• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Кино 08 Тамыз, 2017

Ұлттық фильмнің рөлі нақтыланды

283 рет
көрсетілді

Қазақта «тауына қарай аңы, заманына қарай заңы» деген аталы сөз бар. Сол айтпақшы, өркениет көшінен қалмай болашаққа бет алған мемлекетімізде мәдениет туралы заңның оқтын-оқтын қайта қаралып, толықтырылып, жетілдіріліп отыруы – уақыт талабы.

«Мәдениет» сөзінің өзі латын тіліндегі «тәрбиелеу», «білім беру», «даму», сонымен қатар, «өңдеу» деген мағынаны беретінін ескерсек, осынау ұғымды қамтитын заң баптарының жиі өзгеріп, жаңарып отыратыны түсінікті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында алға қой­ған ауқымды мақсат-міндеттерді орындау ішін­ара еліміздегі мәдениет саласына қатысты заң­­дар шеңберінде жүзеге асатындықтан, бү­кіл елі­мізде осы бағыттағы жұмыстар қауырт қол­ға алынып, кешенді түрде басталып та кетті.

Ескеретін жағдай, мәдениет, руханият кең мағыналы әрі ауқымды сала болғандықтан, бұл мәселеге қатысты құқықтық нормалар бірнеше заң құжаттарында сөз болған. Демек, Парламент депутаттары қабылдап, Елбасымыз қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы арқылы «Мәдениет туралы» Заң ғана емес, еліміздегі бірқатар заңнамалық актілер жаңарып отыр. Атап айтар болсақ, жаңа құжат қабылданысымен «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің кейбір баптары өзгеріске ұшырады.

Дау туғызбайтын бір анық нәрсе, бұл өзгерістер мен толықтырулар еліміздегі мәдениет саласын басқару мен реттеу, ұлттық өнерді дамыту, елдің мәдени-рухани әлеуетін көтеру секілді міндеттерді кешенді түрде іске асыруға бағытталған.

Сонымен, «жаңа заң бізге не береді, нендей жаңалығымен зиялы қауымды қуантып отыр?» деген сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Әуелі, заңның 1-бабы арқылы «Мәдениет туралы» Заңының негізгі ұғымдарына енгізілген жаңа сөздер мен сөз тіркестеріне қарап, әсіресе, кино өнеріне, отандық кино саласын дамытуға қаншалық көңіл бөлінгенін байқаймыз. Соңғы техника мен технологияның арқасында аса қарқынды дамып отырған әлемдік кинематография бұл саланың қоғам өмірінде қаншалық маңызды рөл ойнайтынын айшықтап берді. Жаңа заңға бастамашы болған азаматтар да бүгінгі таңда киноның қуатты идеологиялық қаруға айналғанын түсініп, қазақ киносын көштен қалдырмай жетілдіруге күш салғанын пайымдауға болады. Осы орайда талантты режиссер, киносценарист Сатыбалды Нарымбетовтің «кино өнеріне қатысты арнайы заң қабылдау керек» деген сөзін де ұмытпаған жөн. Алайда, асықпай айрықша талдауды талап ететін бұл ұсыныс та алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттеміз.

Заңның 28-бабы қазақ киносын, ұлттық фильм өндірісін оңтайландыру мақсатына арналған. Заңдық өзгерістерде: ең алдымен, фильмді өндіру, тарату және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) кезінде смета бойынша жұмыстардың жалпы көлемінің кемінде 70 пайызын Қазақстан аумағында тіркелген кинематографиялық ұйымдар жүзеге асырса; екіншіден, Қазақстан азаматы және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға фильмнің продюсері болса; үшіншіден, фильм түсіретін топтың құрамына (режиссерлер, операторлар, дыбыс операторлары, киім суретшілері, монтажшылар, басты рөлдерді орындайтын актерлер) 30 пайыздан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматы емес тұлғалар кірсе; төртіншіден, фильм өндірудегі шетелдік инвестициялар фильмнің сметалық құнының 30 пайызынан аспаса, – сонда ғана ол ұлттық фильм болып саналатыны тайға таңба басқандай нақтыланған. Сондай-ақ, елімізде ратификацияланған тиісті халықаралық шарттарда айқындалған талаптарды сақтай отырып, шетел кинематографиялық ұйымдарымен бірлесіп түсірілген фильмдер де ұлттық болып табылатыны белгіленді.

Бізде түсірілген фильмдердің прокаты көбінесе орыс тілінде таралып, мемлекеттік тілде сөйлейтін отандастарымыздың талап-тілегі ескерілмей жататыны жастар арасында көп сөз болып жүр. Соңғы жылдары осы мәселе біршама оң шешімін таба бастады десек те, жаңа заңда кино саласындағы тіл мүддесі арнайы нормалармен ретке келтірілген. «Фильмдерді прокаттау тілі» деп аталған 28-баптың 4-тармағында жазылғандай, бұдан былай еліміздің аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады.

Міне, көзіміз жетіп отырғандай, заңдағы толық­тырулар еліміздің мәдениетін дамы­туға зор үлес қосып, осы салаға қатысты бірқа­тар мәселерді шешуге жол ашып отыр. Оның тағы бір көрінісі – театр, цирк қыз­метіне қатысты. Қуанарлық жағдай, алғаш рет театрлардың алдына қойылған міндеттер нақты айқындалып, театр қойылымы, режиссер-қоюшы, қоюшы балетмейстер, қоюшы-суретші секілді түсініктерге заң жүзінде алғаш рет анықтама берілген екен. Мемлекеттік театрлардың қызметімен байланысты салық төлеу проблемалары, цирк қызметіндегі мемлекеттік сатып алу мәселелері де осы Заңмен реттелмек.

Жарияланған статистикалық мәлімет­терге қарағанда, елімізде 2013-2015 жылдары 40 мәдениет ошағы жабылып қалған. Соңғы жиырма бес жыл көлемінде ауылдық жерлердегі клуб, кітапханалардың жабылуы, олардың ғимараты жекелердің қолына өтіп, жергілікті тұрғындарды рухани-мәдени тұрғыда біріктіретін ұйымдардың күйреуі бәріміздің жанымызға батып жүрген жайт. Қоғамды кері тартып тұрған осы бір келеңсіз процеске де жаңа заң тосқауыл қойып отыр. Яғни, бұдан былай мәдениет ошақтарын құру, қайта құру және жою мәселелерін жергілікті басқару органдары өз бетінше шеше салмайды, міндетті түрде құзырлы органмен келісіп жүзеге асыратын болады. Бұл, сөз жоқ, мәдениет ошақтарының себепсіз жабылуына бөгет болып қана қоймай, министрлік тарапынан мәдениет ошақтарына мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, еліміздегі мәдениет мә­селесіне қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырлар енгізуге бағытталған осы заңның зиялы қауымның қызу қолдауына ие болғанын жоғарыда айттық. Тарихи-мәдени мұра нысандары мен құндылықтар шоғырланған жерлерде музей-қорықтар құруға жол ашылуы, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесіне тереңдей көңіл бөлінуі ұрпақ қамын ойлағаннан туған қадам екені рас. Бұл Елбасының соңғы мақаласында сөз болған киелі жерлерді қорғау, «Туған жер» бағдарламасын жасап, осындай шаралар арқылы жастарға патриоттық рух беру мақсатына сай деуге болады. Ал еліміз тәуелсіздік алып, жаңа тұрпатты мемлекеттілік құра бастағалы «өз арбасын өздері сүйреп» келе жатқан қаламгерлерге қаламақы төлейді деген хабар көзінде оты, қаламында қуаты бар замандастарымызды шығармашылыққа шабыттандырғаны даусыз. Нақтылап айтсақ, бүгінге дейін олардың кітаптары мемлекеттік тапсырыспен 2000 данамен шығарылып келсе, енді мемлекет қаражатымен шыққан кітаптың тиражы 5000 дана деп белгіленіп отыр. Бұл дегеніңіз кітаптар бұдан былай үлкен қалаларға ғана емес, аудан мен ауылдарға да жетеді деген сөз.

Өз басым, мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл заңның құнды тұсы – «Мәдениет туралы» Заңға «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» деген бөлімнің енгізілуі деп қабылдадым. Сексен жылдық тарихы бар, сексен жылдан бері еліміздегі баспа өнімдерінің мұрағаты қызметін алғаусыз атқарып келе жатқан жалғыз мекеменің заң атаулыдан тыс қалып, осы жылдары әупіріммен жұмыс істеп келуі қазақ руханияты үшін үлкен ұтылыс болатын. Заңда міндеттеу болмағандықтан, соңғы жылдары еліміздегі баспа өнімдері, мерзімді басылымдар Кітап палатасын көзге ілмей, мекемеміз талай жылдан бергі дәстүрлі жолынан, басталған баянды ісінен көз жаза бастаған еді. Бұл Кітап палатасының мемлекетіміз, болашағымыз үшін маңызды міндеті – барлық баспа өнімдерін, солардың ішінде әсіресе елімізде шығатын әрбір кітапты, газет-журналды тіркеп, келешекке сақталуын қамтамасыз ету, оларды библиографиялық өңдеу, баспасөз архивін статистикалық есепке алып, жыл сайын газет-журнал мақалаларының шежірелерін шығарып, республиканың кітапханалары мен архивтеріне тарату сияқты жұмыстарын жүзеге асыруға біршама кедергі келтіріп келген. Енді жаңа заңның 24-бабы арқылы Кітап палатасының құзыреті нақтыланып, шегелеп көрсетіліп отыр. Бұдан былай, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мемлекет меншігіндегі баспасөз архиві ретінде өз функциясын толыққанды атқаратын болады.

Қорыта айтқанда, өткен жылдан бері қоғамда жан-жақты талқыланып, өмірге келген жаңа заң біз үшін аса маңызды құжат болуда. Бұл заңның Елбасымыздың рухани жаңғыруға арналған бағдарламалық мақаласымен үндес шыққанын, осы мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарымен тұспа-тұс келіп отырғанын да жақсылыққа жорып отырмыз. Сондықтан, заң талабы көп күттірмей-ақ көздеген көп нәтижені бере бастайтынына сенуге әбден болады.

Әлібек АСҚАРОВ, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры