Қазір медиаторлардың көмегіне жүгініп, күрмеуі қиын болған ісінде екі тарапты да риза етер оң шешімге қол жеткізіп жүргендер жоқ емес.
Тараптарды татуластырудың оңтайлы жолы саналатын медиация әдісі жоғары бағаланып, 5 тамыз еліміз бойынша медиаторлар күні болып белгіленген еді. Аталмыш мерекені Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» КММ жанынан арнайы ашылғаннан бері өз жұмысын тұрақты және жемісті жүргізіп келе жатқан Медиация кабинеті де атап өтті. Мерекеге орай Ақтаудағы Достық үйінде «Ашық есік» күні өтті. «Ашық есік» күнін тоқсан сайын өткізіп, алуан істердің оң шешілуіне, сондай-ақ айтары бар тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға отыратын кәсіби медиаторлар бұл күні де іске белсене кірісті.
«Ашық есік» күні Ақтаудағы «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ кəсіби медиаторлары А.Иманқұлова, Н.Сыдықова, М.Нұржанов, А.Қадыров С.Нәбиев және Қ.Аманжол кезекшілік етіп, қала тұрғындарына тегін кеңестер берді.
Ашық есік күні тұрғындардың өтініштері немесе басқа да медиациялық процедуралар тегін жүргізіліп, бұзақылық, ұрлық, қызметін асыра пайдалану, алимент өндіру, қарыз ақша өндіру, ажырасу даулары бойынша медиациялық келісімге бірнеше арыз қабылданды.
– Медиация кабинетіне халықтың сұранысы, қызғушылығы жоғары. Келушілердің талғамына сай қызмет ету – медиаторлардың да басты мақсаты. Сондықтан, олар да өз кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп, курстар мен семинарларда шыңдалып отырады, өзге іс-тәжірибелермен бірге, халқымыздың шешендік сөздерін оқып, билер тағылымына сусындайды. Қиын істерде екіжақты келісімге келіп, ортақ дауларға оң шешімдер тауып, татуласып жатқандар да аз емес, дейді «Қоғамдық келісім» мекемесі директоры А.Жайылханова.
«Ағайын тату болса, ас көп» дейді халық тағылымы. Берекелі, мерекелі өмір сүру – әрбір адам үшін басты қажеттілік.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы