• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Білікті маман заман сұранысына ие

685 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көптеген маңызды міндеттер атап көрсетілген. 

Жолдауда адами капитал сапасын жақсартуға, оның ішінде білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөлінген. Онда оқыту бағдарламаларын жаңғырту, яғни білім алушының сыни ойлау қабілетін дамыту және өз бетімен іздену дағдыларын қалыптастыра отырып, білімді барлық салада қолдану,  ұлтжандылықты дамыту жөнінде міндеттер нақты белгіленген. Елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени өсуінің  негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатын білім – жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етері анық. Ендеше, адами капиталдың өзегі болған білім қашан да дамудың кепілі болмақ.

 Олай болса, ұлттың ұлы мақсаты мен мұратын орындауға үлкен үлес қосатын жоғары білімді маман даярлау мен тәрбиелеу оқытушылар қауымына үлкен мақсаттар мен міндеттер жүктейді.

 Жолдауда қойылған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы іс-шаралар Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында жан-жақты жүзеге асырылып келе жатыр. Академия заман сұранысына сай сәулетшілер мен дизайнерлер, инженерлер мен жобалаушы, құрылысшы мамандарын даярлайды.  Оқыту үдерісінде BIM – инженер-құрылыс саласында пайдаланылатын, сандық түрде ғимараттардың бір немесе бірнеше нақты виртуалды моделдерін құрастыруға мүмкіндік беретін жобалаудың ең заманауи және жетілдірілген технологиясына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Autodesk Revit, Autodesk Infrastructure Design Suite Premium, AutoCAD Civil 3D, AutoCAD Map3D, 3D MAX бағдарламалары да кеңінен қолданылады. Ғимараттарды ақпараттық моделдеу тұжырымдамасы есептеуіш техниканың архитектуралық жобалаудағы рөлін түбірімен өзгертеді. Бүгінгі таңда BIM технологиясы көмегімен дәстүрлі сызбалардың орнына нысандардың 3D өлшемді ақпараттық моделі нағыз құрылыс алаңының шынайы көрінісі болмақ.

 Академияда студенттер мен ма­гис­транттардың білімін шыңдау мақсатында жыл сайын дәстүрлі «Энергия шы­ғындарын азайту технологиялары мен микроахуалды жақсартудың заманауи тұжырымдамалары» және «URSA-мен энергия үнемдеудің  заманауи аспектілері» атты тақырыптарда конкурс, «Жаратылыстану ғылымдарының өзекті мәселелері мен ақпараттық технологиялардың заманауи тұжы­рым­дамасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциялар,  ғылыми-тәжірибелік, мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады.

 Жоғарғы оқу орнында жұмыс беруші орындармен болашақ мамандарды дайындаудағы бірден-бір стратегиялық әріптес ретінде тығыз жұмыс жасау қолға алынған. Мәселен, құрылыс және сәулет компания өкілдерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай бас қосуларда студенттер мен магистранттар пікірлер алмасу арқылы  алған білімдерін практикада қолдануға, кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндіктер алады. Сонымен қатар, жоғарғы курс студенттері өндірістік тәжірибеден ірі құрылыс компанияларында, жобалау институттарында және ғылыми-зерттеу институттарында өтеді.

 Урбанизация үдерісіне қатысты Елбасының алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында өз үйлесімін тауып, тікелей үндесіп жатыр.  Бұл оқу орны сәулет, дизайн, құрылыс, ағаш өңдеу және тағы басқа құрылыс саласындағы мамандар даярлау арқылы отанымыздың дамуына зор үлес қосуда. Ендеше, бәсекеге қабілетті, жоғары білімді, кәсіби білікті маман қашан да заман сұранысына ие.

Арайлым СӘБИТОВА, Айман РЫСБАЕВА,

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушылары

АЛМАТЫ