• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2011

Қолайлылық және қуаныш сыйлаған жоба

353 рет
көрсетілді

Алматыда 2011 жылдың 5-8 қазан күндері ара­лығында «Мұнай және Газ – KIOGE 2011» атты 19-шы Қазақстанның халықаралық көрмесі болып өт­ті. «Атакент» көрмесінің 5 павильонында 25 мемлекет өздерінің 450 экспозициясын паш етті. Экспозициялар аясында KIOGE 2011-дің конфе­ренциясы болды. Форум жұмысына 750-ден астам делегат қатысып, 9 отырыс пен дөңгелек үстел барысында 40-тан астам беделді баяндамашы бағ­дарлама бойынша сөз сөйледі. KIOGE 2011 көр­месінде 6 мемлекет: Германия, Италия, Канада, Қытай, Ресей, Франция өздерінің ұлттық стенділерін көрсетті. Экспозициялардың үштен бір бөлі­гін отандық 150 компания иеленді. Өткен жылмен салыстырғанда KIOGE көрмесі кеңейген. Бірқатар компаниялар көр­меге бірінші рет қатысты. Ұлттық топ­тардың саны артты, павильоннан тыс экс­по­зициялар аясы кеңейді. Бұрынғы жыл­дармен салыстырғанда, конференция бағ­дар­ламасы негізінен коммерциялық бағыт­та өтті. Оның шеңберінде Қытайға арнал­ған «Шығыс бағыты бойынша» атты ар­наулы отырыс өткізілді. Бұл оқиғаның маңыздылығын оған қа­тысушылардың құрамынан-ақ байқауға болады. Олардың ішінде жылына 190 миллиард текше метр газ өткізетін 11 мың ша­қырымға созылған газ тасымалдау құбыр­лары бар еліміздегі негізгі газ тасымалдау жүйесін бақылайтын «ҚазТрансГаз» АҚ бар. Бүгінде «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақ­стан­ның газ тасымалдау саласын әртараптан­дырып, оның пайдалану дәрежесін әлемдік стандарттарға жеткізді. Компания қазақ­­стан­дық экономиканың елеулі де ажыра­мас бөлігіне айналып, халықаралық ры­нок­та берік орнын иеленді. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың газ тасымалдау жүйесін дамыту жөніндегі басқарушы директоры Әуезхан Уромбаев эксклюзивті сұхбат барысында былай деді: – Бүгінгі таңда «Мұнай және Газ – KIOGE 2011» халықаралық көрмесі мұнай және газ саласы қызметкерлерінің нәтиже­лі қарым-қатынас және пікір алысу ала­ңына айналды. Менің ойымша, бұл көрме әртараптандыру және жаңа технологиялар саласы бойынша тәжірибе алмасу үшін өте пайдалы болып табылады. Көрмеге келген көптеген шетелдік компаниялардың бүгін­гі таңдағы жоғары технологиялық газ құ­бырларын салу саласындағы тәжірибесі жан-жақты және өте пайдалы. Көрме жұ­мысының барысында құрылыс саласын­дағы шетелдіктердің өскелең тәжірибе­ле­рін үйреніп, жаңа материалдар, технология­лар және жабдықтар туралы толық мағлұ­мат алуға болады. Біз газ саласы үшін материалдар мен қондырғылар өндіретін ком­паниялармен ал­­­дын ала келісім жасауға дай­ындалдық. Со­ны­мен бірге біз еліміздің экономикасына пайда әкелетін жаңа кездесулерге, жаңа іскерлік бай­­­ла­ныстарға дайынбыз. Өздеріңіз білесіздер, біз Қытай Халық Республикасымен бірлесе отырып, Қазақстан жерінде «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистралдық газ құ­бы­­рының екінші кезеңінің құрылысын бастадық. Қазір техникаларды жұмылдыру шаралары жүріп жатыр. Жаңа газ құбы­ры­ның ұзындығы 1475 шақырымға созыла­­ды. Оның бағыты Маңғыстау облысының Бейнеу кентінен басталып, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының Шымкент қаласына дейін созылады. Осы жерде газ құбыры «Қытай – Орталық Азия» газ құбырына жал­ғасады. Газ құбырының жобалық өткі­зу қуаты жылына 10 миллиард текше метр болса, болашақта оны 15 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға болады. Оның құ­ры­лысы екі кезең бойынша жүргізіледі. Бас­тапқыда ұзындығы 1164 шақырымға созылатын «Бозой – Шымкент» учаскесі және Бозой кентіндегі компрессор стан­са­сы салынады. Бұл учаске 2013 жылы пай­далануға берілмек. Содан кейін ұзындығы 311 шақырымға созылатын «Бейнеу – Бозой» учаскесі және компрессор стансасы пайдалануға беріледі. Бұл газ құбыры Қа­зақстанның Оңтүстік өңірлері тұрғын­да­ры­ның экономикалық мүмкіндіктерін арт­ты­ру және Ақтөбе облысының кен орын­да­рынан алынған көмірсутегі шикізатын тасымал­даудың сенімділігін нығайту, соны­мен бірге Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау көле­мін арттыру үшін жүзеге асыруда. Жақында Түркістан қаласында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры жү­йе­сінің алғашқы құбырларын дәнекерлеу бойынша салтанатты рәсім болып өтті. Сонымен бірге «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» газ құбыры қазақстандық газ магис­тралын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіру шарасын жүзеге асырады. Бұл газ құбырының бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін зор маңызы бар. Газ құбырының желісі Маңғыстау, Ақ­төбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтары бойынша өтеді. Құрылыс жұмыстарына 3500 қазақ­стан­дық маман тартылып, оны пайдалануға бер­ген сәттен бастап 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сөз жоқ, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбыры Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­ма­сымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы нағыз «халықтық» құрылыс болып табы­лады. Оны жүзеге асыру республика­мыз­дың табиғи газ өндірудегі жоғары әлеуетін көрсетсе керек. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың басты мақсаты – 1475 шақырымға созылған осы магис­тралдың құрылысын салып, қазақстандық тауар өндірушілерді кеңінен жұмылдыра отырып, қажетті технологиялық және әлеу­меттік инфрақұрылым жасау. Қиын­дық­тар­ға қарамастан бұл жобаның бірінші кезеңі 2013 жылы іске қосылады. Нәти­жесінде, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры елі­­­міздің аумағы бойынша өтетін барлық негізгі газ магистралдарын біріктіріп, бі­рың­ғай газ тасымалдау жүйесін құ­рады. Белгіленген осы күрделі міндетті жүзеге асыру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ-тың толық мүмкін­дігі бар. Атап айтқанда, кә­сіби мамандар, мықты материалдық-тех­ни­калық база және қаржылық әлеует те жеткілікті. Жобаның жал­пы инвести­ция­лық құны 3,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Бұл шығын алда тұрған міндеттер мен мақ­сат­­­­­тар аясында толық ақталады.

Анна ЭЛАС.