Амфитеатр сахнасына сән берді
Қостанай облысының мәдени күндерінің ашылу салтанаты мен өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының «Тобыл-Торғайым, жүректен толғайын» атты гала-концертіне халық көп жиналды. Амфитеатр лық толып, орын қалмаса да көрермендердің көбі кешкі тоғыздан өте басталған концертті тікесінен тік тұрып көрді. Жанды дауыста шырқалған әндер, биші қыз-жігіттердің кәсібилігі, қазақтың жанымен үндесетін қоңыр күйлер бәрімізді бірден баурап алды. Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мұндай деңгейдегі кешті ұйымдастыру үшін жарты жылдай дайындық жүргізілгенін айтты. «Астанаға облыстың ең үздік шығармашылық ұжымдары мен ең үздік жеке орындаушыларды алып келдік. Олардың ұзын саны 200-ден асады. Оған қоса біздің облыстан шыққан, бұл күнде республикалық деңгейде танымал әнші-күйшілер де шақырылды. Астанада өтетін мәдениет күндеріне жылдың басынан бері дайындалған болатынбыз. Бес күннің ішінде осындағы түрлі мәдени орындарда ауқымды тоғыз шара өткіземіз», – деді ол.
Бұл концертте ірі шығармашылық ұжымдар қатарында қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен орыс ұлт аспаптар оркестрі, «Костанайские зори» би ансамблі, этнофольклорлық «Забава» ансамблі мен джаз және танымал әуендер оркестрі көпшілік көңілінен шықты. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстан Құрманов «Қостанай» әнін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Тархан баба» күйін, «Гауһартас» квартеті «Әдемі», «Менің қалам» әндерін, «Астана Опера» театрының солисі Роза Нұркей «Сильва» ариясын, сондай-ақ Президент оркестрінің солистері Нұрболат Арзамасұлы, Анар Құмарова «Қостанай» әнін, басқа да жекелеген орындаушылар «Егемен елім – Қазақстан», «Мәңгілік ел» әндерін көрермендерге ұсынды. Айта кету керек, гала-концертте негізінен отаншылдыққа, бірлікке, татулыққа шақыратын әндер орындалып, би қойылымдары ұсынылды.
Қостанай облысының мәдени күндерінің ашылуына арналған гала-концерттен бөлек ауқымды шаралардың барысында елордалықтар облыстың қолөнер шеберлерінің, суретшілер мен мүсіншілердің туындыларын, театр әртістері мен спортшылардың өнерлерін тамашалады.
Дәнді өлкенің дәмі
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мырза ақпарат құралдары үшін баспасөз қызметі арқылы таратқан ресми ақпарға қарағанда, биыл өлкенің жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруда белсенді жұмыс жүргізіпті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі нақты көлемінің индексі – 103,9 пайызды, ауыл шаруашылығы – 100,3 пайызды, негізгі капиталға инвестициялар – 100,9 пайызды, құрылыс жұмыстары – 112,2 пайызды, бөлшек сауда – 102,2 пайызды, жүк айналымы – 102,8 пайызды, жолаушы тасымалы айналымы 103,9 пайызды құраған екен. Индустрияландыру картасы бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 124,7 млрд теңгеге жетіп, 84 жоба пайдалануға берілген. Осы арқылы 5 мың тұрғынды жұмыспен қамтып, қазірдің өзінде 421,4 млрд теңгенің өнімі өндірілуде.
Осылай экономикасы өрлеп, жеңіл өнеркәсібі дамыған қостанайлықтар астаналықтарға дәнді өлкенің дәмін тарту етті. Өткен жексенбі күні Есіл өзенінің бір бұрымы Ақбұлақ өзенінің сағасында орын тепкен «Қазақстан» спорт кешені маңында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған өңірдің 14 ауданы мен қаласы өз өнімдерін әкеліпті.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Байбосын Мурзин мырзаның айтуынша, ауылшаруашылық саласының өнім көрсеткіші соңғы 25 жылда 295 миллиард теңгеге дейін өскен. Астық өндірудің жылдық орташа есебі 5 млн тоннадан асады. Тек өткен жылы 965 мың тонна жоғары сұрыпты ұн облыстан тыс жерлерге жөнелтілген, оның ішінде 860 мың тоннасы немесе 90 пайызы экспортқа шығарылған.
Жәрмеңкеге 50-ден астам кәсіпорын 150 млн теңгенің тауарын әкелген. Мұнда 100-ден аса өнім түрі бар. Барлығы 650 тонна. Нақтырақ айтсақ: ет өнімдері – 33 тонна, сүт өнімдері – 90 тонна, шұжық және жартылай ет фабрикаттары – 59 тонна, макарон бұйымдары – 52 тонна, нан және кондитерлік тауарлар – 57 тонна болса, жұмыртқа 200 мың дана және жоғары сұрыпты 93 тонна ұн астаналықтар үшін саудаға қойылды.
Сатылымдағы тауар құны Астана нарығындағы орташа бағалардан да төмен. Мысалы, сиыр еті – 1250 теңге, жылқы еті – 1500 теңге, қой еті – 1150 теңге, құс еті – 800 теңге, шұжық түрлері – 850 теңге, сары майдың килосы – 950 теңге, жұмыртқаның 10 данасы – 170 теңге, макарон өнімдерінің 1 килосы 140 теңге, өсімдік майының 1 литрі 380 теңгеге сатылды. Көкөністер – картоп, қырыққабат, сәбіз жаңадан алынған биылғы жылдың өнімі екен. Бағалары да қалта көтеретіндей, 70-120 теңге аралығында...
Қостанайлықтардың арзан өнімін сатып алған астаналықтар зор алғыстарын білдірсе, елордалықтар атынан қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі келіп, астықты өлкенің дәмді дәніне дән риза екенін жеткізді.
Тұңғыштар мекені
Қостанай өңірін тұңғыштар мекені десе жарасады. Өйткені, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин, тұңғыш кәсіби журналист Мұхаметжан Сералин, қазақтың тұңғыш әліпбиін жасаған Ахмет Байтұрсынов, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Мұхамеджан Қарабаев, білімпаз-қайраткер Елдес Омаров, алашшыл тұлға Міржақып Дулатов, Ілияс Омаров, сахна саңлақтары – Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Әнуар Боранбаев, сазгерлер Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев, жазушы Бейімбет Майлин, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов, халық ақындары Нұржан Наушабайұлы, Нұржан Ахметбеков деп кете береді.
Жоғарыдағы тұңғыштар салған сүрлеуді тағы бір жаңғырту мақсатында және өлкенің өркендеуіне үлес қосқан тұлғалар мен Қостанай топырағынан түлеген зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, облыс әкімі мәслихат-дастарқан рәсімін өткізді.
«Астана төрінде жерлестерімізді жинап сұхбаттасып, пікір алмасу кездесуін өткізудегі мақсатымыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп айтып өткеніндей, өздеріңізбен ашық сұхбаттасуға шақырып отырмын», – деді әкім Архимед Мұхамбетов мырза.
Қазіргі таңда облыс бойынша 30 нысаннан тұратын тізбе жасалып, оның 9-ы республикалық, 21-і өңірлік қасиетті жерлер картасына ұсынылыпты. Сонымен қатар, Амангелді ауданында Кейкі батырдың жаңа кесенесінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі бойынша республикалық деңгейде көлемді іс-шара өткізу жоспарланған. Қостанай ауданында Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Таяу уақытта Қостанай қаласында тарихи тұлға Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнатылатын болады. Бұл іске академик Кенжеғали Сағадиев бастамашылық жасап отыр екен.
