Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, сондай-ақ, Қазақстан мен Мысыр елдері арасындағы мәдени қарым-қатынастарды дамыту мақсатында өткен жиналысқа аталған қордың президенті, биылғы жылдың сәуір айында ұйымдастырылған «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов, тарихшы, ғалым Қойшығара Салғараұлы, ғалым Әділ Ахметов, ақын Серік Тұрғынбекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
«Біз осы жолғы «Бабалар ізімен» экспедициясын Мысырдан бастадық. Өйткені оның тарихи себептері де көп. Мысалы, онда сонау XIII ғасырда тұтқынға түсіп, кейін сол елдің билеушісіне айналған, тұтас араб әлемінде аты аңыз тұлға Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты тарихи орында жәдігер, белгілер аз емес. Міне, бір елге құл болып барып сұлтаны болған бабаларымыздың басқан ізі бізге үлгі, рух береді. Біздің білетініміз бір Бейбарыс болғанымен 1253 жылдан 1373 жылдары аралығында Қыпшақ даласынан барған бабаларымыздың ұрпақтарынан Сұлтан Қалауын, Сұлтан Хасан секілді 25 сұлтан шыққан екен. Біздің отарлық орнатқан құлдық сананы емдеудің бірден-бір жолы тарихты білу, ата-бабаларымыздың кім екенін жан жүрегімізбен ұғыну. Бүгінгі ұрпаққа керегі осы», деді Сапар Ысқақов.
Экспедиция жетекшісінен кейін сөз алған Әділ Ахметов «мен алдымен сол құлдық сананың бастауы қайда жатқаны туралы айтып өтейін» деп сөзін әрі қарай жалғады. «Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, коммунистік партия орталық комитеті «Түркология саласында терең зерттеулерді тоқтату керек!» деген шешім қабылдаған. Сол шешім қалай қабылданды, содан бастап түрколог ғалымдар қудалана бастады. Тіпті Радлов пен Орхон-Енисей жазуын ашқан Томсонның кітаптарына сілтеме жасаған ғалымдар қуғын-сүргінді де басынан кешті. Сонда ғалымдар не істеген? «Түрік» деген сөзді жазбай саяси эвфемизмге көшкен. «Түрік» деген сөздің орнына «қазақ», «қырғыз», «башқұрт», «татар», «тува» деген секілді атауларды жазды. Себебі, түркі өркениетінің өте терең, ұлан-ғайыр, ұлы өркениет екенін, бізді содан тамыр үзуге мәжбүрлеу жатыр еді», дей келіп, бүгінгі ғылым мен техника дамыған заманда әлем тілдерін білетін жастардың осы салаға көптеп келуі керектігін алға тартты.
Ал ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Жалпы, адамның таным-түсінігінің толық қалыптасуында кем болса болмайтын үш сана бар, біріншісі – тарихи сана. Ол қоғамның өз тарихи танымын қалыптастырады. Екіншісі – ұлттық сана. Ол халықты ұлттық мүдде тұрғысында топтастырады. Үшіншісі – азаматтық сана. Ол жеке адамның пенделік кірден тазаруға талпынып, парасат биігінде ұлы мұраттарға жетелейді. Біз осы үш сананы белгілі деңгейге жеткізе алмай келе жатырмыз», деп бүгінгі «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында азаматтардың аянбай жұмыс істеуін, нақты нәтижеге керектігін баса айтты.
Жиналыс соңында Сапар Ысқақов Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының шақыртуымен Сұлтан Бейбарыстың тікелей ұрпағы Самия Бейбарыс ханымның Астанаға келгенін, «Бабалар ізі» өзге де мемлекеттерде жалғасын табатынын, сондай-ақ «Хабар 24» арнасымен бірлесіп 40-қа жуық деректі фильм түсірілетінін жеткізді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»