• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Тамыз, 2017

Қазақтың басты әрпі

759 рет
көрсетілді

Қазақ әліпбиінде ең басты әріп қайсы деп ойлайсыз? Менің ойымша, бұл Қ әрпі. Неге дейсіз ғой? Еліміздің аты Қазақстан болғасын, ұлтымыз қазақ болғасын. Қазақтың ең жақсы сөздері осы әріптен басталатын болғасын: қазына, қазы-қарта, қымыз, қуырдақ, қызық, қыз, қамқорлық, т.с.с.

Ал, енді Елбасымыздың «Егемен Қазақ­стан» газетінде шыққан «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­ма­лық мақаласында негізгі мәселелердің ішінде латын әліпбиіне көшу туралы айт­қа­нын еске алсақ, жаңа әліпбиге көшерде бұл басты әріпті қалай алған дұрыс болар екен, қателеспесек екен деген ой біздікі.

 Қазір латын әліпбиінің бірнеше нұ­сқа­ла­р­ымен баспасөзде танысып жатырмыз. Кө­бінде Қ әрпін латын графикасында Q әрпімен ауыстырып та, пайдаланып та жүр (Qazaq banki, Qazaq air). Бұл қате!

 Ең бастысы, қазақтың Қ әрпін латын әліпбиіне К деп енгізу керек деймін. Бұл Елбасының да айтқан, ғылымның да ұстанымдарына сай келеді. Ағылшын тілінде де Қ әрпі К деп алынып жүр.

2012 жылы Елбасымыздың Жолдауында айтыл­ған: «...Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз жә­не бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ба­ла­ларымыздың ағылшын тілі мен интер­нет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қа­зақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.». Ал, биылғы жылдың сәуірінде газетте шық­­қан мақаласында Елбасы: «...Мектеп қа­­бырғасында балаларымыз ағылшын ті­лін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жа­тыр» деген.

Ғылым да осы ұстанымды дәлелдеп отыр. Астанадағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры, «Жасанды интел­лект» ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Алтынбек Шәріпбай: «Бұл өте ма­ңызды және дер кезіндегі жобаны жү­зе­ге асыр­ғанда алдымен мыналарды ес­керу ке­рек: ғаламдану дәуірінде көп­т­е­ген елдің ғы­лыми ортасында көлемі жылдам өсіп жат­қан ақпараттық ресурстарды дайындау жә­не өңдеуге кететін шығындарды азайту үшін ғаламдық ақпараттық кеңістікте бір ғана әліпби пайдалану және ол үшін базалық латын (ағылшын) әліпбиін қабыл­дау мәселесі талқылануда. Себебі, дүние жү­зін­де шығарылып жатқан барлық компью­терлер ағылшын тілі қолданатын ба­залық латын әліпбиін қамтиды» дейді. Жә­не де бұл кирилл жазуындағы қазақ мә­тіндерін автоматты түрде латынға ауыс­тыру программаларына да (конвертор) же­ңіл­ге түсетіндігін айтады.

1993 жылы Министрлер Кабинетінде жұмыс істейтін Серік Сабыров әріптесім екеуміз еліміздің атын ағылшын тілінде КСРО кезінен бері қате жазылып жүр, соны дұрыс қалпына келтіру керек деп басшылыққа ұсыныс жасағанбыз. Мем­терминкомға тапсырма берілді. Фило­лог­т­ар, үлкен ғалымдар мен академиктер бір­неше ай талқылап, 1994 жылдың 31 қаң­тарында Премьер-Министрдің орынба­сары Қуаныш Сұлтанов басқарған Мемтерминком бізді қолдап, Қазақстан латын әріптерімен Qazaqstan емес, Kazakhstan емес, Kazakstan деп жазылуы тиіс деген шешім шығарды.

Сонымен, қазақ әліпбиінің жаңа гра­фи­ка­дағы бірыңғай стандарттың нұсқасына Қ әрпін К деп алынуы дәл болады!

Ал, Q әрпін 1929 жылы бұрынғы әліп­биде алған. Ол кезде ағылшын тілі қазір­гі­дей халықаралық тіл болмаған еді, интер­нет те жоқ еді. Сондықтан Қ әрпінің ор­нына Q әрпін алған жаңа заманның логи­касына келмейді, жараспайды!

Бұл Q әріпті дауыссыз жұмсақ К әрпі­нің орнына алынса орынды болады (мысалы, керек – qereq, (ағылшын, француз тілдерін білетіндер бұны түсінеді). Себебі, К әрпі біздің қатаң дауыссыз Қ әрпіне қарағанда қазақ тілі корпусында әріптер кез­десу жиілігі төмен - 2,98 %, ал Қ әрпінің жи­ілігі жоғары – 3,35 %. Бұл көрсеткіш –ғы­лыми түрдегі тағы бір дәлел.

Осы логикамен Ш әрпін ағылшын тілін­дегі Sh деп, Х әрпін H (h), Ғ әрпін G деп (жиілігі - 1,54%, ал Г әрпінікі – 1,20%) ал­сақ, қазақ мәтіндерін латын графикасы­на автоматты түрде аудару жеңіл де, шы­ғынсыз болар еді.

Бұл қазақ жазуының тарихи кезеңінде қате жібермеуіміз қажет.

Мирболат ЖАҚЫПОВ