• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 11 Тамыз, 2017

Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы келесі қарсыласы белгілі болды

351 рет
көрсетілді

«Qazaq promotions» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, боксшы Жәнібек Әлімханұлы 9 қыркүйекте Астанадағы кезекті жекпе-жегінде бразилиялық Кармелито де Жезуспен қолғап түйістіреді.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста екінші орта салмақта бақ сынауды жөн көріп, алғашқы жекпе-жегін өткен жылдың қазан айында өткізген еді. Ол Алматыда Қанат Исламның қатысуымен өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті техникалық нокаутпен жеңді.

Бразилиялық боксшы кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, 18-інде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, ол 15 жекпе-жегінде уақытынан бұрын жеңіске жетіп, 5 кездесуде жеңілген.

Айта кетейік, жаңа ережелерге сәйкес, кәсіпқой бокстағы боксшылар AIBA-ның әлем чемпионаттарына және Олимпиада ойындарына қатыса алады. Дегенмен, кәсіпқой бокс ұйымдары өз чемпиондарын Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат бермейтінін хабарлаған болатын.

9 қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында Қанат Ислам (24-0,19КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Қанат бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық атақтарын қорғайды. Осы жекпе-жектің андеркартында 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Олар: Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0,2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0,1КО).