• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2017

Жемиле Кынаджы: Аудармашы автордың обалына қалмауы керек...

487 рет
көрсетілді

Мәдениетіміздің мәйегі – әдебиетімізде. Әдебиетіміздің там-тұмдап болса да әртүрлі тілдерге аударылып жатқанынан жалпы жұрт хабардар. Алайда, кім, нені, қалай аударуда деген әңгімелер әдеби ортаның көрігін қыздырып жатыр деп айтуға әлі де ерте секілді... Осы орайда біз Анкарадағы Гази университетінің профессоры, ғылым докторы, әдебиетші, қазақ әдебиетін түрікше сөйлетіп жүрген аудармашы Жемиле КЫНАДЖЫМЕН әңгімелескен едік.

– Жемиле ханым,  классик жазушымыз Ғабит Мүсіре­пов­тің «Ұлпан» романын аудар­ға­­ныңызды білеміз, қазақ әде­би­­е- тінен түрік тіліне тағы кім­дер­ден, қандай шығармалар ау­да­рылды, қолдаушы ұйымдар қай­сы дегендей жалпылама сауалға қыс­қаша шолу жасап барып, не­гіз­гі әңгімемізге көшсек.

– Бертінгі уақыттан айтсақ, Ілияс Есенберлиннің үш том­дық «Көш­пенділер», Смағұл Елубай­дың «Ақбоз үй», Бексұлтан Нұр­же­ке­ұлының «Бір өкініш, бір үміт...», Ра­хымжан Отарбаевтың «Бас» ро­маны мен «Ақ көбелектер» әң­гімелер жинағы, Мархабат Ба­й­ғұттың «Дауыстың түсі», Рол­лан Сей­сенбаевтың «Қашу», Наға­шы­бек Қапалбектің «Құс қанаты», Жә­ди Шәкенұлының «Қаралы көш» романдары, Ахмеджан Аширидің «Идиқұт» кітаптары, Төлен Әбді­к­тің таңдаулы шығармалары және Олжас Сүлейменов, Темірхан Ме­дет­беков өлеңдері, бұдан бөлек әде­­биетші, аудармашы Мәлік Отар­ба­евтың сұрыптап аударуымен жа­рыққа шыққан 25 жазушының шығармалары бар. Бұл жинаққа Несіпбек Дәутайұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетай, Қуандық Түменбай, Қали Сәр­сен­­бай, Нұрғали Ораз, Жүсіп­бек Қорғасбек, Асқар Алтай, Роза Мұ­қа­но­ва, Айгүл Кемелбаева, Се­рік Нұ­ғыман, Берік Шаханов сынды кі­лең қазіргі заман жазушылары енген.

Жалпы, бұл саланың жұмысы соң­ғы екі-үш жылдың бедерінде жақ­сы қарқын алды, қателеспесем 40-қа жуық кітап аударылды. Бұларға негізінен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жа­зу­шы­лар қауымдастығы, Ха­лық­ара­лық Түркі академиясы қолдау көр­сет­ті. Кейде жеке тұлғалар, жеке бас­палар, Түркиядағы қазақ диаспорасы, университеттің кафедралары да себепкер болып жатады.

– Елбасымыз Н. Назарбаев­­тың ел­­дің болашақ бағдарын, рухани келбетін айқын­дай­­тын маңызды мақа­ла­сы жа­рық көр­ді. Мұнда әлеммен бай­ланысымыз, мә­дени өрісіміз сөз болып, аударма мә­селесі де ай­тыл­ды. Бұдан толық ха­бар­дар шы­ғарсыз?

– Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы түрік ті­ліне аударылып, ол жақта да жақ­сы талқыланды. Мұнда Елбасы мә­дениеттер арасында диа­лог болуы керектігін жақсы көтер­ген. Бұл диалог, әрине әдеби аударма арқылы жү­зеге асады. Осы мақалада өте ма­ңызды мәселелердің бірі ретінде аударма бюросын құру керектігін ай­тт­ы. Бұл өте қуанышты жағдай. Се­бебі, аударма жүйелі әрі сапа­лы болуы керек. Аударма өз дең­гейі­нде болмаса әсері керісінше бо­лады. Тіпті оны аудармашыдан кейін қарайтын комиссия бо­луы тиіс. Мысалы, ертеректе Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» ро­ма­ны түрік тіліне аударылды. Жа­сы­ра­тыны жоқ, сәтті шықпады. Ба­сын­да бәрі оқығысы келгенімен, кейін аяқ тартып қалады. Мен өзім студент кезімде сол аударманы оқып бастағанмын, бірақ әрі қарай жүре алмадым. Содан диссертация қорғайтын кезімде қазақша түпнұсқаны оқыдым. Ой, қандай ғажап! Мен тек қайран қалумен болдым. Әуезовті қалай жақсы көргенімді айтып сұрамаңыз. Сөз­дері түгел інжу-маржан! Оның обалына қалуға болмайды. Назарбаев айт­қан аударма бюросы құрылмай, мұн­д­ай проблемалардан арыла алма­ймыз. Әлсіз аудармалардың пайдасынан зияны көп.

