Салтанатты шараның ресми бөлімінде Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазақ-түрік достастығының жетістіктерін әңгімелеп, түркиялықтарға халықаралық шараның Астанада өтуіне қолдау білдіргендері үшін алғысын білдірді.
Басқосуда Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен бауырластықтың бүгінгі таңда үлкен саяси әрі экономикалық қарым-қатынасқа айналғанын тілге тиек етті.
Ұлттық күннің сәнін келтірген «Мехтеран» Түрік әскери оркестрінің шеруі ЭКСПО қонақтарының есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Сонымен қатар, көрермендерге мыңдаған гүл шоқтары мен Түркия жалаушалары беріліп, павильон тамашалаушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды.
Түркия павильоны екі айда 400 мыңнан аса көрермен қабылдап үлгерген.
Алпыс мыңға жуық жеткіншек Астананы көрді
Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, Астана қалалық білім басқармасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ләззат Орынбасарова журналистердің сауалдарына жауап берді.
Ол ЭКСПО-2017 көрмесіне Қазақстанның өңірлерінен 80 мыңға жуық оқушы келетінін мәлімдеді. Бүгінге дейін 57 913 жеткіншек елордаға табан тіреп, халықаралық шараны тамашалап үлгерген.
«Енді көрме аяқталғанға дейін 15-20 мың оқушы келеді деп күтілуде. Білім басқармасы балаларды қарсы алу, үйлеріне шығарып салу, екі күндік ыстық тамақпен, жатақханамен қамтамасыз ету шараларын қамтып отыр», деген Л.Орынбасарова көрме басталғалы балаларға қатысты ешқандай төтенше жағдай орын алмағанын мәлімдеді. Аймақтардан келген балалар үшін Астанада екі күндік бағдарлама қарастырылған. Оқушылар бірінші күнін ЭКСПО көрмесімен танысуға арнаса, екінші күнінде елорданың әсем жерлерін аралайды.
Қазақстан-Беларусь бизнесінің белесі
Беларусь – өзендер мен көлдерге бай дәстүрлі мемлекет. Онда су электр стансаларын салу бойынша арнайы бағдарлама да әзірленген. Орташа есеппен екі жылда бір су электр стансасы пайдалануға беріледі. Республикада жаңғырмалы энергияның өзге де түрлерін зерттеу және енгізу жұмыстары жүргізілуде, сұйық және көгілдір отын шығарылады. Мемлекеттің жел ресурстары да жеткілікті, солтүстік-батыс аймақтарында жел энергиясын өндіретін бағандар орнатылған.
Бұл мәліметтерді Беларусь Республикасының ұлттық күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осы елдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов жеткізді. Онда ЖЭК дамытудан басқа атом электрстансасын құру жобасы жүзеге асырылуда. 2020 жылға қарай бұл толық режімде жұмыс істемек. АЭС құрылысы МАГАТЭ-нің талаптары мен ережелеріне сай жүргізілуде. «Атом электр стансасының құрылысы барысында ең соңғы үлгідегі реактор пайдаланылуда, оның үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар», деді ол.
Елші екі ел арасындағы ынтымақтастыққа ширек ғасыр толғанын әңгімелеп, саяси диалог тығыз сауда-экономикалық байланысқа ұласқанын айтты. «Біздің кәсіпкерлер байланысты кеңейтіп, бірлескен кәсіпорындар құрды. Бүгінгі таңда Қазақстанда Беларусьпен бірлескен 15 кәсіпорын бар. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, машина жасау салаларында жұмыс істеуде. 25 жылда екі ел арасындағы сауда айналымы 10 есеге артқан. Кеден одағы, ЕурАзЭҚ сынды жаңа институттар құрылды. Мұның барлығы аса маңызды мәнге ие», деді Анатолий Ничкасов.
13-15 тамыз күндері елордада Беларусь өндірушілерінің «Made in Belarus. Astana» көрмесі өтпек. «Бұл шара соңғы жылдары ұйымдастырылған көрмелердің ішіндегі ең ауқымдысы болмақ. Онда машина құрастыру, мұнай-химия, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері, ағаш өңдеу және жеңіл өнеркәсіп, косметика және өзге де тұтыну тауарлары бойынша 70-тен астам беларусьтік кәсіпорын өнімдері мен жаңа дүниелерін көрсетеді.
Бұл көрме қазақстандық-беларустік бизнестің дамуына арналған ыңғайлы әрі тиімді платформаға айналары сөзсіз», деді басқосуда Беларусь сауда-өнеркәсіптік палатасы «Белинтерэкспо» унитарлы көрме кәсіпорнының директоры Евгений Введенский. Оның айтуынша, республиканың өндіріс алыптары Қазақстанға бірқатар қызықты заманауи өнімдер әкелмек. Мәселен, «Гомсельмаш» АҚ Беларусь пен Қазақстан бірлесіп әзірлеген «Essil КЗС-760» астық жинау комбайнын ұсынады. Бұл техника ылғалдылығы жоғары дәндерді де тиімді жинай алады. Минск автокөлік зауыты экологиялық Еуро-4 деңгейлі қозғалтқышы бар толық жетекті тартқыш көлік пен «МАЗ-103» автобусын таныстырады. Минск трактор зауыты навигациялық жүйелермен жабдықталған мол қуатты «Belarus-3522», «Belarus-4522» тракторларын әкеледі. «БелТРАНСНЕТ» білім беру орталығы болашақ көлігі атанған «Sky Way» жаңа эстакадалық көлігін ұсынады екен.
13 тамыз күні ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Беларусь Республикасының ұлттық күні өтеді. Мемлекеттің премьер-министрі Андрей Кобяков бастаған делегация қатысатын шара Қазақстан-Беларусь бизнес-форумымен жалғасады.
Топтаманы әзірлеген:
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»