Автопарктің ерекшелігі – қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.
– Қаламызда халықты баспанамен қамту, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту секілді ең маңызды салаларда мақтанышпен айтарлықтай ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде басты жетістіктеріміздің бірі – қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасын дамыту мақсатындағы жобалар. Міне, осындай маңызды жобаларымыздың тағы бір нәтижесі – қоғамдық көліктерді күтіп-ұстауға, техникалық қызмет көрсетуге арналған қалалық автобус паркі пайдалануға берілгелі тұр, – деді Қырымбек Көшербаев.
Жаңа автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болуы үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Автобус паркінің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды және 200 автобусқа шақталған. Автобус паркі 250-300 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Мұнымен қоса, ағымдағы жылы жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің, газдың бағаларының біршама қымбаттауына байланысты, жолақы тарифтері қайта қаралды. Ендігі кезекте, орта сыйымдылықтағы 100-150 жаңа автобус сатып алынып, билеттік жүйе толыққанды енгізілетін болады. Сөйтіп, облыс орталығында қоғамдық көлік қызметі толығымен жаңартылады.