Жалпы, әдеби аудармашыларға дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Сіз­дің елде де, біздің елде де солай. Мысалы, шетел баспалары Орхан Памук секілді атақты жа­зу­шылардың шығармаларын жо­ға­ры қаламақымен, жақсы сапада аударып шығарады. Ондай істерді көбінесе сатылым үшін, пайда түсіру үшін жеке баспалар істейді. Мысалы, Айтматовтың шығармаларынан бұрын атағы жетті. Атағы жеткен жазушының өтімді болатыны белгілі. Сон­дық­тан да ол жоғары сапада аудары­лып, өз оқырмандарын тапты деу­ге болады. Бұл бірлі-жарым жазу­шы жай­лы. Ал, бір ұлтты жан-жа­ғы­нан таныстыратын ұласпалы дү­ние­лерді сапалы аудару үшін мем­лекеттің қолдауы керек болады. Мысалы, «Ақбоз үй» қазақтың аш­тыққа ұшыраған тарихын көз алдыңнан өткізсе, «Ұлпан» қазақ әйелінің образын сомдайды.

– Осы тұста аударылып жат­қан шығармалардың қабыл­да­нуы жайын айтыңызшы, тү­рік оқырмандарына қазақ жа­зу­шы­ларының шығармалары қай қы­ры­нан көбірек әсер еткенін бай­қадыңыз?

– Шынымды айтсам, «Ақбоз үй» романы түрік тіліне аударылғанға дейін қазақ бауырларымыздың алапат аштыққа ұшыраған жағдайын жете білмейді екенбіз. Білгендерінің өзінің ойында қазақ даласында аштық болған, қуғын-сүргін болған деген сияқты жалаң ақпараттар ғана болған. «Ақбоз үй» романы өте жақсы қабылданды. Қазір аштыққа ұшыраған қазақтың тарихын жаны қинала еске алатын әріптестеріміз, оқырмандар аз емес. Міне, білісу, танысу. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы туралы айтайық, мысалы. Махамбет Өтемісұлының үлкен тарихи тұлға болғанын түрік жұрты осы роман арқылы таныды десе де болады. Оның қылыштай өткір мінезі, еркіндік аңсаған қырандығы, алапат ақындығы ерекше тәнті етті. Махамбетті қазақтың рухы деп білуге болады. Оның жырлары да аударылды қазір. Түрік бауырларыңыз Махамбетті енді онан сайын жақсы біле түсетіні сөзсіз. Әр оқырман өз тақырыбын іздейді ғой, барлық адам тарихи тақырыпқа қызығады деуге де болмайды. Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт...» романы қарапайым кейіпкердің жан дүниесі арқылы әдеби образ жасайды. «Ұлпан» романын оқыған адам қазақ әйелдерінің қандай болғанын қапысыз түсінеді. Түркияның әр қаласында кітап жәрмеңкелері өтеді, сол жәрмеңкелерде «Ұл­пан» романы ең көп сатылатын кі­тап­тардың қатарында. Неге десе­ңіз, оқырмандарды қарапайым қа­зақ әйелінің қандай болғаны, оның тұрмысы, психологиясы, ары, ұяты, ұстанымдары қандай бол­ға­ны қызықтырады екен. Ал, маған әлеу­меттік желі арқылы, болмаса басқалай алғыстарын айтып жат­қан оқырмандар өте көп. Көбі қазақ әйелінің ғажайып мықты қуатына таң қалғаны, кейбіреу жылап отырып оқығанын айтады.

