Бүгінгідей күрделі жағдайда әлем барған сайын шапшаң, жедел өзгеріп жатқандықтан, жаңа жаһандық қарқынға ілесе отырып елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің тұрлаулы моделін қалыптастыруға атсалысу – бәріміздің абыройлы борышымыз. Бұл Петропавл ауыр машина жасау зауыты /ПАМЖЗ/ үшін де басты бағдар саналады. Соңғы 30 жылдың ішінде 40 миллиард теңгеге жуық өнімдер мен бұйымдардың республикамен қатар, одан тысқары жерлерге жөнелтілуі бәсекелестік қабілетіміздің шыңдалғанын көрсетеді. Жыл өткен сайын өндіріс қуаты да, еңбек өнімділігі де артып келеді. Ұжымда 1200-дей адам жұмыс істейді. Жастардың қатары толыға түсуде. Халықаралық стандарттарға сай озық технологиялар негізінде мұнай-газ өндіру, өңдеу, мұнай-химиялық, химиялық, энергетикалық, тағы басқа салаларға мамандануымыз, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алуымыз сапа менеджментін сәтті меңгергенімізді, бәсекелестік ортаға бейімделгенімізді аңғартады.
ПАМЖЗ Кеңес одағы кезінде қорғаныс өнеркәсібі саласындағы қуатты зауыттардың бірі болатын. Жақын және орта қашықтыққа ұшатын зымырандар кешені, әскери қару-жарақтың өзге де түрлері шығарылды. Ал бүгінгі күні зауыт осы заманғы технологиялармен жабдықталған көп салалы кәсіпорын ретінде танымал. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енгелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларына үзбей қатысып, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірыңғай жүйе тізбесі қалыптасты. Әскери-өнеркәсіптік кешен жүйесінде зауыттың алар орны ерекше. Кезінде зымырандар мен олардың құрама бөліктері, жер үсті жабдықтары мен түрлі типтегі зымыран кешендері шығарылды. Мысалы, «Темп-С» кешені баллистикалық зымыранының, «Точка» және «Точка-У», «СКАД» кешені зымыранының бірінші, екінші сатыларының қозғалтқыштары, бастапқы агрегаттары, «Ливень» кешенінің қайыққа қарсы гравитациялық снарядтары, зерттеу және метеорологиялық зымырандары құрастырылды. «Ока» зымыран жедел-тактикалық кешенінің алғашқы іске қосу қондырғылары мен көліктік-оқтау машиналары жиналды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.
Елбасы Қызылжар өңіріне келген іс-сапарларында зауытқа соқпай кетпейтін. Мемлекеттік маңызы зор отандық индустрияға жан-жақты қамқорлығының арқасында кәсіпорынға ірі көлемде қаржы бөлініп, конверсия жасалды. Сосын өнеркәсіп, энергетика, теміржол, тау-кен салалары үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, халық тұтынатын тауарлар шығаруға әртараптандырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұжым алдына қойған бір талабы – мұнай айыратын зауыттарға, мұнай өндіру, оны өңдеу салаларына арнап жаңа жабдықтар шығару еді. Бұл тапсырма да абыроймен орындалды. Қазіргі уақытта күрделі мұнай техникасының, өнімдердің, қосалқы бөлшектердің, агрегаттар мен тораптардың үш жүзден астам түрі жасалып, отандық, шетелдік компанияларға жөнелтіледі. Бұған дейін әскери-өнеркәсіптік кешен саналсақ, енді шығарылатын өнімдердің сапасына қатысты ең үздік әдіс-тәсілдер таңдап алынып, нәтижесінде ИСО 9001 мемлекеттік және EN ISO 9001-2008 халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендірілген сертификаттарға ие болдық. Соңғы жылдары зауыт 1400-ге жуық қондырғылармен жарақтандырылса, оның үштен бірі – жоғары өнімді құрылғылар. Техникалық парк бір миллиард теңгеге ауыстырылды. Жылдық қуаттылығы 1,5 мың тоннаға тең энергетикалық қазандықтарды жасау жобасы игерілді. Мұның өзі қазақстандық мазмұнның үлесін арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік берді. Ресейдің солтүстік аймақтарындағы кен орындарында бес мың метрлік тереңдікке дейін жүргізілетін бұрғылау жұмыстарына арналған жоба жүзеге асырылды. Көтеру қуаттылығы 116 тонна болатын гидроцилиндрге тапсырысты «Уралмаш НГО Холдинг» компаниясы берді. Қазақстанның теміржол тасымалына да қосып отырған үлесіміз көп.
Жолдауда жаңа нарықтарға шығып, өнім өткізу көздерін кеңейту жолдары айқындалды. Ел экономикасында машина жасау өндірісінің рөлі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Зауыттың өндіріс аумағының 30-40 пайызы мұнай-газ өнеркәсібіне, осынша мөлшері мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия өндірісіне, 10-15 пайызы энергетикаға, 5-10 пайызы теміржол саласына бағытталған. Өндірісті технологиялық жаңғырту бағдарламасы шеңберінде «Теңізшевройл», «Синопек», «Марубени» секілді танымал компаниялармен бірқатар келісімшарттар жасалды. Жаңашылдық ізденістердің арқасында 150 қондырғы сатып алынып, іске қосылды. Павлодар мұнай-химия, Атырау мұнай өңдеу зауыттарымен іскерлік қарым-қатынас одан әрі жалғасады. Қазақстан теміржолының, жылу-электр кәсіпорындарының тапсырыстары да қомақты. Басты бір бағдарымыз – өнімдерді сыртқы нарыққа шығару. Олардың қатарында АҚШ-тың, Германияның, Жапонияның, Қытайдың, Голландияның фирмалары бар. Зауытқа Қорғаныс министрлігі айтарлықтай қолдау көрсетіп, арнайы техникаларға тапсырыс беріп отыр. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатынан туған мұндай ұсыныстар бірінші кезекте орындалады. Былтыр үш миллиард теңгенің өнімдері шығарылса, келешекте отандық өнім көлемін 45-60 пайызға дейін арттыру белгіленген. Бұл – орындалатын меже.
Техникалық қайта жарақтандыру және жаңғырту бағдарламалары, индустрияландыру, инвестициялық жобалары дәстүрлі салаларды дамытуға ерекше серпін берері анық. Жолдау талаптары бізді осындай асқаралы асуларды бағындыруға үндейді.
Қуаныш БИШІМОВ,
Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Солтүстік Қазақстан облысы