Алқақотан кездесуде облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты өзекті мәселелерді сөз етті.
− Елбасы мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген жолдар бар. Осыған орайлас тек жеке адам емес, тұтас халық бәсекеге қабілетті болса, табысқа жете алатындығын айтты. Бұдан шығатын қорытынды, біз Елбасының тапсырмаларын бұлжытпай орындап, мақалада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға көп болып септесуіміз керек.
Сіздердің қолдарыңызда қоғамға пайда әкелетіндей үлкен мүмкіндіктер бар. Халқымыздың ұлттық мұрасын байытуға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бірігіп жұмыс жасайық, − деді облыс әкімі.
Шығармашылық өкілдерімен болған кездесуде өңір басшысы кино саласы қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын үлкен құралдардың бірі екенін айтты.
− Шымкент қаласында киноның анимация саласы қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында биыл қомақты қаржы бөлінуде. Тәрбиелік мағынасы жоғары сценарий мен кәсіби режиссер сапалы фильмнің кепілі. Сондықтан да біз білікті кадрлар даярлаужұмыстарын қолға алуымыз қажет. Сонымен қатар, оңтүстіктегі кино студияларды біріктіріп, ортақ құнды дүние жасап шығаруды ұсынамын. Бұл қазақ кино индустриясының дамуына септігін тигізіп, республика көлемінде оңтүстіктің атын шығаруға, халықаралық деңгейде Қазақстанды танытуға мүмкіндік береді, – деді.
Өңір басшысының қолдауы «Сақ» киностудиясының жігіттерін қанаттандырып жіберген. Бүгінде олар қатты қарбалас үстінде. Түсірілім жүріп жатыр. Аниматорлар жұмыс үстелінен тапжылмайды.
Шымкенттегі «Оңтүстік фильм» студиясының директоры Батырхан Дәуренбеков осы жылдың соңына дейін «Көне Жетігеннің сыры» атты 13 сериялы хикая мен «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерінің тұсауы кесілетіндігін айтты. Ал «Күш атасы Қажымұқан» анимациялық фильмі Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде әлем назарына ұсынылатын болады.
Аталған туындылардың түсірілім жұмыстарымен «Сақ» және «Оңтүстік фильм» киностудиялары айналысып жатыр.
− Бұл туындылар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өңіріміздің киелі және тарихи жерлерін дәріптеу мен туризмді насихаттау мақсатында жасалады, – деді Батырхан Дәуренбеков. – Идея авторы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев. Жыл басында облыс әкімі бізді арнайы қабылдап, ішкі туризмді дамытуға сеп болатын кино және анимациялық фильмдерді түсіруге тапсырма берген болатын. Кейіннен бюджеттен қаржы бөлді. Қазіргі таңда біз «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы кинохикаяны түсірумен айналысудамыз. Түсірілім жұмыстарына 30-ға жуық актер тартылып, жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр.
«Көне жетігеннің сыры» атты киножоба желісі өте қызықты. Қазығұрт асуындағы жол жөндеу жұмысымен айналысып жатқан экскаваторшы сырты шіруге айналған тері қапшық тауып алады. Қапшықтың ішінен жетіген аспабы шығады. Ішектері мен асықтары жоқ бұл аспаптың сыртқы бетінде көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері көрінеді. Фильмнің басты кейіпкері – Самал, досы Нұржан және археолог Жандос үшеуі жетігеннің сыртындағы төте жазумен түсірілген өлең шумақтарының құпия сырларын ашуға тырысады.
− Киноның түсірілім жұмыстары Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт тауы, Өгем секілді тарихи және табиғаты әсем жерлерде жүргізілуде. Жалпы, «Көне жетігеннің сыры» киносына 70 млн теңге бөлініп, әр сериясына 6 млн теңге жұмсалып жатыр,− деді киноның бас режиссері Нуриддин Паттеев.
Жақында «Оңтүстік фильм» киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков облыс басшысына арнайы кіріп, тапсырмалардың орындалу барысымен таныстырды.
Осыған байланысты «Сақ» киностудиясы биыл 4 үлкен жобаны іске асыруда. Атап айтқанда, «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы тарихи-танымдық кинохикаяның түсірілімі қызу жүріп жатыр.
Актерлерді іріктеу кастингі Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан қалаларында өтті. Сол арқылы фильмге қатысты образдардың барлығына дерлік актерлер табылды. Түсірілім барысында таңдалған актерлердің көңілден шығып жатқанын айта кетейік.
Кинохикая барысында әртүрлі атыс-шабыс, жекпе-жек айқастары секілді көріністерге Голливуд кинотуындыларына қатысып жүрген кәсіби каскадерлер мен спортшылар шақырылды.
Қазіргі таңда Қазығұрт, Арыстан баб, Отырар төбе және Түркістан сериалдарына арналған материалдардың түсірілімі бітуде. Бұл жалпы жұмыстың елу пайызы болады. Кинохикая өндірісі әртүрлі климаттық қолайсыздықтарға, өзге де қиыншылықтарға қарамастан бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, осы жобаны іске асыру барысында киностудияның техникалық базасына толықтырулар жасалды. Мысалы, бүгінгі таңдағы ең соңғы үлгідегі «Red Dragon» камерасы алынды. Бұл камераны Америка және Еуропа елдеріндегі үлкен киностудиялар қолданып жатқанын айтуға болады.
Түсірілім алаңына арналған жарықтандыру техникалары да соңғы үлгі бойынша жаңартылды. «Оңтүстік фильмнің» бас директоры осылай деді.
Кезінде Камал Смайылов бас болып, атақты Шәкен Айманов қолдау көрсетіп қазақтың бірталай дарынды ұл-қыздарын Мәскеудегі ВГИК-та оқытқанын білеміз.
Алдындағы ағаларындай Мәскеу асып білім алмаса да өздерінің таудай талап, бармақтай бақтарымен-ақ үлкен жеңістерге жетіп келе жатқан Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы жыл сайын өрлеп келеді. Әу баста анимацияға бағыт алған киностудияның азаматтары бүгінде толық метражды көркем кино түсіруге мүмкіндіктері әбден жетіп қалды.
Біз мұны «Сақ» киностудиясы түсіріп жатқан «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы тарихи-танымдық кинохикаяның түсірілімін көргенде тағы бір байқап, осындағы іні-қарындастардың таудай талабына разы болдық.
Киноның кейбір эпизодтарынан қазақстандық әуесқой кинорежиссерлер түсірген дүние емес, Голливудтың шіренсе аттың таралғысын үзетін атақты кино мамандары мен гонорары миллион доллардан басталатын актерлерді көргендей боласың. «Сақ» киностудиясының толық метражды кинодағы алғашқы қадамы осылайша жақсы басталып отыр.
Аты анимация дегеніңмен, тарихи тақырыптарға барғанда барынша зерделеп, білікті мамандардан кеңес алмасаң қиын. Сәл мүлт кетсең білетіндер де, білмейтіндер де сын садағын жаңбырдай жаудырады. Мәселен, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмі қандай шындықтың бетін ашады?! Біз бұл сұрақты Нуриддин Паттеевке қойғанбыз. Өйткені, Шыңғысхан мен Отырардың билеушісі Қайырхан туралы тарихта түрлі қайшылықтар көп. Осыған байланысты еліміздің ең белгілі жазушысы мен танымал ақыны бір-бірінің жағасын жыртпаса да соған жетердей жерге дейін ұстасты. Екеуін де жақсы көретін халықты әрі-сәрі етті. Бекер қауіптеніппіз. Ақылды жігіттер Отырардағы екі жігіттің ерлігі арқылы Отан қорғау, патрио-тизм тақырыбында жаңа арна тауып, даулы жерден жақсы сытылып кетіпті.
«Күш атасы Қажымұқан» да көз алдымызда трагедиялық тұлғаға айналып кете жаздағаны есте. Ел басына күн туған шақта «Алашордадағы» ардақтыларымыздың қасынан табылған даңқты балуан ашаршылық жылдарда барлық дерлік медальдарынан айырылып қалды. Қасына еріп күресін өз көзімен көріп түсініп жазған жылнамашы жоқ. Грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, сол кездегі мұсылман қауымның бас батыры дәрменсіз күйде қалды. Сөйтіп жүргенде Ресейдің шовинизм сүйегіне сіңген бір сұғанақ жазғышы «Қажымұқан балуан емес, цирктегі сайқымазақ еді» дегенге дейін жазды.
Қазақтың сол кезде ел басында отырған игі жақсылары Мұратхан Тәнекеев деген жас ғалымды қолына мол қаражат ұстатып Қажымұқанның ізі қалған, боз кілемде ерлігі асқақтаған төрткүл дүниеге жіберді. Анықтап келсе, біздің батырға орыстың бас батыры Иван Поддубныйдың өзі тіс батыра алмаған екен. Харбинде өткен орыс-жапон балуандарының теке-тіресінде кімнің кім екендігі белгілі болған. Орыс балуандарынан жеңілген жапонның бас балуаны Саракики Жиндофу әруақ шақырып, джиу-джитсу күресіне шыққан орыстың апайтөс батырларының тізесі қалтылдаған. Сол кезде «жаным − арымның садағасы» деп білген Алаштың баласы Қажымұқан ортаға шығып, жапон балуанының бас терісін сыпырып алған. Империя намысы үшін емес, өзінің намысына тигені үшін, арғы атасы көк түріктің әруағы жерге тапталмау үшін шыққан.
Осы жұмыстарды жасап жатқан Батырхан да, Нуриддин де, Бақытжан да идеялас інілер ғой. Талай айтқанбыз. Талай талқылағанбыз. Фильмнің кілтін жақсы ұстапты.
Әрине, кинодан бөлек, әр анимациялық туындылардың ерекшелігін, патриоттық қайраткерлігін, жас буынға берер жақсылығын таратып айтып жатуды кейінге қалдырдық. Кей тұста тым қазбалап кетсек, жігіттеріміздің жетілгенін, бұдан да үлкен туындылар жасай алатындығын айтқымыз келгені. Марқаятын сәт қой.
Сұхбат барысында «Сақ» киностудиясының директоры «Көне жетігеннің сыры» тарихи-танымдық кинохикаяны облыс басшысы Түркия мемлекетіндегі кинотеатрларға қоюға көмектесетіндігін айтты.
Фильмде Қазақстанның қуатты ел, мықты мемлекет екендігін көрсетумен қатар, оңтүстіктің ең ғажайып жерлері, тарихи жәдігерлері көрсетіледі. Түйіндеп айтқанда, патриотизм мен отандық туризмнің іргесін бекітуге арналған фильм саяхаттаушылар үшін таптырмас туынды.
Облыс әкімінің жолдамасымен биылғы жазда жиырма шақты журналистің Түркияға жолы түсіп еді. Бұл мемлекетте туристерге деген құрмет ерекше, ілтипат керемет. Теңіздің тамшыдан құралатынын білетін мемлекет осындай ғажап жерлері арқылы туризмнен күреп пайда тауып отыр.
Түркістанды Атажұрт деп айшықтайтын, Қазақстанға ықыласы ерек түріктер осы фильмді көрген соң елге келіп саяхаттасын, оңтүстік туризмі өркендесін деген тілек қой өңір басшысының ниеті.
Президентіміз мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді. Жаңа жобаларды қолға алған қос студия бүгінге дейін талай белесті бағындырған.
Бүгінде «Сақ» киностудиясының қорында 51 анимациялық фильм бар. Құрылғанына биыл 15 жыл толған шығармашылық ұжымда 40 анимация маманы жұмыс істейді. Жақында ғана киностудия әзірлеген туындылардың ішіндегі «Қазақ елі» толық метражды анимациялық фильмі Каир қаласында өткен XX халықаралық анимациялық фильмдердің форумына қатысып, «Ең үздік толық метражды фильм» жүлдесіне және «Үздік режиссура», «Үздік музыка» аталымдарына ие болды, облысымыздың атын бүкіл дүйім жұртшылыққа танытты.
Осылайша «Оңтүстік фильм» мен «Сақ» киностудиясының облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың идеясы бойынша жасап жатқан төрт туындысы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үлкен үлес қоспақ. Бұл – осы бағытта келешекте жасалатын ауқымды жұмыстардың ақжолтай хабаршысы.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы