Ол кісінің ойлары көбіне-көп көкейіме қона кетеді. Айталық, әнеукүнгі бір сөзі: «Ұлтыңа жасаған екіжүзділік жақыныңа жасаған екіжүзділіктен жүз есе ауыр күнә. Анау бір қарияға қараңызшы... Кемпірінің қасында кеңк-кеңк күліп, басын шалқайтып отыр ғой. Әне, сол қарияға ұлт туралы, тіл туралы, дін туралы айтсаңыз, қоштай кетеді. Кейде тіпті, суырылып сөйлеп, тіл басқармасын сөге жөнелетінін қайтерсіз. Ал содан соң өзі... жанына жүгіріп келіп, етегінен тартқылай бастаған кішкентай немересіне қарап: «Сыночек, подожди. Ты же видишь, что дедушка разговаривает», деп ескерту жасайды. Бұл... бұл дегеніңіз сорақылық қой!»
Келіспей көріңіз. Айна-қатесіз шындық. Тағы бірде... тағы бірде деймін-ау, таяуда ғана: «Ұлттық код бір ғана цифрдан тұратын болса, ол – тіл, – деді. – Себебі, ұлттың тілін білген адам ғана оның жан дүниесін аша алады. Келісесіз бе?» Мен әрине, басымды шұлғимын. Өйткені, оның айтып тұрғаны – ақиқат. Дегенмен... «Ал егер бірнеше цифрдан тұратын болса ше?» деймін.
«Онда ұлттық өнер, салт-дәстүр деп, тағысын-тағы жалғастыра беруге болады. Бірақ, ұлттың жанын тілін ұққанда ғана түсінесің», дейді ол. Міне, осы кісімен кеше тағы да жолығып қалдым. Бұл жолы, неге екені, біртүрлі жалтақтап, менің көзіме тура қарай алмай, жанарын алып қаша бергендей көрінді.
«Мен... мен бір нәрсені анық түсіндім, – дейді терең күрсініп. – Тәуелсіздік дегеніміз – мәңгілік күрес екен! Білесіз бе, немеремнің тілі орысша шығыпты. Тіпті, соны өзім де байқамай қалдым. Осыдан біраз күн бұрын саябаққа ертіп барып ем. Бір кезде әлгі батутқа қарай тұра ұмтылып: «Аташка, пошли быстрее!» деп сүйрей жөнелмесі бар ма мені.
Аузым ашылды да қалды. «Әй, бұның тілі қалай-қалай шыққан-ей?!» деймін аң-таң болып. Содан кеп әке-шешесіне шүйлігейін. Олар болса, азар да безер боп: «Жоқ, біз үйде қазақша ғана сөйлейміз», дейді. Сонсоң анда-санда балабақшадан алып кететін нағашы апасына телефон соғайын. О кісі де: «Менің баламен орысша сөйлескенімді қашан көріп едіңіз?» деп ренжиді.
Ау сонда... Бұл балаға тіл үйретіп жүрген кім деймін ғой. Сөйтсем, келін бала бірдеңені біледі екен. «Күні бойы «Ти-Жи» көреді балаңыз. Мүмкін, содан үйренген болар», дейді.
Ал «Ти-Жи» дегеніңіз әлгі күндіз-түні мультфильм көрсететін телеарна емес пе. Міне, сол біздің баланы...»
Мен осы сәтте шыдай алмай оның сөзін бөліп: «Бұл сіздің ғана проблемаңыз емес,» деп қалдым. Ол маған таңдана қарап, қабағын түйді. «Рас айтам, – дедім. – Таяуда ғана бір журналист келіншектің фейсбуктегі парақшасынан оқыдым. Ол да: «Біздің балаларымызға бұл күнде тіл үйретіп, тәрбие беріп жатқан – күндіз-түні орыс тілінде мультфильм көрсететін арналар», деп жазады.
«Содан бері, – деді ол әңгімесін жалғап, – немереме өзім тіл үйретіп жүрмін. Ол бір ауыз орысша сөз айта қалса, табан астында қазақшаға тәржімалаймын. Кейде өзі де сұрайды. Мысалы, «Человек паук» дегенді қалай айтам?» дейді. Мен оған: «Өрмекші адам» деп түсіндіремін. Ал кейде, аудара алмай қалатын кездерім де болады. Айтыңызшы, осы мультфильмдерді аударуға бола ма өзі?..»
«Болады ғой. Бірақ, сол қажет пе екен?» деймін қарсы сауал қойып.
«Білмеймін. Бірақ, мына балалар ылғи да соны көреді. Басқа арнаға ауыстырсаң, көзінен жас парлап шыға келеді... Қайтсек екен?»
«Балапан» арнасы ашылғанда қуанып ек...»
«Бірақ, ол аз болып тұр ғой. Әлгі «Ти-жимен» салыстырғанда біздің арналар мультфильмге мүлде кенде. Әй, болмас... Болмас бұлай. Тәуелсіздік дегеніміз – мәңгілік күрес қой, күрес.»
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»