Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт жастарының «Тілі бірдің – тілегі бір» республикалық форумында осындай ұсыныс айтылды
Жастардың бұл форумы Қостанайда өтіп жататын көп кеңестен өзгерек болды. Олай дейтініміз, облыс орталығында әдетте күнде жиын болса да, мәжілістің таза мемлекеттік тілде өтуі өте сирек, тіпті жоқтың қасы. Содан ба екен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастары форумының қазақ тілінде өтуі Тобыл бойынан бір самал леп есіп, тыныс ашылғандай әсер берді. Форумға келгендердің арасында барша ұлттың өкілі бар – қазақ та, орыс та, өзбек пен түрік, неміс пен украин, корей де отыр. Бір уысқа жинаған даланың алуан гүліндей, жастықтың көркі өз алдына!
Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Сергей Кулагиннің жастарға құттықтау сәлемін Тіл комитеті нормативтік-лингвистикалық жұмыстар басқармасының бастығы С.Сәлемов пен облыс әкімінің орынбасары С.Бектұрғанов жеткізді. Форумға Парламент депутаттары Ольга Киколенко мен Хұсайын Уәлиев келді.
– Қазақ елінің мемлекет болып сақталып қалуының өзі тілдің арқасы. Жастар, сіздер қазақ тілін білу арқылы тарихы тереңнен тартылатын, мәдениеті мен салт-дәстүрі бай қазақ әлеміне ендіңіздер. Бұл сіздер үшін зор рухани байлық,–деді сенатор.
Мұнан кейін сөз алған Алматы қаласы түрік этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеяның мүшесі Қазақбай Қасымов Қазақстанның патриотымын деген әр ұлыстың өкілі Отанға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік тілден бастауы керектігін айтты. Ал қазақша сөйлегенде тілінің мүкісі жоқ жастардың өзі мінберге көтеріліп, мемлекеттік тілдің қадамын ашу мәселелерін қозғағанда, қазақ тілі болашағының көкжиегі көрінгендей көңіл масайрады. Қызылордадан келген Елена Рыбина қазақ тілінің нәрімен сусындаған жас екен.
– Қобыздың тілін игерген Қорқыттың, жырдың тілін игерген Жиенбайдың, асыл тастың тілін игерген Шаһмарданның, ақ күріштің тілін игерген Ыбырайдың елінен келіп тұрмын, – деп сұлу сөзді төгілтіп бастаған Елена замандастарына мемлекеттік тілді игеру парыздан бұрын міндет екенін ескертті. – Демократияның отаны болып саналатын Еуропа елдерінің қайсысына барсаң да сол елдің мемлекеттік тілін игермей, қолың бірнәрсеге жетуі мүмкін емес. Бұл өмірдің заңды факторына айналған. Бізде де солай болуы керек.
Тілдік ортасы кең Сыр елінде Лена қазақ тілін бала кезден сөйлеп өсіпті. Соның арқасында өзі орыс мектебінде оқып, химия саласының маманы бола тұрып, өзі сүйетін қызметті қазақ тілін жетік білетіндігінің арқасында тауыпты. Қазір ол облыстағы «Қоғам-тв» жергілікті телеарнасында диктор болып қызмет істейді. Ол журналистерге берген сұхбатында «басқа ұлттың өкілдері қазақ тілін қажеттілік болған соң үйренеді, ал қазақтарға ана тілін білмеу ұят қой енді» деп намысты да бір жанып өтті.
Форумда қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, жақсы ой айтқанның бірі Қостанай облысының Рудный қаласындағы Индустрия колледжінің мұғалімі Евгений Дадаров болды. Евгенийдің қазақ тілін еркін меңгерген өзге замандастарынан айырмашылығы – ол тілдік ортасы жоқ Рудный қаласында мемлекеттік тілді өзінің еңбекқорлығы мен ниетінің арқасында үйренді. Өзі алдына мақсат қойып, күніне 100-130-ға дейін сөз жаттап, қазақ достарымен араласып жүріп, Рудный индустрия институтындағы қазақ топтарына техникалық пәннен сабақ өткізе алатын дәрежеге жетті. Қазақ тіліндегі басылымдарды жаздырып алып оқитынын да айтып жатты журналистерге.
– Тіл үйренуге жағдай жоқ деген – бос сөз. Арнайы курстар бар, сөздіктер, әдебиеттер, көмекші құралдар жетеді. Тек ниет пен еңбек керек. Сондықтан тіл үйренгің келсе алдыңа мақсат қой да, істі бүгіннен бастап кет, деді Евгений форумға жиналған жұрт алдында.
Тілдік ортасы жұтаң Рудныйда тек өзінің еңбегімен ғана таза сөйлейтін дәрежеге жеткен Евгений Дадаровтың жеткен биігін еліміздегі мемлекеттік тіл саясаты мен ол үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың жарқын нәтижесі деп айтуға болады. Осыдан 20 жыл бұрын қазақтары қала халқының екі пайызын ғана құрайтын Рудныйда бүгінде қазақ мектебінің саны үшеуге жетті. Ал облыста тәуелсіздік жылдары он екі мектеп салынса, соның барлығы да білімді мемлекеттік тілде беретін білім ошақтары! Қазір қазақ балабақшаларының саны да көбейіп келеді. Облыстағы қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт балаларының саны мыңнан асады.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген жастарды марапаттау кезінде Алматы қаласынан келген Анна Данченко өзінің қазақ тілінде жазған өлеңін оқып берді. Балауса өлеңнен туған жерге, Отанға, тілге деген албырт жастың аппақ жүрегі атойлайды. Форумға қатысушылар еліміздің барлық жастарына үндеу қабылдады. Онда «Біз, жастар форумына қатысушылар, қанымыз қазақ болмаса да, туған жеріміз Қазақстан болғандықтан және осы елдің азаматтары ретінде мемлекеттік тілді қастерлеуге, оның күш-қуатын арттыра беруге шақырамыз!» делінген.
Түстен кейін жастарды облыс әкімі Сергей Кулагин қабылдады. Жастар форум аясында Қостанайдың көрікті жерлерін көрді, орталық алаңда «Мемлекеттік тілді насихаттаудың қазіргі заманғы нысандары» шеберлік сыныптарын, «Өзіңнен баста» акциясын өткізді, форум делегаттары қатысқан концертті тамашалады.
Республикада осымен үшінші рет өтіп отырған форумнан жастардың тілге деген қызығушылығы, түсіністігі, жақсы ниетінің барлығы байқалды. Мінберден «Мемлекеттік тілде сөйлеуді сәнге айналдырайық!» деген ұсыныс та айтылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.