Жүздесу барысында зиялы қауым өкілдері Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, экономист Ғалым Байназаров, белгілі меценат Сапар Ысқақов ыстық ықыласын жолдаса, 1998-2004 жылдары Қостанай өңірін басқарған Өмірзақ Шөкеев пен 2004-2012 жылдарда әкім болған Сергей Кулагинге, қарымды қаламгер Сәбит Досановқа облыстың 80 жылдық мерейтойлық медалі табыс етілді.
Этноауылдағы ерекше көрме
Жексенбінің түсі ауғанда қостанайлықтардың тойы қала шетіндегі «Этноауылда» жалғасты. Мұнда өңірге аты танымал 20 қолөнер шебері өздері жасаған бұйымдарын көрме сөресіне орналастырыпты. Атап айтар болсақ, қырық жылдан астам қазақ ою-өрнегін зерттеп жүрген танымал этнограф Шөптібай Байділдин өзімен бірге 90 түрлі ою-өрнек түрін көрермен көзайымына ұсынуға әкеліпті. Ағамыздың қорында қазақтың 1500-ден астам ою түрі бар көрінеді. Бұған дейін екі кітабы жарық көрген.
Бұдан басқа Арлан Аңқауовтың жұмсақ жүнді пайдаланып жасаған көркем туындылары да бар. Яғни, ұлпа арқылы аппликацияланған табиғи жүннен сәндік бояулы картиналар салу бұған дейін болмаған дейді мамандар. Бір сөзбен айтқанда, бұл – көркемсурет өнеріне қазақ баласының енгізген жаңалығы. Расында, автордың қолында айрықша патенті де бар көрінеді.
Кестенің шебері Жанар Орынбаеваның қолынан шыққан тоқымалы кәдесыйлар мен тері бедеріне акрилді бояумен сурет салудың шебері Гүлдана Жорқабаевалардың еңбегін елемеу мүмкін емес.
Сонымен қатар, зергер Асылмардан Қабырбаевтың қолынан шыққан күміс сақина, білезік, мойыналқа түрлері әсемдігімен әр берсе, ағаш шебері Таңатқан Божақовтың бұйымдары шын шебердің шынайы үлгісіндей әсер қалдырары анық. Мүсіншілер Егор Кислицин мен Владислав Галбендердің монументалды және станокты мүсіндері, қара тасқа бәдіздеген графикасы, керамикалық туындылары кәсіби деңгейдің межесін әйгілеп тұрғандай.
Екінші бір маңызды дүние – Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан әкелінген жәдігерлер. Осылардың арасында Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейі қорынан алынған Кейкі батырдың кебежесі мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысы Амангелді Имановтың домбырасын қызықтап қайттық.
Патша заманында Қостанай өңірі Қарабалық елінде 40 жыл болыс болған Бермұхамед Алдияровтың алтынмен зерлеп, оюмен оқалаған мұрағы (бас киімі) мен оның бәйбішесі пайдаланған күміс зерлі қамзол, алдыңғы қасына ақық тас орнатылған әйелдің ері қатарлы құнды дүниелер бар. Бұл бұйымдарды 1928 жылы Қостанай губкомы қалалық музейге тапсырған. Оған себеп, 1927 жылы Бермұхамед атамыз кәмпескеге ұшырағанда тартып алынған бұл заттар қаланың музей қорына өткізілген. Бұлардан басқа атамыздың былғарыдан жасатып, күміспен көркемдеген қын-қылшалы кісе белбеуін көрдік.
Атшабарда өткен жарыс
Облыс күндерінің жоспары бойынша өткізілуі тиіс тағы бір маңызды шара – ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстар қала шетіндегі «Қазанат» атшабарында ұйымдастырылды. Жиналған жұртшылыққа ұлттық ойын түрі қыз қууды көрсеткен қостанайлық шабандоздардың шеберлігіне ел сүйсінді. Одан кейін теңге ілу сайысына қатысқан бес жігіттің арасынан оңтүстікқазақстандық сайыпқыран Сапарбек Мағжан топ жарып, бәске тігілген қаржылай сыйлықты бір демде қағып тастады.
