• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Шәмші әнінің шарапаты

369 рет
көрсетілді

Ұлы композитордың туған күніне орайластырылып жыл сайын өткі­зі­летін ән байқауы ел ішінде жүр­ген талай талантты әншілердің жұл­дызын жақты. Шәмші Қал­да­яқов атындағы байқау ең алғаш Шым­кентте 1992 жылы өткен бола­тын. Сол алғашқы байқаудың бас жүлдесін иемденген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаевтың еңбегінің жоғары бағалануына Елбасы Н.Ә.Назарбаев тікелей ықпал еткенін көпшілік біле бермейді.

– Иә, Шәмші Қалдаяқов атын­дағы байқау өткен 1992 жылдың 13 қыркүйегі әлі есімде. Ол кез  мәдениет саласындағы ең қиын жылдар ғой, – деп еске алады Құрман Шойынбаев. – Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан елі­міздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам әнші, сазгерлер бақ сы­нады. Қазылар алқасының құрамында Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Әсет Бейсеуов, Мың­жасар Маңғытаев сияқты қаз­ақ өнерінің қаймақтары отырды. Ақтық сында байқаудың Гран-приі маған берілді. Бірінші орынды Шәкизада иеленді.

Шәмші Қалдаяқов атындағы байқау-фестиваль көптеген өнер­паздың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді. «Біз байқаудың бірінші жеңімпазы атансақ, бүгінде өнерімен, дарынымен елге танымал болып жүрген әншілердің бірқатары осы байқауда сыналып, кәсіпқой атанды. Оның ішінде, өзім ұстаздық етіп жүрген М.Әуезов атындағы ОҚМУ түлектері де аз емес. Мы­салы, Мамадияр Таукеев, Хадиша Сейі­това, бүгінде жастарға ғана емес, бүкіл әнсүйер қауымға жақ­сы танымал «Жігіттер» тобы әр жыл­дары Ш.Қалдаяқов атын­да­ғы халықаралық әншілер байқауының лауреаты, дипломанттары атанған болатын. Міне, осындай таланттарға бағыт-бағдар беріп, тұсауын кес­кен, елге танымал жүздеген өнер жұлдыз­да­рын тәрбиелеп шығарған универ­си­теттің ректоры Жұмахан Мыр­ха­лықов «Музыкалық  өнер» кафе­др­а­сының заман талабына сай жаб­дықталуына, оқытушылар құ­ра­мының кәсіби деңгейінің жо­ғары болуына ерекше көңіл бө­ліп келеді. Жалпы, кафедра тү­лек­тері бүгінде еліміздің барлық облыс­ында қызмет атқарып жүр. Мақ­танарлық, үлгі етерлік тү­лек­теріміз, студенттеріміз көп», – дейді Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген әртісі Құр­ман Шойынбаев. 

Әнші дәстүрлі байқау-фес­тиваль биыл да небір жас талаптың бағын ашатынына сенімді. Сонау  бір қиын кезеңде әнші есімін елге таныта түскен байқаудың деңгейі бүгінде анағұрлым жоғарылаған. Халықаралық деңгейге жеткен. Жеңімпаздарға берілетін сыйлық та қомақты. Әрине еңбек әділ бағалануымен де құнды. Бұл орайда бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де шәкірттерін өнерге баулып жүрген Қ.Шойынбаевтың ке­ремет дауысын ілгеріде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жоғары бағалап, құрмет көрсеткен екен. Әнші Елбасының алдында оншақты рет ән  айтыпты. «Менің Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әр­тісі атағын алуыма тікелей Ел­ба­сының өзі себепкер болды. Ұмытпасам, 1992 жылдың шілдесі еді. Елбасы сол кездегі Өзбек­стан президенті Ислам Каримов екеуі Оңтүстік жерінде кездесті. Алды­мен Түркістанға барды. Одан кейін Шардараны аралай­тын болды. Оңтүстіктің бір топ өнерпазы  кешкі мезгілде Прези­дент­тер алдында  өнерімізді көр­сет­тік. Дастарқан басында ресми аза­маттар отырды.  Елбасы өлең айтып тұрған менің және қасым­да­ғы бүгінде марқұм болып кеткен домбырашы Мәлік Әбіш екеуміздің өнерімізге тәнті болса керек.  Ол қасында отырған осы салаға жауапты басшылардан «бұл жігіттердің атағы бар ма?» деп сұрапты. Содан ертеңіне Мәлік Әбіш екеумізді дереу суретке түсіріп, құжаттарымызды Ал­матыға жіберді. Бір айдан кейін, дәлірегі 13 тамызда екеумізге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.  Бұл атақтың мен үшін орны бөлек», – дейді әнші өткен күндерді еске алып. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы