• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Тамыз, 2017

Шулы видеодан кейін Астанада 35 тонна шіріген қарбыз жойылды (видео)

365 рет
көрсетілді

Өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекция әлеуметтік желіні шулатқан шіріген қарбыздарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекция басқармасының басшысы Сымбат Қалиасқаров жалпы салмағы 35 тонна қарбыз сатылымнан алынып, жоюға жіберілгенін мәлімдеді.

«Бұл өнімді сатылымнан алғыздық. Өнімнің сатылымнан алынуы оның тез арада жойылатынын білдіреді. Біздегі ақпаратқа сәйкес, аталған өнімнің жалпы салмағы 35 тоннаны құраған», – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қауын шыбыны белең алды.

«Жыл сайын қауын шыбынымен күресуге қаржы бөлінеді және оларды ауыздықтау мен жою үшін карантиндік шаралар жүргізіледі. Бәлкім, бұл қарбыздар қауын шыбынынан бұзылған шығар», – деп атап өтті С.Қалиасқаров.

Сонымен бірге, мемлекеттік инспекция өкілі қарбыздардың бұл партиясының сертификатталмағанын хабарлады.

«Өсімдіктер карантині туралы заңға сәйкес, ҚР аумағына тараған карантиндік объектілердің тізімі бар. Бұл тізімде қауын шыбыны да көрсетілген. Карантинге жатқызылған өнімді облысаралық тасымалдаудың өз тәртіптері бар. Оны тасымалдау үшін карантиндік сертификат болуы міндетті. Бұл жағдайда 35 тонна қарбыз сертификатсыз тасымалданған», – деді ол.

Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Астана базарларының біріне жеткізілген шіріген қарбыздар туралы бейнежазба тарады. Онда ақ халатты әйел қарбыздарды кесіп көрсетіп, олардың жеуге жарамсыз екенін айтады.