Балуандар үшін бас жүлдені сараптауға тігілген 700 мың теңгені қазақша күрестің майталманы, қостанайлық балуан Ерлан Омаров жеңіп алды. Келесі орындарға шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов (400 мың теңге) пен астаналық сақа балуан Ғани Сейділдаев (250 мың теңге) ие болды.
Нағыз көрерменнің қанын қыздырған оқиға топ және аламан бәйге жарыстарында көрініс тапты. 15 шақырымдық бәйге жолына шыққан 23 сәйгүліктің арасынан 11 шақырымға дейін 9-ы әрең жетті. Күннің ыстығы ма, әлде қағыр жерге шауып жаттыққан жылқылар бәйге жолына төселген қалың құмға шашасына дейін малтығып шаба алмай бұрдықты ма, анығын біле алмадық.
Соңғы айналымға іліккен жеті жүйріктің ішінен жамбылдық атбегі Бекберді Боқаев баптаған төрт жасар ағылшын жылқысы «Бақторы» бірінші келіп, бапкері бас жүлдеге тігілген «Ravon Nexia» жеңіл көліктің кілтін алды. Екінші болып шылбыр ұстатқан ақмолалық Нұрдәулет Әкімжановтың тазақанды торысы «Баритон» 1 млн теңгенің сыйлығына ие болса, үшінші орынға тұрақтаған қостанайлық Оразғали Жүсіповтің «Исток» атты торысына 700 мың теңге бәйге бұйырды. Келесі орын иелері – жамбылдық Айдар Нұрмағамбетовтің «Жұлдызы» мен Алматы қаласының тұрғыны Мерхат Бұлғыновтың «Тәуекел» атты үш жасар жылқысы әрқайсысына тиесілі 300 және 150 мың теңге жүлделерін қанжығалады.
Көрермен көптен күткен аламанға 24 сәйгүлік жіберіліп, бастапқыда аттардың алдына шыққан 17-ші нөмірлі жүйрік соңғы бес айналымға дейін жарыстың алдын бермеді. Жарыс жолының аяқталуына үш айналым қалғанда бұған дейін іркес-тіркес бунақтала шабыс салған жүйріктер топтасты да, соңғы екінші айналымға 12 ат өтті. Басқасы жарыс жолынан шығып қалды. Ақырғы айналымға 8 жүйрік әрең өтіп, бұлардың арасынан қарағандылық Өмірзақ Нұрисламның «Таймасы» топ жарып, бас бәйгеге тігілген «JAG S3» көлігіне қол жеткізсе, екінші жүлде 2 млн теңге қостанайлық жүйрік «Саваш Мерин» (иесі – Оразғали Жүсіпов) атты айғырға бұйырды. Үшінші болып келген Алматы облысының жылқысы «Флейта» 1 млн теңге сыйлық алса, төртінші орын иесі маңғыстаулық Таңатар Әбдіғалидың таза қанды жирені «Джекпот» 500 мың теңгенің жүлдесін жеңіп алды. Бесінші орынға иелік етер жүйрік болмады. Жоғарыдағы төрт аттан басқасы мәре сызығын кесіп өтерлік қауқары болмай болдырып жолда қалды.
P.S. Қостанай облысының мәдени күндері осы аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері де жалғасады. Кеше Астана қаласының орталық алаңында «Славянская песня» атты орыс ұлт аспаптар оркестрі мен «Музыка – душа народа» аты вокалдық-поэтикалық ансамбль концерттік бағдарламасын астаналықтаға ұсынды. Бүгін «Костанайские зори» би ансамблі «Сиқырлы би әлемі» атты хореографиялық шоу өнерін көрсетеді. Ертең, яғни 9 тамызда облыс күндерінің салтанатты жабылуы «Нью-бойс» тобының джаздық әуені аясында Астана қаласының орталық алаңында өтеді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»