• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Сұңқардың самғауы

410 рет
көрсетілді

Шапқан аттай, атқан оқтай зымырап өтіп жатқан уақыт. Қарап отырсақ күні кеше арамызда жүрген қазақтың қайсар мінезді қайраткері, Елбасының үзеңгілес серігі, көрнекті сая­си тұлға Сарыбай Қалмырзаевтың да арамыздан кеткеніне бес жыл болыпты. Елім деген есіл ерді өткен шақпен еске алу, әрине, қиын. Бірақ оның артында қалдырған ауқымды ұлағатты ісін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету үшін ұдайы еске алып отыру азаматтық парыз. Өйткені ұрпақ жаңарып, заман алмасатын алдағы болашақта өскелең буын Елбасының қасында жүріп, тәуелсіз Қазақстанның қазығын қадап, ел тәуелсіздігін нығайту тәрізді ұлық істердің ұйытқысы болған азаматтар жайында қайта зерделеп, мұрағаттарды мұқият ақтарып, талай тарихи еңбектер жазуы тиіс.

Жаңа ұрпақ қолына қалам ұстаған сол шақ­тар­да ердің со­йы, жігіттің сұлтаны шы­дай­­тын мем­лекет құру деген ұлы іс­те Ел­ба­­сы­­ның жа­нынан та­был­­ған тұлғалардың ара­сынан Сары­­­бай Қалмырзаевтың есі­мі ерек­­­ше есті­летініне кәміл сенім­діміз. Тә­уел­сіздіктің ал­ғаш­­қы күн­­де­­рінен бастап мемле­кет және қо­ғам қай­раткері Сары­­­бай Қал­мырзаев Ел­ба­сы коман­дасындағы ең тәжі­рибелі әрі салиқа­лы саясаткер ретінде өзін жаңа қырынан та­нытты.

Тәуелсіздіктің ғасырға бер­гі­­сіз осы ке­зе­ңін­­­дегі оның мем­лекеттік қыз­меттегі ме­рей­­лі жыл­­­да­­ры туған халқымен бірге өсіп-­өрледі. Қайрат­кер қай ла­уа­зымның орынта­ғына жай­ғасса да әрдайым қоғамдық қа­был­даулар жасап, ел-жұртпен ете­не араласты. Қалта­рыс­та­ғыны өткір жанарымен қағып түсіретін қырағы журналистер бірде Сарыбай Сұлтанұлына «Сіз қашанда елі­міз­дің стра­тегиялық жауапты орын­дарын­да жүресіз. Осындай керемет табыстарыңыздың сыры не­де?», – деп сұрақ қойғаны есі­мізде. Сол кезде ол: «Мен бар­лық қыз­меттік жолдарымды өмір­дегі тамаша табысым ретінде емес, өзіме жүктелген үлкен жа­уап­кершіліктің ауыр жүгі ре­тін­де қабылдап келемін. Қай кезде де аса ауыр учаскелерде жү­руімнің басты себебі, мен қиын­­дықтардан ешқашан қорыққан емеспін», деген еді.

Біздің замандастар Сәкең­нің еңбек­қорлы­ғы мен уәде­ге берік­тігі жа­ғы­нан өзгелерден оқ­шау­­ланып тұра­тынын сағы­ныш­пен еске ала­­ды. Естелік­терді парақ­тағанда белгі­­лі қай­­­рат­­кер­дің мі­не­­зін дөп басып айтатын мы­на жолдар көзіңе оттай басыла­ды: «Сөзге са­раң. Орынсыз жал­пыл­дай қоймайды. Бірақ, тым кекі­­рейіп те кетпеген. Тәрбиелілігі таң­ғал­­тады. Үлкенді-кішінің ара­­жі­гін бі­леді. Үйле­сімді тіл­деседі. Бі­рақ, аузына берік. Бір сөзбен айтсақ, аса құнды құжат­тар сақтайтын болат сейфтер секілді. Күрмеуі мол қиын жылдары Елбасының оң қолы бола білді».

Осы жолдардан-ақ Сары­бай Қалмырзаев­тың елдік жолын­дағы үлкен істерді үндемей атқарған нағыз мемлекетшіл тұлғасын көреміз. Оның қайсар мінезі мен ақиқаттан ат­тамайтын турашылдығын, қиын сәттерде жол табатын ше­­шім­талдығын бірге аралас-құралас болған жыл­дары өзім де көріп, көзім жетті.

Өткенге көз жүгіртіп көре­йік. Естеріңізде бол­­са, қос ғасыр тү­йі­сіп, қоғамдық формация ал­­ма­­сып, дүние шіркіннің дүрбелеңі шығып жатқан жиырмасыншы жүзжылдықтың соңғы кезең­дері еді. Бұ­рын жер-көкке сыйғызбай мақ­тап кел­ген жос­парлы эконо­мика күй­реп, жас мем­­лекеттің сол кез­дегі он тоғыз облы­сы мен қы­рық­тан астам қала­сындағы за­­уыт-­фаб­рикалар жаппай тоқ­тап, кезекпе-ке­зек жабы­лып жат­­қан тірліктің кетеуі кете бас­­таған шақ болатын. Сол күр­делі кезеңде мемлекеттің та­ба­нына тік тұрып кетуі үшін әуе­­­лі қолдағы бардан айырылып қалмау аса қажет болды. Осын­дай қиын-қыстау кезде Ел­­басының таңдауы талантты тұлға Сарыбай Қалмырзаевқа түсті. Сөйтіп, егемендіктің ал­ғаш­қы жылдарындағы осы ау­қымды реформалар кезінде ол кез келгеннің батылы бара бер­мей­тін, қыры мен қияметі көп қызмет орны Мемлекеттік мү­лік жөніндегі комитетті бас­қарды. Бұл міндетті ол өзі­нің білімпаздығы мен мол тәжі­рибесінің арқасында ойдағыдай орын­дап, ширақ шешімдері арқы­лы істің бетін іскерлікпен бе­рі бұра алды. Бұл кезең тәуел­сіздік тарихының жарқын бет­теріне айналды. Мысалы, араға ондаған жылдар сала отырып, сол кезде атқарылған айтулы іс­терді қазіргі көзқараспен қай­та сараласақ, жекешелендіру про­цесінің нәтижелері ел эконо­микасының қазіргі табыстарына үлкен ықпал еткенін байқаймыз. Елба­сының айқын бағыт беруі арқылы республикамызды орта­­лықтанған мемлекеттік мен­шіктен нарықтық эконо­микаға жүйе­лі әрі тиімді өткізе ал­дық. Со­­ның арқасында бүгін­де біз өз жетіс­тіктерімізді көр­ші мем­­лекет­термен салысты­рып қа­на қой­май, қуатты ре­­фор­­ма­­­лар­дың арқасында аса ірі жә­не сер­­пінді бизнес құры­лымдар қалыптастырдық. Елі­міз­ге іргелі шет мемлекеттерден инвес­ти­ция ағыны тасыды. Өнер­кәсіптер жанданып, елі­міз­дің мұнай, газ, көмір, темір және басқа да көп­теген стратегиялық салалары қарқын алды.

Ел экономикасы қалыпты да­му ырғағына тү­се бас­таған жылдары Президент қайраткер аза­­матқа тағы бір маңызды мін­дет жүктеді. Мем­лекет басқару құры­лымының діңгегін нық­тап, кере­гесін кеңейту мақсатында Сары­бай Сұл­танұлын Прези­дент Әкім­ші­лігінің бас­­шысы лауа­зымына бекітті.

Саяси тұлға бұл жауапты жұ­мыс­та Мем­лекет басшысының ел тағды­рына, ертеңгі ұр­пақ келе­­­­ше­гіне қатысты маңызды ше­шім­­дері­нің лайықты орында­луын қадағалап, әкімшілік рефор­маларды жолға қоюда уа­­қыт­­пен санас­пай, тынымсыз ең­бек етті. Атап өтер жайт, Ел­­ба­сы Президент Әкім­шілі­гінің басшысы лауа­зымына Са­ры­бай Қал­мырзаевтай қай­рат­керді қатарынан екі рет тағайын­дауы­ның өзі оған деген биік сенімнің өлшемі еді.

Ел Президенті өңірлерді өр­кен­дету ісінде өзі­­нің үзеңгілес серігіне тағы да сенім білді­ріп, 1998 жылы өндірісті өлке, аграрлы ай­мақ Жамбыл облысының әкімі қызметіне та­ғайындады. Ел үмі­ті мен тау тұлғалы Елба­сы сені­мін арқалаған нар тұлғалы азамат сол жыл­­дары туған өңірі­нің өркенін өсірсем де­­ген асыл мұрат, асқақ арманын ақиқатқа ай­­нал­­дыру үшін көп тер төкті. Ол облыс бас­­шылығында бол­ған жылдары өңірдегі хи­­мия өнер­кәсібін тұйықтан шығару­ға көп күш сал­ды. Әкіммін деп әкі­­реңдемей, басшы­мен деп ба­­сын­бай, ұдайы ха­лық­­тың ортасын­да болды. Тығы­рыққа тірелген Жаңатас қала­сында ар­найы болып, жұмыс­шылармен тікелей кез­де­сулер өт­кізді. Аймақтағы ауыл шаруа­шы­лы­ғын реформалауға, мәде­ни және тарихи мұра­ларды қай­та жаңғыртуға зор үлес қосты. Тұл­ғалы азаматтың туған жер төріндегі төрт жүз кү­ні ел есінде қалған осындай іргелі істермен, елеулі оқиғалармен тарихқа енді.

Қоғамның жегіқұртына ай­нал­­ған жем­қор­лық дерті − ең қа­­уіп­­ты кеселдердің бірі. Қазақ­­­­стан тәуелсіздік алған­нан кейін ТМД ел­дері ішінде сыбай­лас жемқорлыққа қар­сы күрес­ті пәрменділікпен қол­ға алды. Мемлекет бас­шы­сы ел дамуындағы талай сынақ­тар­дан еңсе­сін биік ұстап, зор ең­бек сіңіріп келе жат­қан қайрат­кердің қолына осындай жа­уапты істің тізгінін кезекті рет ұсынды. Жем­қорлыққа қарсы күресте ол қоғам ағзасын дендей бастаған дертті жоюға бар күш-жігерін сал­ды. Сол арқылы қоға­мымызда парасыз қа­рым-қаты­нас жасаудың өркениеттік өнеге­сін, менталитетін қалып­тас­­тыруға барынша ең­бек сіңір­ді.

