Жасыратыны жоқ, «Солтүстіктің қақпасы» саналатын, ерекше стратегиялық маңызға ие шаһардың кіреберіс келбеті бүгінгі күн талабына сәйкес келмейтіндіктен жұртшылық та, сырттан келген меймандар да жаңартуды қалайтын. Әсіресе, үздік-создық, иін тіресе салынған әрі тозығы жеткен жеке лашықтар қала сұрқын қашырып тұратын. «ДСР» деп аталатын бұл аумақта бүгінде құлаққа жылы естілетін «Жас өркен» шағын ауданы бой түзеп, қаланың ең көрікті орнына айналып келеді. 62 гектар жерде қалай болса солай орналасқан ескі үйлер мен дүңгіршектер сүріліп, олардың орнында зәулім ғимараттар бой түзей бастады. Мұнда бас жоспар бойынша 11 тұрғын үй кешені озық үлгілермен тұрғызылады. Бұл шамамен екі мыңдай пәтер деген сөз. «Казградстрой», «Зерттеу СК», «Көкшетау жанармай базасы» компаниялары 384, 313 және 332 көп қабатты үйлердің құрылысын еңсеріп тастады. Болашақта 9 қабатты прокуратура ғимараты, 4 қабатты оқушылар сарайы, театр, басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызылады. Жарық диодты шамдар ілініп, сәнді қоршаулар орнатылады. Жасыл желектермен көмкеріледі. Айналма жолдың тұсына биіктігі 14 метрге жетеғабыл Қожаберген жырау Толыбайұлының ат үстіндегі ескерткіші алыстан «менмұндалап» тұратын болады.
«Бензострой» десе ат-тонын ала қашатын адамдар енді осы жаққа келуге ынтық. Өйткені, арамшөптер қаулап өсіп кеткен, жаңбыр жауса, топырағы қамырша иленіп қалатын иесіз жер бүгінде адам танығысыз өзгеріп, әдемі қалашыққа айналған. 720 орынды химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, 20-ға жуық көпқабатты үйлер бой түзеп, қоныс тойлар көбейді. Қазір 8 көп- қабатты үй тұрғызылуда. Бұдан тысқары 19-шы шағын ауданда құрылысы қызу қарқын алған көпқабатты төрт тұрғын үйге 3,5 миллиард теңге бағытталған.
Бағдарламаның өзекті бір бағыты – жеке тұрғын үй құрылысын жандандыру. Қаладан шеткерілеу орналасқан «Солнечный» кентінде кезекте тұрғандарға екі мың шаршы метр жер телімдері бөлініп, 200 жеке үйдің құрылысымен төрт компания айналысуда. Инфрақұрылымға 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Ал мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде 7,6 миллиард теңгенің алты ірі жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарына келесі жылы іске қосылатын офтальмологиялық орталық құрамына күніне екі жүзден астам науқасты қабылдайтын емхана, 35 кереуеттік стационар кіреді. Балалар мен ересектерге сапалы офтальмологиялық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. 1 200 орынға шақталған теннис орталығында төрт жабық, үш ашық корт болады.
Былтыр 107 аула асфальтталып, 80 балалар алаңы абаттандырылса, биылғы меже – 100. Мәдениет және демалыс саябағы өзгеше кейіпке енбек. Атап айтқанда, 249 шам, 70 қоқыс жәшігі, 137 орындық, спорттық жаттығу құрылғылары орнатылады. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңы салынып, 2,5 шақырымдық велосипед жолы тартылады. Қураған 2 мың түп ағаш кесіліп, жас көшеттер отырғызылады.
Сөз арасында жолдарды жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарына 12,5 миллиард теңге қарастырылғанын, оның 1,2 миллиарды осыдан 60 жыл бұрын пайдалануға берілген көпірді жаңғыртуға бағытталғанын айта кеткен жөн.
Тұтастай алғанда, биыл тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартуға 5,7 миллиард теңге бөлініп, 1 446 пәтерлі 16 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы