Басқосуға Астана қаласы әкімінің орынбасарлары Ермек Аманшаев пен Малика Бектұрова, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Асхат Оралов, университет ректоры аппаратының жетекшісі Думан Айтмағамбетов, ЭКСПО-2017 еріктілер штабының жетекшісі Альбина Жұмашева және еріктілер қатысты.
«Еріктілердің шілде айындағы жұмысы маңызды әрі қызықты өтті. Осы айда біздің 510 мүшеміз Астанадағы 96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті», деген қалалық штаб жұмысын үйлестіруші Тасқали Таир еріктілердің атқарған жұмыстарына арналған бейнетаспаны көпшіліктің назарына ұсынды.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келушілерге қызмет көрсетуге атсалысқан еріктілер мен супервайзерлерді Астана қаласы әкімдігі мен олар еңбек етіп жүрген нысандардың өкілдері марапаттап, алғыстарын білдірді. «Нұрлы жол» нысанының еріктілері «Айдың ең үздік командасы» деп танылса, «Тұран» университетінің студенті Рауан Сағындықов «Үздік ерікті» атанып, су жаңа велосипедке ие болды. Ол штаб туын үшінші маусымның еріктілеріне салтанатты түрде табыс етті. «Үздік супервайзер» атанған ЕҰУ студенті Құмарбек Азат арнайы кубок пен Құрмет грамотасын еншіледі.
Жүніс ОМАР, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері