• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2017

Батыр тұғырға қонды

469 рет
көрсетілді

Қарағанды қаласының Октябрь ауданында орналасқан республикалық әскери-техни­калық мектеп 1982 жылдан Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың есімімен аталады.

Жуырда аталмыш мектеп жанында жерлес батырға мүсін орнатылды. Мүсіннің авторы – сәулетші Эли Качуев. Салтанатты шара­ға батырдың туыстары мен қызы Клара Мартбекқызы Ма­мыраева, сонымен қатар қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, Октябрь ауданының әкімі Әлім­жан Қанаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Аймағамбетов қатысты. 

Қ.Бексұлтанов мұндай іс-шаралардың ескерткіш жанында ұйымдастырылуы пат­риоттық тәрбие беруде өте маңызды екенін атап өтті. Айта кетейік, тұғырға қонған тұлға ерлік істерімен ел есінде қалған даңқты батыр. Ол 1908 жылы 2 наурызда №20 ауылда (қазіргі Қарқаралы ауданының Ақжол ауылында) дүниеге келген. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Днепрді алуда танытқан әскери ерлігі үшін Мартбек Мамыраевқа КСРО Жоғары Кеңесі Прези­диумының Жарлығымен 1944 жылы 15 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалі берілген. Кеңес әскерінің құрамынан демо­билизацияланған соң Мартбек Мамыраев Киров атындағы шах­тада партия ұйымын бас­қарды, одан кейін Қарағанды қаласының Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, кеншілер астанасы атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланды. Өмірінің соңғы кезінде ол химия-металлургия институтында еңбек етті.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы