• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Тамыз, 2017

«Абай оқулары» фестивалі

516 рет
көрсетілді

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған респуб­ликалық кітапхана, «Көмектес» қайырымдылық қоры және Қазақ зағиптар қоғамына қарасты Мәдениет үйі бірлесе отырып зағип оқырмандар арасында Абай Құнанбаев шығармаларын насихаттау мақсатында алғашқы рет қа­лалық «Абай оқулары» фестивалін өткізді.

Көптің көңілін тербеген кеш қы­­зық­­тылығымен ерекшеленер еді. Оның өн бойында Абай Құ­­нан­баев шығармаларын наси­хаттау арқылы мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеру, қазақ мәде­ниеті, әдебиетіне деген өзге ұлт өкіл­дерінің ықыласын арттыру, қа­зақстандық рухани бірлікті қуат­тау тұрды.

Ағымдағы жылдың тамыз айы­ның бірінші жұлдызында іріктеу ке­зеңіне 25 үміткер қатысып, 12 өнер­­паз қорытынды кезеңге жол­да­ма алған болатын. Ұлы ақын­ның туған күнінде өте­тін Алма­ты қалалық «Абай оқула­ры» фестиваліне үміткерлер 3 жол­да­маны жеңіп алды.  Бәйге қо­ры­­тындысы бойынша төрт тілді еркін меңгерген, экстремал спорт түрі − тауға өрмелеуден Қа­зақ­стан Республикасының чемпионы, Лондонның Реддинг уни­верситетінің түлегі Сейтжан Кен­жеғұл жеңімпаз атанды. Ол  Иран-Ға­йыптың  «Мен ішпеген у бар ма?» атты пьесасынан  үзінді орында­ды. Екінші орынға Абайдың «Көктем» атты өлеңін оқыған орыс ұлтының өкілі  Галина Хмы­ро­ва көтерілді.

Үшінші орынды ұйғыр қызы  За­рина Абдрахманова  иеленді. Сәуле Смағұлова мен  Тойгүл Раджапова «Көрермендер көзайымы» дипломын жеңіп алды, Абай Құнанбаевқа арнап жазған авторлық туындысын оқыған Жамбыл облысы, Жам­был аудандық «Айналайын» қоғам­дық ұйымының  мүшесі Қол­қанат Оңғарбаеваға кітапхана ди­рек­торы ұялы телефон сыйлады. Кі­тап­хана қызметкері Қапиза Ай­шуақова  Абайдың 37- қара сөзін оқып, 10 000 теңге көлеміндегі серти­фи­катқа ие болды. Қалған қаты­су­шылардың барлығы «Абай оқу­лары» атты зағип жандар ара­сын­да өткізілген қалалық фестивальде жоғары шығармашылық жетістіктер  көрсеткені үшін дипломдармен марапатталып, шағын сыйлықтар табыс етілді.

Онымен қатар осы шара аясында «Абай айнасы» атты кітап көр­месі ұйымдастырылды.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