер­діңіздер», деді Қ. Әбдірах­манов.

Министрдің айтуы бойынша, екі елдің сыртқы саясат қыз­ме­тінің міндеті 2016 жылдың ішінде өткен Н.Назарбаевтың Тегеранға және Х.Руханидің Астанаға са­парларының шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асырылуына барынша атсалысу болып табылады. Транзиттік көлік, туризм, ауыл шаруашылығы, кен өндіру салаларындағы жобаларды сапалы жүзеге асырудың маңызы зор.

Министр Иран Президентін 10-11 қыркүйекте Астанада өте­тін Ислам ынтымақтастығы ұйы­мы­ның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне жүргізіліп жатқан дайындық ту­ралы хабардар етті және Қазақ­стан Президентінің бүкіл ислам әлемі үшін маңызды осы іс-ша­ра­ға қатысуға шақыруын жет­кізді.

Өз кезегінде Иран Президенті де екі елдің даму үстіндегі ынты­мақ­тастығын қанағаттанарлық сезіммен атап өтті. «Президент Н.Назарбаев пен екеуіміздің арамызда екеуара достық және өзара толық түсіністік бар. Қа­зақ­станның басшысы – әлемде аса құрметті тұлға, ол бүкіл өңір үшін көп­теген жақсы істер істеді», деп атап өтті Иран Президенті. Х.Ру­хани Астанадағы ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитінің өткізілуіне риза­шы­лығын білдірді және Иран­ның осы маңызды оқиғаға қатыса­тынына сендірді.

Бұдан басқа, Х.Рухани Қа­зақстан-Түрікменстан-Иран те­мір жол магистралын дамыту­ды, Каспийде теңізбен жүк және жолаушылар тасымалдарын жолға қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қоса ал­ғанда, барлық бірлескен эконо­ми­калық жобалар бойын­ша Иран­ның Қазақстанмен өзара тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Иран басшысы Каспий ма­ңы мем­лекеттерінің сауда, кеме қаты­насы, экология сала­лар­ындағы ынты­мақтастығы дамып келе жат­қанын жеткізді.

Қазақстан-Иран ын­ты­мақ­тастығының барынша егжей-тегжейлі мәселелері Қ. Әбдірах­мановтың өз әріптесі – Иран Сыртқы істер министрі Мохам­мад Жавад Зарифпен жүргізген келіссөздердің барысында тал­қыланды. Әңгіме барысында бүгінде бірнеше жүздеген миллион доллар соманы құрайтын 21 инвестициялық жоба әзірленіп жатқаны сөз болды.

М.Зариф Иран үшін Қазақ­стан маңызды серіктес, тату көрші ел екенін сөз етті. Оның пікірінше, өткен жылғы президенттер деңгейіндегі өзара сапарлар екіжақты қатынастарды айтарлықтай ілгерілетті. Иран жағы Президент Н.Назарбаевқа оның өңірлік және халықаралық істердегі рөлі үшін үлкен құр­мет­пен қарайды. М.Зарифтің айтуы бойынша, біздің еліміз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына қол жеткізуде және оны іске асыруда пайдалы іс атқарды және Иран Қазақстанның осы мәселеге іскерлік қатысуын жалғастырады деп үміттенеді. Иран министрі кәсіпкерлер үшін оңайлатылған визалық режімді қамтамасыз ету, туристермен алмасуды ұлғайту қажеттігі, сондай-ақ банкаралық байланыс­тарды жолға қою мәселелерін қозғады.

Келіссөздер барысында та­раптар халықаралық күн тәрті­бінің әртүрлі мәселелері, оның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раундына дайындық, Таяу Шығыстағы жағдай, сондай-ақ исламаралық жақындасу саласындағы бастамалар бойынша пікір алысты.

Тегеранға жасаған бір күндік сапарының барысында Қ.Әбдірахманов Қазақстанда жұмыс істейтін немесе біздің елге инвестиция салғысы келетін Иранның ірі бизнесмендерімен кон­сультациялар өткізді. Министр Қазақстан Үкіметінің эко­номикалық дипломатияны күшейту және экономиканың басым секторларына инвестор­лар тарту жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Иран кәсіпкерлерімен кездесу кезін­де Қазақстан мен Иранның ара­сындағы сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін шешу қажет болып тұрған өзекті проблемалар сөз болды.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»