 «Нар жолында жүк қал­мас», дейді қазақ. Сары­бай Сұл­тан­­ұлының бұ­дан кейін Пре­зи­­дент­­тің Іс бас­қа­рушысы қызме­тіне келуі Ел­басының өзі­нің үзең­гілес серігіне біл­дір­ген үл­кен се­ні­мі еді. Осындай жоғары қыз­ме­тінде ол Тә­уелсіздігіміздің ті­ре­гіне, Отанымыздың жү­ре­гі­не айналған Астананың бой кө­теріп, ажар­лы шаһарға айналуына ең­бек сіңірді. Әсі­ресе, Сәкең бұл лауазымында Тұңғыш Пре­­зи­денттің ел тағдырына қатысты қа­уырт жиын­дары мен маңызды кез­десулерін жоғары дең­гейде ұйым­дастыру жұмысын кәсіби тұр­ғы­да барынша жолға қоя білді.

Өрек­піген өмір ағысында біз мем­лекет тағ­ды­рына тікелей ат­са­лыс­қан көптеген көрнекті тұл­ға­ла­рымыздың жеке өміріне жете үңіліп, те­рең зерделей бермейтініміз шындық. Шын мә­­нінде Сарыбай Сұлтанұлы жан дүниесі бай, адами қасиет­тері биік, көргені мол үл­кен жү­рек­ті азамат ретінде замандас­та­рының есін­де қалды.

Отбасында ардақты ата, ме­йір­лі әке, ақыл­­ман ота­­ғасы бол­­са, ту­ған жеріне табаны ти­ген­де ата жұр­тын қастерлеген аяулы пер­зент ретінде сәбише шаттана біл­ді. Сары­бай Сұл­танұлы елін қа­лай сүйсе, отбасын да солай қастерей білді. Асыл жары, өмірлік серігі Үмі­тай Қасқатайқызымен бірге перзент­терін тәрбиелеп, немере сүйді. Қат-қабат қауырт тірліктен бір бо­сай қалса өмірінің жалғасы неме­релерін алдына алып, ата-баба­дан қал­ған асыл өсиет­тер мен ертедегі ертегі-аңыз­дар­ды құлақтарына сіңіріп, елін сүйіп, жерін қас­терлеуге тәрбиеледі.

Сыр­лы аяқтың сынындай мұқал­маған тұл­ға сырқаты мең­деген қиын шақтарда жаны­на жұ­­­ба­ныш іздеп, өзімен сыр­лас дос болған елі­­­міз­дің бел­­гі­лі қай­рат­керлерімен ел жа­йында еркін әңгімелесіп жүргенін білеміз. Сон­­дай соңғы жүздесулердің бі­рінде Сәкең: «Нұрсұлтан Әбіш­ұлының кө­ңі­­ліне қаяу сал­маң­дар»,  деген аманат сөзін ар­наған екен.

Осылайша жансарайы­нан сәуле төгілген ру­хани дің­ге­гі берік тұл­ға өлшемді ғұмы­ры­­ның соңғы сәтіне дейін елі­міз­­дің Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және туған еліне де­ген адал­дығы мен азаматтық пейі­лін мәңгілікке дәлелдеп кет­ті.

Өмірге деген құштарлығын жы­лы жымиысымен, нұр­лы жанарымен сездіретін сар­­да­ланың саң­лақ перзенті Сарыбай Қал­мыр­­заевтың арамыздан кет­ке­ніне бес жыл­дан асып ба­ра жат­­са да оның жарқын бейнесі мен жа­сам­паз істері жадымыз­да сай­рап тұр. Сондықтан да бү­­гін­­де оның егемендік жыл­­да­рын­дағы елеулі еңбегін ба­ға­лау мақ­са­тын­да өзі дүние­ге келген және қыз­мет еткен өңір­­лер мен қа­­ла­ларда кө­ше, мек­теп ат­тарын бе­ру жө­нін­де жүйе­лі жұ­мыс­тар жүр­гізі­луде. Бү­гінде оны­мен қатар­лас қыз­мет еткен әріптестері, дос-­жараны, іні-бауырлары әр­­дайым қайраткерді ерекше сағы­нышпен еске алып, рухына құран бағыштап, оның өнегелі ісін елге жеткізуде, естелік кі­та­­бын шығарып, деректі фильм­­дер тү­сі­руге ұйытқы болып келеді. Өйткені қазақтың сар­­даласында бауырын жазып көсі­ле шапқан тұлпардай, тұң­­ғиық аспанда қанатын жа­йып самғаған сұңқардай бол­­ған ертұлғалы Сарыбай Қал­мырзаевтың еліміздің тарихын­да қашанда ерек­ше орын ала­тыны ақиқат.  

Бақытжан ЕРТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы