• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Ұлттық анимацияны ұлықтайды

594 рет
көрсетілді

Ақпараттар ағынын бақылай отырып, балдырғандарға арналған байқауды көзіміз шалып қалды. Байқауды ұйымдастырушылар – «Қазақфильм» киностудиясы мен «Жас өркен» серіктестігіне кіретін газеттер мен журналдар. Олар қазақ анимациясын еліміздің жеткіншектері арасында насихаттауды мақсат етіп отыр.

Қазіргі кезде балалардың көбі шетелдердің мультфильмін орыс тілінде, не қазақша аударма арқылы тамашалайтыны жасырын емес. Бұл елімізде балаларға арналған рухани азықтың аздығынан хабар беретін жағдай. Әйтпесе, қазіргі күні жеке студияларда да қазақ тіліндегі жап-жақсы мультфильмдер түсіріліп жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ, балаларға арналған жалғыз  «Балапан» арнасының өзіне ол өнімдер жеткіліксіз. Сол үшін қазақ тілінде мультфильм түсірілді деген хабардың өзі құлаққа жылы естіледі. Ал мына байқау  алда түсірілуі тиіс жақсы дүниелерден үміттендіреді екен. Біріншіден, бұл жеткіншектердің арасында ұйымдастырылуда. Баланың қиялы үлкендердікінен кемінде бес есе  артық болуы мүмкін. Яғни, болашақта өмірге тамаша мультфильмдер келіп жатса нұр үстіне нұр. Екіншіден, қазақ анимациясының елу жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан байқау алдымен Ұлттық өнімдері насихаттауды мақсат етеді. Қазақшалап айтқанда қазақы бояудың қалың болмағы жөн.

Байқау туралы айта кетер болсақ, жас суретшілер  «Мен жақсы көретін қазақ мультфильмі» және «Менің қиялымдағы кейіпкер» атты аталымдар бойынша өнер жарыстырмақ. Алғашқы аталым бойынша балалар қазақ мультфильмдері желісінде салынған суреттер мен комикстер жіберетін болса, екінші аталымда олардың қиялына еркіндік беріледі. Ертегі, аңыз не мифтік кейіпкерлерді өз қалауынша салып, байқауға жіберуге болады. Бірақ, шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері қабылданбақ емес. Байқауға еліміздің барлық оқушылары қатыса алады. Еңбектер 15 қазанға дейін қабылданып, 24 қазан күні республикалық «Ұлан» газетінде қорытындысы жарияланбақ. Үздік жұмыстардың барлығы «Жас өркен» серіктестігіне кіретін газет-журналдарда жарияланады.

Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»