• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Тамыз, 2017

Кейкінің кебежесі

1093 рет
көрсетілді

Кейкі батыр Көкембайұлынан қалған жалғыз мүлік кебеже туралы осыдан үш жыл бұрын Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражай басшысы Гүлбану Елтебаева екеуміз Амангелді ауданының Қарасу ауылында тұратын тыл және еңбек ардагері Нұралы Ербосыновтан естіген едік. 80-ге келіп қалған үлкен кісі науқастанып жатқанына қарамастан кебежені осы уақытқа дейін қалай сақтап келгені туралы айтып берді.

 – Біздің үй 1920 жылы Сары­торғайда, Бәшке деген қыстақта отырған, − деп бастады әңгімесін Нұралы атамыз, – түс ауа Кейкі және әйелі Ақжан, інісі Шұбар, атқосшысы татар жігіт төртеуі арып-ашып, жаяулап біздің үйге келіпті. Батыр әкеммен досжар екен. Кейкі: «Ербосын, біздің арбамыз батпаққа батып, бір доңғалағы сынып қалды. Атым тарта алмады. Сен екі атан өгізіңмен алып келуге көмектес. Арбаның үстінде азық-түлік салған кебежеміз бар еді», депті. Сөйтіп, Кейкі, Шұбар, татар жігіті, менің әкем төртеуі барып, арбаның сынған дөңгелегін қыларқанмен шандып байлап, екі өгізбен сүйреп алып келген екен. Кейкі біздің үйде бір күн қонып, келесі күні салт атпен Жыланшық жаққа кетіп қалыпты. Кейкі батыр арбасы мен кебежесін әкеме тапсырып: – Қайта келіп жатсам, өз қолыңнан алармын. Болмаса, бұлар сенде болсын, – депті. Кебеже сол күйі біздің үйде қалып кеткен.

1963 жылы бұл жәдігерді жазушы Ақан Нұрманов іздеп келіп көріпті. Тегі Кейкі батыр жайлы «Құланның ажалы» атты романын жазу үшін дерек жинап жүрсе керек. Жазушы Нұралы Ербосыновтың үйінде үш күн болып, Сарыторғай, Қараторғай, Дәбей бойын аралайды. Кетерінде: «Нұралы, бұл кебеже тарихи дүние ғой. Мұқият сақта! Алла қаласа, бір келгенде өзім алып кетермін», дейді. Бірақ қайта жүздесудің сәті түспейді.

Бүгінгі таңда Кейкі батырдан қалған тарихи жәдігер мұра­жайдың «1916 жыл.Тор­ғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс» экспозициялық залына қойылған. Ағаштан түйін түйген хас ше­бердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Екі есігі, астында тартпасы бар. Тартпасының бетіне «1916» деген жазу ойып жазылып, мүйізден тұтқа орнатылған. Ке­беже алғашында қызыл жосамен, бертінде жасыл түсті сырмен боялған. Тұла бойы сәнді өрнекпен бәдізделген. Кебеженің іші екі бөлікке бөлінген. Биіктігі – 81 см, ұзындығы –53 см, ені –39 см.

Рая КАСЕНОВА, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қызметкері

Суретті түсірген

Сейітқали КАМАЛОВ