Бір айта кететін жайт, мысалы кітапты елшілік шығарса ол бір қонақтарға кәдесый ре­тін­де берілетін, жиналыстарда көрініске қоятын зат се­кіл­ді болып қалады ғой, ал «Ұл­пан» Еуразия Жазушылар ода­ғы­на қарайтын «BENGÜ» бас­па­сынан шықты. Әрине, елші­лік­тің қолдауымен. Беделді бас­па­лар үлкен жәрмеңкелерден ойып тұрып орын алып, жарнама­сын да жақсы жасай алады. Оның үстіне Түркияда интернет арқылы кітап сатып алу жүйесі де жақсы да­мыған. «BENGÜ» баспасының қо­ры­тындысына сенсек, Анка­рада өткен ең үлкен кітап жәр­мең­кесінде қазақ жазу­шы­ларының шы­ғар­малары ішінде ең көп сатылған «Ұлпан» романы болыпты. «Ақбоз үй», «Бас» та жоғары сұранысқа ие, «Қаралы көш» романы да жақсы бағаланды деп естіп жатырмыз. Осы роман және Халифа Алтай туралы кітап та сондағы қазақ диаспорасы арқылы шықты-ау деймін. Мысалы, жеке авторлар да жақсы аудармашы тауып, өздері баспамен келісіп кітабын шығара берсе болады.

– Қаржы мәселесі қиын ғой?

– Иә, ол жағы әркімнің өзіне бай­ланысты. Осы жерде айта ке­тей­ін бұл жерде мынаны білу ке­рек, елшілік арқылы дегенде елшілік бұл шаруамен арна­йы айналыспайды ғой, оған бө­лін­ген арнайы қаражаты да жоқ, олар көбінде демеуші іздей­ді, бас­палармен сөйлеседі. Табыл­ға­нына, келіскеніне қарай жұмыс жү­ргізі­леді. Көбінесе авторлар ау­дар­маға өздері ақша төлеп, елші­лік баспа жағын шешіп деген­дей ке­лі­сімдермен шығады. Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшілігінде Мәлік Отарбаев деген әдебиетші, аудармашы азамат бар. Сол жігіт осы әдеби аударма саласына, яғни қазақтардың түрікшеге аударылуына көп еңбек сіңіріп жүр. Одан бөлек бұл жұмыстарды университеттердегі «Қазіргі түрік тілдері және әдебиеттері» кафедраларында қазақ әдебиет­і­не қатысты қорғалған диссер­та­­циялық жұмыс, ондағы ма­гис­­трант, докторантурадағы із­де­ну­шілер аударған шығармалар да толықтырды. Мысалы, менің дис­сертациялық жұмысымның тақырыбы «Қазақ әдебиетіндегі имидж және тұлғалық қасиет» деп аталды. Оны мен М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Ерубаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, М.Ма­ға­у­ин сынды қазақ әдеби­еті­нің классиктерінен 16 романды оқу арқылы жаздым. Былайша айт­қанда, 1925 жылдан 1991 жыл­ға дейінгі аралықтағы қазақ әде­биетіне ғылыми тұрғыдан тұжы­рым­дама жасадым деуге болады. Ол да кітап болып басылып шықты. Оқырман, танып біле жүрсін деп мысалға алынған авторлардың өмірбаянын да кітапқа кіргіздім.

Бұдан былай Елбасы мақа­ла­сында айтылған бағдарламалар іс­ке қосылса бұл жұмыстар қарқын алып қана қоймайды, сапасын да арт­тыра түседі деп ойлаймын.

– Қазақ әдебиетінен қандай тұлғалық қасиет байқадыңыз?

– Бұған негізі кеңірек жауап беру керек. Қысқарақ айтсақ, «әже» образы ерекше көзге түседі. Мен оқы­ған романдардың бәрінде әже бар. Сол әжеден салт та, тұр­мыс та, парасат та, бәрі-бә­рін көре аласың. Бұл нағыз тұл­ға­лық қа­сиет. Мысалы, біз Сәбит Мұ­қа­нов­ты немесе Сәкен Сей­фул­линді идео­логияның жазушысы деп ой­лай­­мыз ғой, жоқ, олардың да өгіз­ді өлтірмей, арбаны сындырмай айтарын астарлап жеткізген тұс­тары өте көп. Мысалы, қазақ еш­қа­шан доңыз етін жемейді. Бұл «Ботагөз» романында айқын көрі­не­ді. Қазақ орыстың үйіне барса до­ңыз еті араласады деп оның дас­тар­қанына жақындамауға тырысады, орысқа қызын бермейді. Міне, бұл да ұлттық болмыс.

Бір ұлттың өткенін тарихынан білсең, санадағы қозғалысын әде­биеті арқылы білесің. Қарап отыр­са­ңыз, 80-шы жылдардағы қазақ әде­б­иеті Кеңес өкіметінің іштен құ­ла­ғанын айпарадай көрсетіп бе­реді. Тарихи романдардың бірінің артынан бірі  шыға бастауының өзі со­ның белгісі емес пе? Тарихи тұл­ғалар, қазақ хандығы туралы айтыла бастады. Қысқасы, біз 1917 жылы шыққан ұлт емеспіз де­генді ашық-ашық айта бастады. «Аласапыран», «Елең-алаң» романдары соның айғағы. Бұлардың ақыры 1986 жылғы желтоқсандық алапат рухқа ұласты.

– Иә, одан кейін Алаш рухы қай­та аспандады... Сіздерге Алаш әдебиеті қаншалықты жет­­ті?

– Алаш әдебиеті сіздерде қан­ша­лықты кешеуілдесе бізде де солай. Соң­ғы жылдарда ғана қолға алына бас­тады. Мұстафа Шоқай кеңінен таныс деуге болады. Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабының түрік тіліне аударыл­ға­нын білемін, тағы да осы ака­де­мия­ның ұйымдастыруымен Әлихан Бөкей­ханның ғылыми жұмыстары түрік тіліне аударылып, Анкара қала­сында халықаралық конферен­ция болды. Біз бұл конферанциядан көп нәрсе түйдік.

Енді, Мағжанды түрік жұрты түгел біледі десек артық айтқандық болмас. Менің білуімше, ең бірінші түрік тіліне аударылған Мағжан. 1991 жылы-ау деймін. Түрік халқы Мағжанды жанындай жақсы көреді десем де болады. Осман империясы құлағаннан кейін бізде ұлт-азаттық соғыстары жүріп жатты. Сол кезде, сонау 1920 жылдары бізге арнап Мағжан «Алыстағы бауырыма» деп өлең жазды. Біздің факультетте Мағжан Жұмабаевты түріктің ұлы ақыны, Түркияның гимнін жазған Мехмет Акиф Ерсоймен салыстыра зерттеп, магистрлік диссертация жазып жүр­ген азаматты білем. Одан кей­ін өзіміз ұлттық ақын деп төбе­міз­ге көтеретін Мехмет Эмин Юр­дақулмен Міржақып Дулат­ұлын қатар қоятын тұс­та­ры­мыз бар. «Мен – түрікпін, менің денем де ұлы» деп жырлайтын Мехмет Эмин «Ей, түрік оян!» деп ұран салған еді кезінде. «Оян, қазақ!» деген Міржақып екеуі бір кезеңде өмір сүрген. Қараңызшы, біреуі анау Түркияның Анадолысында, біреуі қазақтың ұлан-байтақ Арқа даласында жүріп өз қандастарына тастаған ұранын, жан айқайын... Қандай ұқсас!  Міне, осылардың бар­лығы ғылыми тұрғыда зерт­теліп жа­тыр. Ал, өзім Қошке Кемең­гер­ұлы­ның өмірбаянын қарап, бір ма­қала жаздым. Болашақта осы алаш арыс­тары туралы тарихи эссе­лер аудару ойымда бар.

Жалпы, Түркияда қазақ әде­би­етін насихаттап жүрген ғалым­дар шоғыры көбейіп келеді. Тұлға­лар­ды бөлек қарастыра бастады, Абай­ды бір ғалым, Мағжанды бір ғалым зерттеп дегендей. Әкрам Аян Ыбырай Алтынсаринды зерттеп жүрсе, Сейфулла Иылдырым қа­зақ фольклорымен айналысып жүр, Ферхат Тамирды айтуға бо­лады. Олар қазаққа қатысты жи­на­лыс­тың көбінде бас қосып, ақыл­дасып жастарға тақырып бе­ріп отырады. Жастар өсіп келеді. Жалпы, қазақ та өздерін зерттеп жүрген адамдарға құрметпен қарайтынын байқадым. Көңілі кең халық. Өзге туысқан ұлттармен салыстырғанда қазақ мәдениетінің зерттелуі артып келеді. Біздің жазушылардан қазақ тіліне аударма жасалынып жатыр. Мысалы, екі жыл бұрын түріктің бүгінгі драматургиясының негізін салушы жазушы-драматург Халдун Танердің 100 жылдығы болды. Сол кезде Халдун Танердің пьесаларын Мәлік Отарбаев және әңгімелерін орыс тілінен Нұрғали Ораз қазақ­ша­­ға аударды. Басқа туысқан ұлт­тар­­дың бірінде аударылған жоқ. Бұл үшін қазаққа біз де ризамыз. Осы­лай біз бір-бірімізге бауырмал боламыз.

Кітаптар көп аударылуы керек. Қазір мамандар тапшы, бірақ бір автордың тұтас шығармасы бір адамның қолынан шығуы да шарт емес. Бір автордың әр шы­ғар­масын әр адам аударса да болады. Мысалы, Төлен Әбдік­тің шығармаларын бірнеше ау­дар­машы аударған. Дархан Қы­ды­рәлі «Қайырсыз жұма», Ашур Өздемир «Оң қол», Нұрбек Қайыр­мұ­хамедов «Парасат майданы», Эл­мира Қалжан «Әке», Айнұр Май­емерова «Тұғыр мен ғұмыр» шы­ғар­масын аударды. Бұл да қы­зық тәжірибе. Сәтсіз болған жоқ. Соның арқасындаТөлен Әбдік аға­мыз «Түркі әлемі әдебиетінің жыл адамы» атанды.

– «Ұлпанды» аудару қиын болды ма?

– Мен «Ұлпанға» бір жарым жыл отырдым. Білесіз, Ғабит Мүсі­ре­пов­тің  тілі өте бай тіл. Оны игеру қи­ын. Түрікше де өте жақсы білуің керек. Сөзбе-сөз аударма емес қой бұл. Мағынасын жеткізуің керек. Керек десеңіз, Ғабиттің сол кезде қолданған көп сөздерін сіздердің бүгінгі жас тар түсіне бермейді. Мен енді сол кезеңнің романдарын көбірек оқып, сөзбен, сөздікпен арнайы жұмыс жасағаннан кейін мін­детті түрде білуге тура келді. Көп ізденіс болды.

– Алдағы уақытта кімнің, қай шығармасын аударуды жоспарлап отырсыз?

– Мен қазақ прозасындағы әйел­дер бейнесі туралы, қазақ дра­ма­тургиясындағы әйелдер бейнесі жайы­нда мақалалар жаздым. Тек таң қалумен келемін. Батылдық, бәріне үлгеру! Қазақ қыздарының ғана қолынан келетін іс болады. Әлі де осы тақырыпты қаузай бер­гім келеді. Десе де ойлап отырсам балалар әдебиетінен бірде-бір шығарма аударылмаған екен. Ен­ді соны қолға алмақпын. Түрік оқыр­мандары қазақ баласының жан дүниесін де білсін. Қазір Бер­дібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін аудару­мен айналысып жатырмын. Өте қызық. Бұл тек балаларға ар­нал­­ған дүние емес, кеңестік ке­зең­нің қилы қитұрқыларын ба­ла тілімен астарлап айтатын ай­рықша шығарма ретінде де қарауға болады. Мысалы, Қожа айтады: «Мен колхоздың бір атын мініп ауылға барсам, неге маған ұр­са­сыңдар? Колхоз бәріміздікі емес пе? Колхоздағы барлық мал да бәріміздікі емес пе? Бұл советтік кезең емес пе? Советтік кезеңде бәрі бәріміздікі емес пе?» дейді. Бұл жерде мысқыл бар, астар, ке­ке­сін бар. Өте жақсы жазылған. Мен бұл шығарманы аударуға отыр­ған сә­тімді «Қожамен сырласу са­ғат­та­рым» деп атаймын.

– Біз рухани жаңғыру аясында әдеби аударманың жаңа бір кезеңін бастағалы отырмыз. Аудармашы ретінде не айтар едіңіз?

– Аударма мәселесін мемлекет қолға алса, арнайы бір институт жұмыс жасаса деген ой бар. ТҮРКСОЙ мәдениет және өнер са­ла­сы дейді де, әдебиет соның ая­сын­да аз ғана орын иеленеді. Уақытша дүниелерге көп назар аударылып кететін жағдай болады. Халықаралық түркі академия­сы ғылым жағына көптеп көңіл ауда­рады. Мүмкін жазушылар ода­ғы­мен бірлесіп, әдебиет саласын ау­даруды бөлек қарастырса деп ойлаймын.

Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»